Жоба аясында жеке және топтық психологиялық сессиялар өткізілді. Әртүрлі жастағы және әлеуметтік санаттағы адамдар өз жағдайында аса қажетті көмек ала алды. Қатысушылардың айтуынша, тіпті бір сессияның өзінің пайдасы тиген, ал одан әрі жұмыс қиындықтан шығуға деген үміт ұялатқан. Көпбалалы аналар, қарт адамдар, дағдарыс кезеңін бастан өткерген ерлер мен әйелдер қалпына келу жолындағы оқиғасын айтып, қолдау үшін алғыс білдірді.
«Бұл дер кезінде жүзеге асқан өте маңызды жоба. Алғашқы сессиядан-ақ адамның бойынан оң өзгеріс байқадық. Жоба соңында көптеген қатысушы алғыс айтып қана қоймай, бізбен жұмысты жалғастырғысы келді», — дейді жоба жетекшісі Л. Сұлтанбаева. Бұған қатысушылардың көптеген пікірі дәлел.
«Бұл жоба маған және қызыма нағыз құтқарушы болды. Біз осы қиын кезеңнен психологтар мен тренингтердің арқасында өттік. Осындай бастамалар бізге әрдайым қажет», – деді құлсарылық көпбалалы ана Салтанат. «Жобаның арқасында балам тегін массаж бен психологтың сабақтарына қатысты. Мұндай көмек үшін мың алғыс!», – деді тағы бір қатысушы Мөлдір.
Жоба эрготерапия, массаж, оттекті коктейль және емдік дене шынықтыру жаттығуы сияқты оңалтудың инновациялық тәсілдерін де ұсынды. Бұл әдістер қатысушылардың жеңілдік сезімін сыйлаумен қатар, денсаулығына көңіл бөле бастауына да ықпал етті. «Сабақтан кейін өзімді жиырма жасқа жасарғандай сезіндім. Бұл іс-шаралар маған екінші өмір сыйлады», – деп әсерін бөлісті жобаның егде жастағы қатысушысының бірі.
«Ой-сана» бірлестігі мұнымен шектелмей, жобаны елдің өзге өңірінде де жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Географияны кеңейту және жаңа демеушілерді тарту көптеген адамға дағдарыстың салдарымен күресуге және қалпына келу үшін ішкі ресурстар табуға көмектеседі.
Бұл жоба уақытылы көрсетілген көмектің адам тағдырын өзгерте алатынына жарқын мысал. Жетекшілер мен қатысушылар бұл бастаманы жүзеге асыруға мұрындық болған Нұрсұлтан Назарбаев Қорына шынайы ризашылығын білдіреді. Қатысушылардың алғысы мен жетістігі туралы әңгімелері қамқорлық пен көмектің адамның болашаққа деген сенімін арттыратын үлкен күшке ие екенін растайды.