Ел экономикасын үш ауыр сынақ күтіп тұр: Сарапшылар 2026 жылға болжам жасады  - kaz.caravan.kz
  • $ 504.49
  • 587.73
-4 °C
Алматы
2025 Жыл
6 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ел экономикасын үш ауыр сынақ күтіп тұр: Сарапшылар 2026 жылға болжам жасады 

Ел экономикасын үш ауыр сынақ күтіп тұр: Сарапшылар 2026 жылға болжам жасады 

Қаржы сарапшылары ел экономикасы үшін келер жыл қиын болатынын ескертеді. 

  • 6 Қараша
  • 135
Фото - Caravan.kz

2025 жылдың соңына қарай Қазақстан экономикасы салыстырмалы түрде тұрақты көрінеді. Инфляция шамамен 13% деңгейінде сақталып отыр, теңге бағамы болжам шегінен шыққан жоқ, ал Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі 18% деңгейінде бекітілді. Дегенмен сарапшылардың айтуынша, келесі жыл ел экономикасы үшін оңай болмайды. 2026 жылы Қазақстанды қандай экономикалық тәуекелдер күтіп тұр? Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша қандай шешім қабылдайды? Caravan.kz медиа порталы жалғастырады. 

Ішкі нарыққа әсер ететін үш соққы

Қаржы мамандары «Дневоной формат» бағдарламасында экономикалық белсенділікке қысым көрсететін бірнеше факторды атап өтті. Нақтырақ айтсақ салық реформасы халықтың нақты табысын азайтады, мемлекеттік шығындардың қысқаруы ішкі сұранысты төмендетеді, ал мұнай бағасының құлдырауы экспорт пен бюджет кірісіне соққы береді.

«Жағдай қазір ойлағаннан да күрделірек болуы мүмкін екенін түсінуіміз керек. Келесі жылы ішкі нарықты бірқатар ауыр сынақтар күітіп тұр», — дейді экономист Марат Қайырленов.

Бірінші соққы — салық реформасы.

Сарапшының есебінше, үкімет салық реформасы аясында шамамен 5 триллион теңгені қайта бөлуді жоспарлап отыр, бұл шамамен ЖІӨ-нің 3–4%-ына тең.

«Бұл халықтың және тұтынушылардың шығындары қысқарады деген сөз. Қазір халықтың тұтыну шығындары ЖІӨ-нің шамамен 18%-ын құрайды, соның 3–4%-ы салықтар арқылы алынып тасталады. Бұл ішкі сұранысқа айтарлықтай соққы», — дейді ол.

Екінші соққы — мемлекеттік шығындардың азаюы

2026 жылға арналған мемлекеттік бюджет жобасына сәйкес, үкімет шығындарды ЖІӨ-нің 15%-ы деңгейінде жоспарлап отыр, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 22% болған.

«Яғни айырмашылық шамамен 7% ЖІӨ-ні құрайды. Бұл салық реформасымен қосылғанда шамамен 10% қысқаруға әкеледі. Халықтың шығындары ЖІӨ-нің 18%-ына тең екенін ескерсек, экономикалық белсенділік іс жүзінде жартысына дейін төмендеуі мүмкін», — дейді Марат Қайырленов.

Үшінші соққы — мұнай бағасының құлдырауы

АҚШ Энергетика министрлігі мен жетекші инвестициялық банктердің болжамы бойынша, 2026 жылы мұнайдың орташа бағасы барреліне 51–55 доллар деңгейінде болуы мүмкін, ал биыл Қазақстан 70 доллар шамасында өмір сүрді.

«20-30%-ға төмендеcе экономика үшін ауыр соққы болады. Себебі мұнай экспорты біздің бюджетіміздің негізгі кіріс көзі және шетел валютасының басты ағыны», — дейді сарапшы.

Сонымен қатар, ол «қара аққулар» терминіне тоқталды. Оның айтуынша, бұл алдын ала болжауға келмейтін оқиғалар желісі. 

«Қара теңізде мұнай тасымалдайтын танкерлер жарылып жатыр, ал Ресейдегі, атап айтқанда Қарашығанақтан шикізат алатын газ өңдеу зауытында апаттар болып жатыр. Мұның бәрі бізге тікелей әсер етеді. Мұндай күтпеген факторларды алдын ала есептеу мүмкін емес», — дейді сарапшы.

Оның пікірінше, осы факторлардың барлығын қоса алсақ өте күрделі экономикалық фон қалыптасайын деп тұр. 

«Жағдай ресми болжамдардан да қиынырақ болуы мүмкін», — дейді ол.

Базалық мөлшерлеме: сақтау ма, төмендету ме, әлде көтеру ме?

Экономистер мен халықаралық ұйымдар арасында кеңінен талқыланып жатқан тағы бір тақырып бар. Ол Ұлттық банктің 18% базалық мөлшерлемесін сақтау не өзгерту мәселесі. Халықаралық валюта қоры және отандық сарапшылардың көзқарастары бұл тұрғыда әртүрлі. Бір бөлігі жоғары мөлшерлеме инфляцияны тежеуге қажет десе, екіншілері оны төмендету экономикалық белсенділікті арттырады деп санайды.

Марат Қайырленов қазіргі мөлшерлеме экономикалық өсімді тежеп отырғанын айтады.

«Менің ойымша, базалық мөлшерлемені төмендету қажет. Қазір инфляция шамамен 13%, ал мөлшерлеме — 18%. Яғни нақты мөлшерлеме шамамен 5 пайыздық тармаққа жоғары. Бұл жеткілікті деңгей. Бұрынғы тәжірибе де мұндай айырмашылық қалыпты екенін көрсетті», — дейді ол.

Сарапшының айтуынша, жоғары мөлшерлеме  бизнеске ғана емес, мемлекетке де қосымша ауыртпалық түсіреді.

«Бүгінде Қазақстанның мемлекеттік қарызы шамамен 30 триллион теңге, оның едәуір бөлігі облигациялар түрінде орналастырылған. Бұл қағаздардың табыстылығы тікелей базалық мөлшерлемеге тәуелді. Мөлшерлеме жоғарылаған сайын, қарызды өтеу де қымбаттайды. Дәл сол сияқты, банктердің несие портфелі де осы мөлшерлемеден тәуелді. Сондықтан менің ойымша, Ұлттық банк экономикаға сәл артық қысым көрсетіп отыр», — дейді ол. 

Қатал ақша-несие саясаты рецессияға әкелуі мүмкін

Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев Ұлттық банктің алдында екі таңдау тұрғанын айтады. Ол жоғары мөлшерлеме арқылы инфляцияны қатаң тежеуі керек, немесе мөлшерлемені азайтып, экономикалық белсенділікті қолдауы тиіс. 

«Біз көрші елдің тәжірибесін қолдана аламыз. Ресейде инфляция 9% болған кезде, базалық мөлшерлеме 20%-ға дейін көтерілді. Егер Қазақстан осы тәсілді қолданса, мөлшерлемені 22–25%-ға дейін көтеруге тура келеді», — дейді ол.

Алайда, сарапшы мұндай шешімнің салдары ауыр болатынын ескертеді.

«Инфляцияны басу үшін барлық жеңілдетілген қаржыландыру арналары жабылады. Яғни барлық мемлекеттік және жеңілдетілген несие бағдарламалары тоқтайды, тұтынушылық кредит беру шектеледі. Мұның салдарынан сұраныс күрт төмендейді, ал экономика рецессияға ұшырайды», — дейді Бейсембаев.

Оның пікірінше, мұндай саясат елді дағдарысқа әкеледі.

«Экономиканы сөзбе-сөз дағдарыс арқылы “сүйреп өткізуге” тура келеді. Сұраныс төмендеген сайын ұсыныс та қысқарады. Ақырында, бір-екі жылдан кейін нарық жаңа тепе-теңдікке келуі мүмкін, бірақ ол кезең ауыр болады. Жұмыс орындарының азаюымен, инвестициялардың қысқаруымен және іскер белсенділіктің баяулауымен қатар жүреді», — дейді сарапшы.

Сарапшылардың пікірінше, 2026 жыл Қазақстан экономикасы үшін үлкен сынақ болмақ. Салық реформасы, бюджеттік қысқару және мұнай бағасының төмендеуі қатар әсер етіп, экономикалық өсімнің қарқынын айтарлықтай тежейді.

Бұл жағдайда базалық мөлшерлеме елдің негізгі реттеу құралына айналып отыр. Марат Қайырленов оның шамалы төмендеуі ішкі сұранысты және инвестициялық белсенділікті қолдай алады десе, Бейсембаев керісінше, тым қатал ақша-несие саясаты рецессияға әкелуі мүмкін деп ескертеді.

Перейти к новостям спорта