Көлікті 5 минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салу мәселесі қайта қаралуы мүмкін, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Бұл заң нормасы қоғамда қызу талқылынып, көпшіліктің наразылығын тудырып жатыр.
Әділет вице-министрі бұл талаптың қандай жағдайда қайта қаралатынын түсіндірді. Ботагөз Жақселекованың сөзінше, егер бұл мәселе депутаттар тарапынан көтерілсе, қайта қаралады.
Мәжілісте көлікті 5 минуттан артық қыздыруға қатысты нормаға қарсы шығып, депутаттық сауал жолданған болатын. Ал Ішкі істер министрлігі бұл талаптың 20 жылдан бері бар екенін еске салған еді.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген барлық өзгерту тиісті ведомствоаралық комиссияда қаралады. Оның жұмысын Әділет министрлігі қамтамасыз етеді. Комиссия құрамында мемлекеттік орган өкілдерімен қатар Парламент депутаттары, ғылыми қауымдастық өкілдері бар. Осы орайда депутаттық сауал жолданса, мәселе көтеріліп, талқыланады. Нәтижесі қосымша жарияланады деп ойлаймын», — деді ҚР Әділет министрінің орынбасары Ботагөз Жақселекова.
Айта кетейік, заң нормасы 20 жыдан бері бар болғанына қарамастан, осы уақыт ішінде ешқандай айыппұл салынбаған. Алайда Петропавл тұрғыны бұл дәстүрді бұзды. Алғашқы айыппұл иесі анықталды. Ол әлеуметтік желіде әкімшілік протоколдың суретн жариялап, көлігін 5 минуттан артық қыздырғаны үшін айыппұл арқалағанын жазған. Желі қолданушылары заң нормасын халықты қанау деп санайды. Қаһарлы қыс мезгілінде көлікті бес минут қыздыру ақылға қонымсыз екенін алға тартады.
Еске сала кетейік, елімізде қыс уақытында көлігін 5 минуттан артық қыздыруға тыйым салынған. Кері жағдайда айыппұл қарастырылған. Бүгінгі таңда айыппұл сомасы — 19 660 теңгеге тең.
Аталған бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс азаматтардың шағымдары келіп түскен кезде және заң бұзу туралы дәлелдер болған кезде ғана қозғалады.