Елімізде картоп мәселесі күн сайын ушығып барады. Үкімет мәселені шешу үшін қабылдаған бірінші шешімі экспорттауды тоқтату болса, екінші қабылдаған шарасы одан да қызық. Картоп мәселесі қалай шешілмек? Caravan.kz медиа порталы толық тарқатады.
Сауда министрлігі 22 қаңтарда, картоп бағасы Small және Magnum сияқты сауда желілерінде 280 және 185 теңге аралығында сатылып жатқанын хабарлады. Алайда жүргізілген мониторинг көрсеткендей, аталған орындарда министрлік белгілеген баға жоқ. Ол жерде бір келі картоптың бағасы — 450 теңгеден басталады.
Болжам бойынша көктемде картоптың бағасы — 750 теңгеге жетуі мүмкін. Сарапшылар бағаның өсуіне климаттық жағдай және доллар әсер етуде дейді. Туындаған мәселелерді Үкімет екі жолмен шешуге кірісті. Біріншіден экспорт тоқтатылды. Яғни ферма иелері табысынан қағылады деген сөз. Екіншіден енді картопты шамадан тыс қолдануға тыйым салды.
Астанада кейбір дүкендерде бір адамға 5 келіден артық картоп сатылмайтын болды. Қаланың инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы «Small» және «Spar» желілеріне осындай шектеу енгізді. Басқарманың мәліметіне сүйенсек, үйдің жанындағы дүкендерде қайта сататын алып-сатарлардың жолын кесу үшін сауда желілерінде бір адамға 5 келіден артық картоп сатпау туралы уақытша шектеу еніпті. Ал базардағы жағдай қалай реттеледі? Ол белгісіз. Себебі алып- сатушылардың аяқтары дүкендерді баспайды.
Бұл ретте саясаттанушы Кирилл Павлов Үкіметтің шарасын сынға алды.
«Мен билікке өзгеше, бұдан да тиімді шара ұсынғым келіп отыр. Халыққа бір айда тек бір келі картопты тұтынуға шектеу енгізуді ұсынамын. Одан бөлек ет пен күрішті де солай белгіліп қойсаңыздар болады. Ал егер халық талапты орындамаса, айыппұл салыңыздар. Бұл шара Үкіметке де тиімді, қазынаны айыппұлдар арқылы толтырасыздар», — деп шүйлікті тәуелсіз журналист.