Қазақ Футболының болашағы болады деп үміт артып жүрген 16 жасар Дастан Сәтпаев келесі апта «Челсиге» ауысады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Дереккөздерге сүйенсек, Дастан Сәтпаевты «Челси» сатып алып қойған, ресми түрде келесі аптада жария етіледі.
«Манчестер Сити» сатып алған өзбек баласы жөнінде жазып отырып, «қазақтан ондай бала туа қоймас» деп қынжылған біраз азаматтар болды.
«Сол «Манчестердің» U16 құрамында ойнап жүрген қазақ баласы туралы білетін едім, үндемедім. Тіл, көзіміз тасқа, о бала да өзін дәлелдеп, бір жерден жарып шығады. Ал, мынау Дастан Сәтпаев деген жігіт, лондондық клуб скауттарының назарына ілікке, алматылықтармен шарт-шұрт қол алысып, қағаздасып, келісімге жеткен. Содан кейінгісін өздерің білесіңдер, «тарих» деп отыратын күнге жетейік. Жолың болсын, Сәтпаев — фамилияң үшін де жарқылдауға тиіссің», — деп жазды журналист Алмас Алтай.
Алайда қазақ қоғамының ниеті тар екені байқала бастады. Қазаққа алыстан жау іздеп керегі жоқ. Қазақ Футболының болашағы болады деп үміт артып жүрген 16 жасар Дастан Сәтпаев келесі апта «Челсиге» ауысады деген жаңалық пост кеңестік елдерге тарап кетті.
«Сол жаңалық туралы пабликтердің астында баяғы өзіміз. «Ой, ол ойнай алмайды, қайтып келеді. Бір байдың баласы шығар. Доп тасып тұрмаса. Су таситын шығар. Көкесі мықты болып тұр ғой» деген пікірлерді жазып отырған қазақтар үшін ұялдым. Оу, сен оның бір ойынын да көрген жоқсың ғой? «Челси» 16-дағы баланы негізгі құрамға, Пальмердің орнына алып жатқан жоқ қой. Он алты жас деген академия үшін кәрі саналады. Бірақ, «ақсүйектер» балаға сенім артып жатыр. Онда үміт бар деген сөз. Елдің бәрі Ламин Ямаль емес.
Қайта өзбек, қырғыз бауырлар тілеулестігін білдіріп, жақсы пікірлер жазып жатыр. «Әлі жас, шыңдалады. Тәжірибе жинайды. Жерге ұра бермесеңдерші» деп, қазақтарға басу айтып отырғандарына бір жағынан намысым келді.
Ағайын, балаға көмегің тимесе де аяғынан шалма. «Балам дейтін жұрты болмаса, жұртым дейтін балам қайдан болсын» деген Ахаңның сөзі аксиома. Сәттілік, Дастан! Қазақтың да АПЛ-да доп тебуге таласы бар шығар», — деп шүйлікті блогер Оңғар Қабден.