"Көкте бір құс ұшты, тылсым": Аңыз адам Асанәлі Әшімовтың мүсінін ашқанда адам сенгісіз таңғажайып оқиға болған - kaz.caravan.kz
  • $ 450.79
  • 524.13
+31 °C
Алматы
2026 Жыл
11 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Көкте бір құс ұшты, тылсым": Аңыз адам Асанәлі Әшімовтың мүсінін ашқанда адам сенгісіз таңғажайып оқиға болған

"Көкте бір құс ұшты, тылсым": Аңыз адам Асанәлі Әшімовтың мүсінін ашқанда адам сенгісіз таңғажайып оқиға болған

Журналист Әлия Құдайбергенова аңыз адам Асанәлі Әшімовтың басына ескерткіш орнатқанда, таңғажайып оқиғаның куәсі болғанын айтты.

  • 11 Қыркүйек
  • 1
Фото: Instagram/aliya.kudaibergenova

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Әлия Құдайберген адам сенгісіз оқиғамен өзінің желідегі парақшасында бөлісті.

«Кеше алғаш рет “Кеңсайға” бардым. Зират басына. Асанәлі ағаның басына ескерткіш қойылды. Тастан қашалған мүсіні. Жары Бағдат апайдың бастамасымен қыста басталған шаруа кеше аяқталды. “Кеңсай” талай ұлының мәңгілік мекені. Аурасы да бөлек екен. Талайлар жатқан жер ғой. Бұл пантеонда кім жоқ, жан-жағыңнан таныс есім-сойларды көргенде өзіңнен өзің қыстығып, алай-дүлей күй кешесің…

Асанәлі ағамен қатарлас жатқан тұлғалар да бір-бір тау. Шерхан Мұртаза, Марат Оспанов, Қалтай Мұхамеджанов, Хадиша Бөкеева, Ермек Серкебаевтар жатыр қоршап. Және отбасы да жанында, анадай жерде жатыр.

Бағдат Әшімова апай: “Аскеңнің анасы, жары Майра тәте, екі ұлы бәрі бір шаңырақтың астында жатыр, төртеуін қатар қойған. Жандарынан бір орын бос тұрған. Ол жерге келінін қойдық. Мәдидің жары. Аскеңе қосылғалы қорым басына жиі барып құран бағыштап тұрдық, бірде тазартам, бірде тал егем, сөйтіп жүргенде бір ой келді… Жол жиегіндегі мына жер бос тұр екен. Жақындарына құран бағыштауға келген жұрттың бәрі осы жолмен өтеді, отбасының жанында, неге осы орынды белгілеп қоймасқа, дедім.

Сөйтіп өмірден өткен әкемнің атымен белгі-тақтайша жазып, орынды сақтап қойдым. Аскеңе айтпадым. Ешкімге айтпадым. Аскеңді жүзге келтіремін деуші едім… Құдайдың қолында екен ғой… Аскеңнің болмысын дәл сақтап мүсін қашау оңай болмады. Қанша рет түзеттік.

Ұрпағына, ел-жұртына үн қатып тұрғандай паң қалпын сақтап қасқайып тұрсын, дедім. Бүгін мен үшін, Аскеңнің ұрпағы үшін тарихи күн” деді, сөз алғанда. Жиылған жұрт, ағаның шәкірттері, жақындары зиратынан шығып шаңырағына барды.

Асанәлі ағаның мүсінін аша берген сәтте, көкте бір құс айналып ұшып жүрді. Сосын жоқ боп кетті. Тылсым. Оны мен түсіріп алдым. Кіші Асанәлі Қытайға оқуға аттаныпты.

Дастархан басында өмір бойы дәрігер болған келісті келген апай отырды, ағаның отбасымен сыйлас кісі. “Асекеңнің бір қасиеті, жамандауға қосылмайды екен. Біреу біреуді жамандап бастаса тоқтатып тастайтын” деді. Бұл да тазалық! Иә ол кісі ашық еді ғой, ұнатпаса, күлбілтелемей, жауымен де ашық жауласатын.

Асанәлі аға “Кеңсай 1” де жатыр. Бейітіне жету үшін биіктейсіз біраз жер. Ең биігіне шыққанда аға жатыр. Биіктеп кетіпті аға…Иманыңыз саламат болсын, аңыз адам!», — деп жазды ол.