Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Ол өз жазбасында әйел адам опасыздықты кешіруге міндетті емес екенін айтып, неке адалдығын отбасының басты құндылығы ретінде қарастыратынын жеткізді.
«Өз құнын білетін, өзін өзі бағалайтын, шекарасы анық, отбасын, неке адалдығын құнды дүнием, бақытымның өзегі деп қарайтын әйелдер “опасыздықты” кешірмейді.
Олар 60, 70, 80 жаста болса да неке адалдығын бұзған адаммен бір шаңырақта тұрмайды. Олар ертең өлетін болып тұрса, , ал бүгін сыңары көзіне шөп салса, бүгін ажырасады. Өмірінің соңғы күні болса да. Олар өзін ешкімнің қор қылуына жол бермейді.
Қош бол, көңілдес іздеуден басқа өмірден мән таба алмаған адам!», — деп жазды ол.
Назира Байырбекова жазда ескі жер үй сатып алып, күйеуіне тосынсый жасау үшін оны жөндеуден өткізгенін де айтты. Оның сөзінше, бұл уақытта балаларына да көңіл бөліп, үйдің жөндеу жұмыстарымен айналысқан.
«Мынау менің жазда ескі жер үй алып, соны ремонттатып, күйеуім келгенше сюрприз жасап, үйді жарқыратып қояйыншы деп шаң-шаң боп жүрген кезім. Ауыр жұмыс істесем де, оның ауыртпалығын жеңіл көтеруге тырысатын адаммын. Қыздарыммен, ұлыммен күнде құрылыс базарында жүрсем де қуанып жүріп ремонт жасаттық)», — деп жазды ол.
Ол күйеуінің Қатон-Қарағайда көңілдестерімен жүргенін ойламағанын айтып, балаларының әкесін сағынатынына қатысты да жазды.
«Күйеуім Қатон-Қарағайда көңілдестермен жүр деп ойламадым. “Әкеме біз қажет емеспіз. Әкем бізді түк іздемейді ғой” деп үнемі әкесіне ренжіп жүретін балаларыма да “әкенің жақындығы жездедей-ақ” деп жұбататын едім.
Мен өмірді сүйетін адаммын. Оны көрсеткен қиындықтарымен қоса сүйіп, қиналып жүрсем де Аллаға тәубе ете алатын жүрек бар менде. Бірақ отқа да, суға да шыдағанмен сатқындыққа, зинақорлыққа шыдамайды екем.
Қаншама адам неке адалдығы жоқ отбасымен елден ұялғаннан өмір сүріп отыр. Жекеме кеп жатқан хаттар… Комментарийлер… Айналамдағы сырлас, мұңдас адамдардың өмірі және өз кейсім осы жерде бір нәрсе дұрыс емесін көрсетіп тұр.
Неке ме? Тек қана адал неке! Отбасы ма? Тек махаббатқа құрылған, ешкім сатқындықтың жүгін көтеріп жүрмейтін адал отбасы болуы керек деп есептеймін.
Опасыздыққа шыдау арқылы отбасын сақтауға ешкім міндетті емес! Осы идея үшін күресемін. Балалар отбасы құндылығы жайлы жасанды, жалған түсініктермен өмір сүрмесе, бақытты отбасының негізі адалдық пен тазалық екенін санасына сіңірсе деймін», — деп жазды Назира Байырбекова.