Қазіргі кезде заңсыз ұтыс ойынын ұйымдастырғандардың ісі сотта қаралып жатқандары да бар. Ойынға қатысу үшін көп жағдайда ірі көлемде ақша салып жатады. Бұл ойындардан кім ұтты, кім алданды?
Оны Caravan.kz медиа порталының тілшісі анықтап көрді.
Ұтыс ойынын жарнамалаған Ақбота Керімбекова
2020 жылы әнші Ақбота Керімбекова ұтыс ойынын жарнамалаймын деп басы дауға қалған. Адамдар ұтысқа инвестиция құйып, ақша да, ұтыс та болмаған. Кейін әншінің өзі де алданып қалғанын айтқан еді.
Дәл сол жылы Ақбота Керімбекова Caravan.kz медиа порталының тілшісіне сұхбат берген еді.
”Мен халыққа мынаны түсіндіргім келеді. Лоторея басқа, ұтыс ойыны басқа. Менің жарнамалағаным — ұтыс ойыны. Бірақ дау тудырып отырған ұтыс ойыны емес, менің сыртымнан жасалған, яғни, маған айтпай, менің атымды пайдаланып жасалған ИНВЕСТИЦИЯ болып отыр.
Әуел баста маған ұсыныс Әйгерім деген қыздан түсті. Бұрыннан таныс болған соң, өзі де шоу бизнес өкілі, барлық құжатты көрсетіп, қайрымдылықпен айналысып жатқанын айтып, бәрі заңды екеніне сендірді. Мен сендім. Соңында білгенім, ол қыз да алданып қалған екен. Ұйымдастырушылар барлығымызды да алдап соқты.
Қолымда заңды келісім-шарт бар. Ол келісім шарт бойынша мен тек ұтыс ойынын жарнамалап беру керек болғанмын. Сол заңды шарт бойынша мен ұтыс ойынын ғана жарнамаладым”, — деп сұхбат берген еді әнші.
Бұл жағдайдан кейін 5 жыл өтті. Бұл жайлы көптеген бағдарламаларда айтылды, алайда ұйымдастырушылардың тағдыры беймәлім болып отыр.
”Алданып қалған” Ернар Айдар

Фото: КТК
2020 жылы әнші Ернар Айдар парақшасында ұтыс ойнатып, 4 қымбат автокөлік пен пәтерді ұтысқа тікті. Алайда Алматы қаласы экономикалық тергеу департаменті мен полиция қызметкерлері ұтыс ұйымдастырушылары мен әншіні қолға түсірген еді.
Кейін ол өзінің де алданып қалғанын айтып ақталған еді.
“Өз тарапымнан мен істің әділ қаралуына күшімді салып жатырмын. Мен де алданып қалдым ағайын. Алдағы уақытта сот әділ өтеді деген сенімдемін», — деп жауап берген еді әнші.
Алайда соттың болғаны туралы ешқандай мәлімет табылмады.
Заңсыз жолмен 162 миллон теңге табамын деп ұсталып қалған маңғыстаулық блогер

Фото: Inbusiness.kz
Осы жылдың маусым айында Қаржылық мониторинг агенттігі Маңғыстауда 162 миллион теңгеден астам айналымдағы заңсыз онлайн өткізу дерегі әшкереленгенін хабарлаған еді. Ақтау қаласында тұратынатын ерлі-зайыпты Instagram, Tiktok және Telegram әлеуметтік желілері арқылы 850 мыңнан астам оқырман жинап, онлайн лотереялар ұйымдастырылғаны хабарланған.
Отандық БАҚ аталған ерлі-зайыптыны Абай Бегейдің қызы мен күйеу баласы деп жарыса жазған еді. Алайда, әншінің қызы бұған байланысты ешқандай пікір білдірмейді. Бұл іске байланысты тергеудің нәтижесі беймәлім болып қалды.
Үй ойнатқан блогер Нұрбек Нұртаза жазаланды

Фото: Shyndyk.kz
Танымал қазақстандық блогер Нұрбек Нұртаза лоторея өткізгені үшін айыппұл төлеген еді. «Лотореялар және лоторея қызметі туралы заңнаманы бұзу» бабымен әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырып, оған 300 АЕК (1 179 600 теңге) көлемінде айыппұл салынған еді.
10 көлікті ұтысқа қойған блогер Жанәбіловтердің ісі

Фото: Tengrinews.kz
18-21 тамыз күндері Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова 10 автокөлік ұтысқа тігілгенін жариялаған. Көпшілік тікелей эфирде жеңімпаздарды анықтайды деп күткен. Алайда оларға ұтысқа қатысу үшін 30 мың теңге төлеп, ақылы курс сатып алу қажеттілігі айтылған.
Бұл жағдай желіде үлкен шу болып, іс тіпті сотқа дейін жеткен еді. Сот блогер Жанәбіловтерге қатысты істі тоқтатып, іс қылмыстық құқықбұзушылық белгілерінің бар-жоғын тексеру үшін экономикалық тергеу департаментіне жіберілген болатын. Әзірге тергеу ісі туралы ешқандай ақпарат жоқ.
Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру немесе өткізу Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 307-бабында көрсетілген. Бұл бапта лицензиясыз ойын мекемесін ашу, ұтыс ойынын өткізу, интернет-казино немесе басқа да құмар ойындарын ұйымдастыру қылмыс деп танылады.
Егер азамат лицензиясыз ойын бизнесін ұйымдастырса, оған төмендегідей жаза қолданылады:
- екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл (2025 жылғы АЕК мөлшеріне сәйкес — шамамен 7,6 миллион теңгеге дейін);
- немесе түзету жұмыстары;
- немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар;
- немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеу;
- немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Бұл — заңсыз ойын ұйымдастырған жеке тұлғаға қолданылатын негізгі жаза түрлері.