Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлайды kazinform.kz
− Мен мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын барынша әділ қаржыландыру туралы тапсырма бердім. Үкімет бұл жұмысты бастады. Былтыр денсаулық сақтау саласының өзінде 140 миллиардтан астам теңге орынсыз шығын анықталып, тиімді жұмсалды. Демек жауапкершілікпен қараған кезде қосымша қаражат көзін де табуға болады, − дейді Мемлекет басшысы.
Президент міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалауды жалғастыру керегін де айтты. Сонымен қатар бірқатар заңнамалық шара қабылдау қажет.
− Үкімет Парламентпен бірге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын жедел пысықтауы керек. Құжат осы сессияның соңына дейін қабылдануға тиіс. Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту» ұлттық жобасы аясында екі жылда халыққа алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін 460 нысан пайдалануға берілді. Тағы 195 нысан жыл соңына дейін салынып бітеді. Алайда көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмысы ойдағыдай жүріп жатқан жоқ, — деді Президент.
Жоспар бойынша биыл 32 ауруханаға жөндеу жүргізілуге тиіс. Бірақ оның тең жартысының жобалық-сметалық құжаты енді ғана әзірленіп, сараптама жасалып жатыр.
Бұл мекемелерді медициналық құралдармен жабдықтау мәселесі де шешімін таппаған.
− Үкімет пен әкімдер алғашқы көмек көрсету нысандарының барлығын жыл соңына дейін түгел іске қосуы керек. Ал көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмыстарын келесі жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын, − деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы уақытта Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.