Жексембек Еркімбековтың 95 жылдығы атап өтілді - kaz.caravan.kz
  • $ 517.84
  • 543.11
-6 °C
Алматы
2025 Жыл
27 Қаңтар
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жексембек Еркімбековтың 95 жылдығы атап өтілді

Жексембек Еркімбековтың 95 жылдығы атап өтілді

Күні кеше Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының үлкен залында ҚР Мемлекеттік және қоғам қайраткері Жексембек Еркімбековтың 95 жылдығына арналған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, композитор, пианист Серік Еркімбековтың «Отаным» атты авторлық кеші өтті.

  • 25 Қаңтар
  • 20
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Талантты композитор Серік Еркімбеков өзінің авторлық кешін әкесі, еліміздің мәдениетінің дамуы жолында еселі еңбек еткен Жексембек Еркімбековтың 95 жылдығына арнады.

Концертте дирижер Қанат Омаровтың жетекшілігімен Т. Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бейімбет Демеуовтің жетекшілігімен Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы және де Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев, Мемлекеттік «Дарын»  сыйлығының лауреаты – Асқар Мұқият, Париждегі халықаралық байқаудың лауреаты (Гран При) — Нұргүл Нүсіпжан, Халықаралық байқаудың лауреаттары: Гүлнұр Саргизова, Ақынер Айлин, Шыңғыс Нұрғалиұлы, Аружан Төлепберген және К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған РММОМИ скрипкашылар ансамблі өнер көрсетті.

Концерттік бағдарламада композитор Серік Еркімбековтыңоркестр мен хорға арналған үздік шығармалары «Шәкәрім» симфониясы, «Мәңгілік алау» балетінен пролог және тағы да басқа туындылары орындалды.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор Серік ЕРКІМБЕКОВ:

— «Биылғы жыл өздеріңіз білесіздер, мейрамға толы. Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясына 90 жыл, Бақытжан Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласына 90 жыл. Бәрі де мәдениетіміздің үлкен тойлары боп есептеледі. Бүгінгі концерт – өзімнің авторлық кешім. Әкем — мемлекеттік қоғам қайраткері, 10 жылдан астам Мәдениет министрі болған Жексембек Еркімбековтің 95 жылдығына арналып отыр. Концерттік бағдарламаға бір жылдан бері дайындалдық. Кеште Мемлекеттік симфониялық оркестр мен хор және арнайы Астанадан келген солистеріміз өнер көрсетті. Көрермендер қатарынан әкемнің замандастары, белгілі композиторлар мен өнер иелері табылды».

Театртанушы, өнертану кандидаты Амангелді МҰҚАН:

— «Бүгін Жексембек Еркімбековтың 95 жылдық мерейтойы болып жатыр. Соған арнап белгілі композитор, ол кісінің ұлы Серік Еркімбеков өз концертін беріп жатыр. Біз жас кезімізде бұл кісіні көрдік, көп қызметте болды. Соның ішінде үлкен қызметі бұл — Қазақстанның мәдениет саласында қызметінде жанашыр болып, мәдени дамуына еңбегін көрдік. Жексембек ағаның қазақ өнеріне ол профессионалды немесе дәстүрлі өнердің дамуына көп жұмыстар істеді. Атап айтсақ, Республика сарайынан бастап, театрлар, барлық саладағы мәдени орындардың салынуына 80-90-шы жылдарда үлкен еңбек сіңірген тұлға деп білемін».

Кеште қарапайым тыңдармандардан бөлек, Жексембек Еркімбековтың замандастары мен үзеңгілес қызметтестері, ұрпақтары құрметті қонақ болды.

Концерт аяқталғаннан кейін көпшілік шапалақ ұрып, концертте өнер көрсеткен барлық ұжымға алғысын білдірді.

Жексембек Еркімбеков — 1966-1976 жылдары Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігінде өнер басқармасының бастығы, министрдің орынбасары, 1976-1987 жылдары Мәдениет министрі болып қызмет етті. Бұдан бөлек, Жексенбек Еркімбекұлы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры, Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.