Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Осы ретте бұл жаңалыққа футбол сарапшылары мен жанкүйерлері түрлі пікір білдіруде. Бірі “қазақ футболының жаңа жұлдызы мұндай сыйлыққа әбден лайық десе”, тағы бірі “Қайрат қақпасына 5 гол жіберген Шерханды ерте жұлдыз қылудың қажеті жоқ” дейді.
Fonteam You Tube арнасында танымал спорт журналистері мен комментаторлары да бұл сый-сыяпатқа қатысты пікір білдірді.
”Темірлан Анарбекковке макбук бергенде Қайрат Советайұлы араласты. Бапкерге көлік берейік, футболшыларды алаламайық деген. Бұл жерде клубтан тыс сыйлық болған сияқты. Ұлықбек Шарипов өзі шақырып берген. Бірақ шыны керек, бұл жағдай уақытында емес. Біреудің сыйлығына қызғанышпен қарағым кеп тұрған жоқ. Қазір “Қайратта” чемпионат жалғасып жатыр. Чемпиондар лигасында матчтар өтіп жатыр. Шерхан Қалмырза чемпиондар лигасында “Реалға” қарсы ойында тұрғанын жетістік деп қабылдамау керек. Ол тағдырдың сыйы болды. Шерхан Қалмырзада әлі талай ондай мүмкіндік болады. Бұйырса, болашағы алда. Әлі талай көлік те, ақша да болады. Қазір футболға көңіл бөлетін кез. Футболшыларды бүлдіріп алмайықшы. Бизнестегі адамдар футболға көңіл бөліп жатыр. Шүкір, бірақ Тұрсын Алагөзов ағамыз секілді қалталы кәсіпкерлер осы сәтті пайдаланып, футболға көңіл бөлсе екен. Мысалы, “Қайрат” чемпиондар лигасында ойнады менің атымнан деп жаттығатын алаң сыйласа, футболға қарай көңіл бөлсе екен деймін”, — дейді футболдан Қазақстан құрамасының медиа-офицері Әлімжан Асқаров.
Ал, Олжас Байбосынов 18 жасар қақпашыны “тым жас” деп жатқандарға жауап берді.
”Бәрі Шерханға бөпе сияқты қарап жатыр. Негізі Пеле 17 жасында әлем чемпионы болса, Мбаппе 19 жасында әлем чемпионы болды. 18-дегі баланы бөпе деген дұрыс емес”, — дейді ол.
18 жасар қақпашыға көрсетіліп жатқан құрметті “Ажыраспа” кітабының авторы Айна Досмахамбет те сынады .
“Футболшыларға көлік сыйлау туралы
Өз ойым — бұл дұрыс емес. Артық. Жалпы тек футболға қатысты ғана емес. Бір реттік жеңіс үшін қымбат сыйлық тарту ету ұзақ мерзімді жеңстерден айыру мүмкін. Ия, марапаттауға болады. Бірақ көлік, пәтер беретіндей дәрежедей емес. Ал егер біз командалық ойын туралы айтатын болсақ, онда тіпті дұрыс емес. Әр жетістік пен жеңіліс не дегенмен бүкіл команданың нәтижесі.
Біздің қазақтың осы әдеті пайдадан гөрі көбірек зиян тигізеді ме деп ойлаймын. Біз мемлекет болып сол қысқа мерзімді, бір ретті жеңістерден шыға алмай жүрміз. Ал қымбат сыйлықтар ұзақ жұмыстың нәтижесінде берілсе, тұрақты түрде өз жұмысымызды нәтижелі істеп үйренер ме едік? Даму еш уақытта қысқа мерзімді процесс болған жоқ.
Оның тағы бір минусы — жеңіліске де дәл осы көзқарас. Бір реттік жеңісте қалай көтерсек, бір реттік жеңілісте дәл солай жер қыламыз. Бізде орташа деген жоқ. Не былай, не былай. Не жер, не көк. Адам бір қателессе жерден алып жерге саламыз. Бір дұрыс нәрсе үшін патшадай көтереміз. Анализ, терең ойлай, сараптау, перспективада қарау деген жоқ. Сол әдеттен қоғам болып зардап шегетін де өзіміз. Еліміз неге дамымайды дейміз. Осы үшін. Ертеңді ойламай, бүгінгі күнмен ғана өмір сүретініміз үшін.
Ал футболға келетін болсақ, бірдеңе сыйлағың келіп болмай баратсаң, командаға тиесілі болатындай сый болғаны жөн. Немесе шетелдегідей өзің сенетін, өзіңе ұнайтын ойыншының ресми демеушісі бол. Бір реттік сыйлықтан сол дұрыс. Ол қайта жауапкершілік артады. Нәтиже көрсетпесе демеуші де кетіп қалатынын біледі. Ал былай, бір ойыншыға бір рет сыйлық бергенді дұрыс көрмеймін. Өз ойым ғана. Келісу міндетті емес”, — дейді ол.
“Қайрат” қақпашысына сыйланған көлік тіпті Ресейде де қызу талқылануда. Мәскеудің ЦСКА клубының қақпашысы Владислав Тороп та алматылық “Қайраттың” жас қақпашысы Шерхан Калмурзаға қатысты пікір білдірді.
“Қалмырзаға «Реалмен» 0:5 есебімен ойнағаннан кейін көлік сыйлады. Егер біз «Барселонамен» ойнап, осындай нәтижеге қол жеткізсек, мен ондай сыйлықты қабылдамас едім, – деді Тороп.
Айта кетейік, Шерхан Қалмырза өз мансабында алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде негізгі құрамда алаңға шыққан еді. Жас қақпашы үшін бұл үлкен тәжірибе болғанымен, “Қайрат” испандық алып клубтан ауыр жеңіліске ұшырады. Соған қарамастан, оған автокөлік тарту етіліп, бұл шешім спорттық ортада қызу талқыға түсті.