Аталған дерттен екі жыл ішінде 300-ден астам жылқы қырылған, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
«Карантиндік аймақта Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті эпизоотикалық ауруларға қарсы республикалық жасағының мамандары жұмыс істеуде. Олардың міндеті — бес күнде бір рет ірі жылқы үйірлерін айналып өтіп, клиникалық расталған ауруы бар жануарларды оқшаулау. Әр он бес күн сайын ат қораларда дезинфекция жасау. Біз бұл жұмыстардың барысын бақылап отырмыз», — деп түсіндірді ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекция басқармасының басшысы Дархан Иманбаев.
Төрткөл ауылының тұрғыны Мәдениет Жұмаділдәнің 20 бас малы қырылып қалған. Сонымен қатар фермер жылқыларын емдеуге де қыруар қаражат жұмсағанын айтады.
«Өткен жылы 10 бас қырылды. Биыл тағы он жылқымнан айырылдым. Әлі де кейбір жылқыларым ауырып жатыр. Оларды емдеу және үнемі күтім жасау керек. Бұл қаншама шығын. Бірақ басқа амал жоқ. Әйтпесе, барлық үйірімізден айырылып қаламыз», — дейді Мәдениет Жұмаділдә.
Африкалық жұқпалы дерт негізінен тұяқты жануарлар арасында тарайды. Сарапшылардың пікірінше, ауруды жұқтырған жылқыларда жара пайда болады, содан кейін олар іріңдеп кетеді екен. Төрткөл ауылының тұрғындары, егер жауапты органдар қырылған малдың шығынын өтеу процесін жеделдетпесе, құзыретті органдарға жүгінбекші.