4 қараша күні Өскемен-Риддер тасжолында болған жол апатынан бес адам қаза тауып, бір адам жараланды. ЗИЛ жүк көлігі мен Toyota Estima автокөлігі соқтығысқан. Қайғылы жағдайдан кейін қоғам белсенділері дабыл қағып, қоғамда кең таралған Alphard пен Estima көліктерін қолға алатын уақыт келгенін айтуда. Сaravan.kz медиа порталының тілшісі сарапшылардың пікіріне сүйеніп шолу жасайды.
Қайғылы оқиға және полицияның мәліметі
Полицияның хабарлауынша, апат 4 қараша күні Өскемен-Риддер тасжолында тіркелген. ЗИЛ жүк көлігі мен Toyota Estima автокөлігі соқтығысқан. Жүк көлігі жолда бұзылып қалғандықтан жүргізуші апат болған сәтте кабинада болмаған. Қаза тапқандардың барлығы заңсыз таксидің жолаушылары болғаны анықталды.
“Заңсыз таксидің жүргізушісі жолаушыларымен бірге Өскемен қаласына бағыт алған. Жол апаты салдарынан бес адам, соның ішінде автокөлік иесі де қаза тапты. Бір адам жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілді. Қаза тапқандардың жеке басы анықталды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаның себебі мен мән-жайын толық, объективті және жан-жақты анықтауға бағытталған барлық қажетті тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, таксидегі жолаушылардың бірі – 67 жастағы әйел аман қалған. Оның жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда. ШҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, әйелдің төсі мен оң қолы көгерген. Зардап шегуші ауруханаға жатудан бас тартқан.
Полиция өкілдері күз мезгілінде облыс жолдарында жиі тұман, көктайғақ және көріну қашықтығының шектелуі секілді қолайсыз ауа райы жағдайлары жиілейтінін атап өтті.
“Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, рұқсат етілген жылдамдықты асырмауға, ауа райы жағдайларын және техникалық қауіпсіздік талаптарын ескеруге шақырады”, – делінген ресми мәлімдемеде.

Шетел тәжірибесі
Қоғам белсендісі Оңғар Қабден көрші елді мысалыға келтірді. Айтуынша, Қытайда дәл осы үлгідегі көліктер такси қызметінде жиі қолданылады, бірақ онда қауіпсіздік басты орында.
“Мен Шәуешектен Үрімжіге осы Альфард сияқты көлікпен бардым. Ол жақта таксиге осындай көліктер жүреді екен. Жылдамдықты 110-нан асырмайды. Әр көлікте арнайы аппарат тұр. Жылдамдық жүзден асса болды, ар жақтан бір әйел айқайлайды. Жүргізушіден бұл не десем, жылдамдық асырсақ, құрылғы арқылы көріп отырады, айыппұл салып береді деді. Жиі қайталанса, жүргізуші куәлігінен айырады екен. Бұның бәрі аманшылық үшін деп түсіндірді. 160-180 км/сағ жылдамдықпен жүру деген болмайды. ‘Ол не дегенің, өлесің ғой!’ дейді. Міне, адамдардың амандығына алаңдау деген осы шығар. Салонның ішінде және жүргізушінің алдында камера тұр, бәрін бақылайды. Ал бізде осындай көліктердің кесірінен бейбіт заманда қырылып жатырмыз”, – дейді ол.
Оның айтуынша, көрші елдерде такси жүргізушілері мас күйінде ұсталса, өмір бойына жүргізуші куәлігінен айырылады.
“Бізде судьялардың өзі мас боп, көлік тізгіндеп жүр. Ал ол жақта мұндай жағдайға жол берілмейді”, – деп салыстырды ол.
Осы ретте айта кетейік, 2 қараша күні Астана қаласында азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соттың судьясы Әсел Досаева мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталды. Оны полиция қызметкерлері түнгі сағат төрт шамасында «Хан Шатыр» маңында тоқтатқан. Полицияның дерегінше, ол мас күйінде болған және жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткен.
Сотта оның мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталғаннан кейін тексеру жүргізіліп жатқанын растады.
«Судьялар сот төрелігін жүзеге асыру кезінде ерекше құқықтық мәртебеге ие. Алайда бұл мәртебе оларды құқықбұзушылық жасағаны үшін жауапкершіліктен босатпайды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы материалдар Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға жолданды. Бас прокуратура қолданыстағы тәртіпке сәйкес судьяны жауапкершілікке тарту мәселесін қарау үшін Жоғары сот кеңесіне ұсыныс енгізеді», — деп жазылған хабарламада.
Қауіптің көзі – заңсыз тасымалдаушылар
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов те еліміздегі заңсыз жолаушы тасымалының басым бөлігі дәл осы Alphard пен Estima көліктерімен байланысты екенін айтты.
“Бүгінгі таңда заңсыз жолаушылар тасымалының басым бөлігі Toyota Alphard және Toyota Estima маркалы автомобильдерді пайдалана отырып жүзеге асырылады. Едәуір бөлігі оң жақ рульді немесе сол жақ рульге қолдан ауыстырып жасалған, бұл үлкен қауіп төндіреді”, – деді министр.
Министрдің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 12 001 Toyota Alphard бар, оның ішінде 9554-інің рулі сол жақта, 2447-сі оң жақта. Сондай-ақ 11 191 Toyota Estima тіркелген, 5838-інің рулі сол жақта, 5353-інде оң жақта.
“2007 жылдан бері қолданылып келе жатқан оң жақ рульді көлік құралдарын бастапқы тіркеуге тыйым салынғанына қарамастан, олар 2023 жылғы бір реттік заңдастыру шеңберінде тіркелген. Бұл да жол қауіпсіздігіне ықпал ететін факторлардың бірі”, – деп түсіндірді Сәденов.
Қауіпсіздік ережелерін елемеу – қасіретке жол ашады
Министрдің айтуынша, осындай көліктермен байланысты жол апаттарының жиілеуіне бірнеше фактор әсер етеді: жүргізушілердің лицензиясының болмауы, көліктің техникалық жағдайын рейс алдында тексермеу, сондай-ақ еңбек пен демалыс режимін сақтамау.
“Жолаушылар тасымалы саласын реттейтін құқықтық актілерге сәйкес, арнайы басқарылатын, оның ішінде толық қолмен, оң жақ рульмен басқарылатын, сондай-ақ бүйір есіктерінің саны төрттен кем автокөлік құралдарын тасымалдау үшін пайдалануға тыйым салынады”, – деп нақтылады министр.
Бұл ретте халық бекеттерді қалпына келтіріп, қаларалық автобустарды қайтару керек деп есептейді. Ал басқалары қарама-қарсы бағыттарды бөлек салу керек деп санайды. Сол кезде жауапкершілік пен тәртіп орнап, ақша табу жүйесі де реттелетініне сенеді.
«Бұрынғы автобекеттерді қалпына келтіріп, ауданнан қалаға автобус шығару керек! Жол апатынан шығын мөлшері сұмдық», — дейді Оңғар Қабден.
Десе де, халық жайлылыққа еті үйреніп кеткенін жасыра алмаймыз. Такси қызметінің дәуірі жүріп тұрған шақта, автобусқа мінетіндер азайып барады. Қазақстандықтардың басым бөлігі үйінің алдынан алып кетіп, діттеген жеріне жеткізетін көліктерден оңайлықпен бас тарта қоймайтынын жазып жатыр.

«Адамдар отырмайды, себебі уақыт көп кетеді, екінші комфортпен жету керек. Үшіншіден өз өмірін ойламайды».
«Бізде аудан мен қала арасына билет таба алмаймыз. Кей кездері автобус 2000 теңге такси 5000 теңге».
«Бос сөз, халық жол апаты болса да таксиге міне береді, үйлерінен алып кетеді, үйлеріне әкеліп тастайды. Соған үйренген».
«Адамдардың бәрі асығып жүреді қазір, ешкім отырмайды автобусқа», — деп жазып жатыр желі қолданушылары.