"Тамада министр сөйлеп келді, сөйлеп қоштасты": Танымал педагог бұрынғы оқу-ағарту министрі Ғайни Бейсембаев туралы - kaz.caravan.kz
  • $ 503.17
  • 600.89
-4 °C
Алматы
2026 Жыл
30 Қаңтар
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Тамада министр сөйлеп келді, сөйлеп қоштасты": Танымал педагог бұрынғы оқу-ағарту министрі Ғайни Бейсембаев туралы

"Тамада министр сөйлеп келді, сөйлеп қоштасты": Танымал педагог бұрынғы оқу-ағарту министрі Ғайни Бейсембаев туралы

Танымал педагог, қазақ білім беру саласының жанашыры Аятжан Ахметжан бұрынғы оқу-ағарту министрі Ғайна Бейсембаевтың бар кемшілігін тізіп берді.

  • 2 Қазан 2025
  • 32
Instagram/Аятжан Ахметжан

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Бұл туралы ол өзінің желідегі парақшасында мәлімдеді.

«2 жыл 9 ай оқу-ағартудың тізгінін ұстады.

Қысқа уақыт емес, үлкен мүмкіндік. Оған дейін 8 ай вице-министр болғанын ескерсек, дайындық уақыты да жеткілікті болды.

Тамада министр сөйлеп келді, сөйлеп қоштасты. Сөзімен келіп, сөзімен кетті.

Алдыңғы министрдің тұсында қабылданған біраз оң шешімдердің күшін жойды. Қарапайым тұрғыда — “Алтын белгілерге” қатысты шешім, 1-сыныпқа оқушы қабылдау уақытын өзгерту шешімі, оқушы қозғалысының шешімі, ақылы олимпиада өткізбеу сияқты ұпай бермейтін, бірақ қажет шешімдерді. Бәрі тек оқу-ағартудағы тәртіпті әлсіретті.

Ең қызығы — бұл кісінің уәделері еді. Уәдені үйіп-төгіп берді. Бірақ орындалмады. Санамалайық:

1. Сынып жетекшілігі төлеміне үш есе үстеме ақы қосылады, сынып жетекшілікке жұрт таласады деді. Үш есе түгіл, 3% да қосылмады. Уәде қайда?

2. Білім беру бағдарламалары жаңарады деді. Өзі Алтынсарин атындағы Білім академиясы президенті боп тұрғанда басталған тірліктің не болғанын да жұрт білмейді. Керісінше, химия, физика, биологияны қосып жаратылыстану ғылымы пәні қылу, дүниежүзі тарихы мен құқық негіздері бірігеді, алгебрамен геометрия бірігіп математика болады деп, отпен суды қосып бейкәсібилік көрсетті де, солай мемстандартты өзгертті. Жұрт шулап еді, оны да сиырқұймышақтандырып жоқ қылды.

3. Ескі, 2016 жылғы бекітілген мемстандарт пен оқу жоспарларын жаңарту, әттеген-айларын шешу үшін жасалған мемлекеттік стандарт пен оқу жоспары жүйесі дайын еді ол келгенде. Енгізбеді, өкінішке орай, созбақтап жүріп қоштасты. Қорықты шешім қабылдаудан.

4. Қағазбастылықты одан сайын азайтамын деді. Керісінше, оның кезінде мұғалімдердің құжаттары мен есептілігі кемі бес есеге артып, қағазға көмілді. Мұны бүкіл мұғалім растар.

5. Бұл кісінің сүйікті ісі — форум өткізу мен жиналыс жасау еді. Өңірлерге барып, мұғалімдер мен басшылардың басын қосып, сағаттап ақыл айту — сүйікті ісі болды.

6. Ал керісінше, мұғалімдерді тәрбиелік іс-шараларды әлеуметтік желілерге рилс түрінде түсіруге бұрды да, хэштегтер мен желідегі посттармен тәрбиенің сапасы өлшенді. Бірақ шынайы жағдайдың кері кеткені елде болған қаншама іс-шарадан белгілі.

7. Мұғалімдердің мезгілсіз сенбілігі, шырша отырғызуға баруы, су қоймаларының күзетіне тартылуы секілді оқиғалар ел есінде. Ал, сыни көзқарас білдірген, ойын ашық айтқан қаншама мұғалім қуғынға ұшырады.

8. Айтпақшы, министр ретінде келе салған соң қарапайым мұғалімді сотқа бергені де ел есінен шықпаған шығар.

9. Министрлік маңындағы түсініксіз бизнес. Білім саласында ақылы курстардың саны артты. Неше жыл тоқтаған ақылы олимпиадалар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады.

10. Президент бастамасымен басталған «Жайлы мектеп» жобасын шатқаяқтатты. Оның авторы өзі болғысы келіп, бұл жобаны «Келешек мектептері» деп қайта атады. Бірақ, комфортты мектептер саны 367-ден 217-ге азайды. Оның өзі әлі түсініксіз.

11. Президент жайлы мектептерді бөлек жүйеде басқару туралы тапсырма берді. Бірақ, орындай алмады. Жүйесі де, мазмұны да өзгермеді. Алтынсарин атындағы ҰАО арқылы мектептер желісін құру әрекеті сәтсіз аяқталды.

12. Ең көп шу болған бір іс — нысаналы мектептер жобасы. Қаржы шашылды, қағаз бен есеп көбейді. Бірақ нәтиже жоқ.

13. Педагогтердің аттестациясын реттеуге уәде берді, бірақ керісінше бюрократияны көбейтті.

14. Марапат тарату, медаль таратумен аты шықты. Автоматты түрде берілетін марапаттау жүйесі туралы анекдоты ешкім есінен кетпеген шығар. Ол жүздеген мың алғыс хаттар мен грамоталар беріп, абырой жинағысы келді, дейді мамандар. Марапаттың одан тек қадірі қашты, құнсызданды.

15. Мұғалімдер мен директорлардың жалақысын күрт көтеруді уәде етті, бірақ көтерілгенін көрмедік һәм естімедік.

16. Колледждерде магистр дәрежесі үшін үстеме ақы уәде етілген сияқты еді, бірақ ол бәрі уәде болып қалды.

17. Жасанды интеллект дәуірі келді. Бағдарлама қабылдау туралы ұсыныстар айтылды. Президент тапсырма берді. Ұстаздар мен оқушылар екі жыл бойы ЖИ қолданады. Бірақ министрлік тарапынан қажет нормативтік-құқықтық актілер әлі де шығарылмады.

18. Абай ұлттық мектебін бекітемін деп, ұлттық мектеп бағдарламасына уәде берді, бірақ ол да жоқ.

19. Керісінше, ұлттық мектеп жасаймыз деген біздің артымызға шам алып түсіп, заңсыз тапсырма беріп, QAZBILIM ұлттық лицейінің неше мектебін жаптырғанын жақсы білесіздер. Кәдімгідей тұралатты.

20. Дене шынықтыру пәнін бөлу туралы да уәде беріп еді. Ол да уақытша алдап тұру амалы екені анық еді. 2 жыл 9 ай біраз адамды алдап тұрды да қоштасты.

Жекеменшік мектептерді тентіретті. Бүгін біраз жекеменшік мектептер Астанада жүр. Өздерінің заңды қаржысын ала алмай, білімге қаржы салған қаншама жанашыр жұрт күйді.

Санамалай берсек, біраз нәрсе бар. Өкінішке қарай, оқу ағарту министрлігі шын мәнінде шашылып қалды.

Жаңа министрге шашылған саланы жинап алу деген ауыр жүк қалдырды. Бюджет тапшылығы мен орынсыз жоспарлаудың соңғы зардабын орта білім саласы әлі тартады деп қорқамын», — деп жазды ұстаз.