Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Алматының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы «Jibek Joly» трансшекаралық теміржол турының жоспарларымен бөлісті.
- Бірінші туристік пойыз өткен жылдың соңында, екінші осы жылдың басында жол жүрді. Үшінші Әз-Наурыз мерекесіне тура келіп отыр. Жалпы бүгінге дейін 500-ге жуық саяхатшы тур билеттерін сатып алды. Онда тек жергілікті туристер емес, шетелдіктер де бар. Түркия, Қырғызстан, Украина және Ресей тұрғындары туристік пойызбен саяхаттады, — деді ол.
Сонымен қатар спикер туристік пойызға Қытай азаматтары тарапынан қызығушылық бар екенін атап өтті. Даниел Сержанұлының айтуынша, бұл жолы бағдарға Орталық Азиядағы көне қалалардың бірі — Тараз қосылды. Наурыз айында «Алматы – Түркістан – Ташкент – Самарқанд – Тараз – Алматы» бағдары бойынша саяхатқа 300 турист аттанады. Халықаралық турдың ұзақтығы бес күн.