Президент ел болашағының бағдарын бекітті: Қандай құндылықтар басты орынға шықты?  - kaz.caravan.kz
  • $ 504.49
  • 587.73
-1 °C
Алматы
2025 Жыл
5 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Президент ел болашағының бағдарын бекітті: Қандай құндылықтар басты орынға шықты? 

Президент ел болашағының бағдарын бекітті: Қандай құндылықтар басты орынға шықты? 

Президент бекіткен жаңа тұжырымдама елдің ішкі саясатындағы бағыт-бағдарды, ұлттық құндылықтар мен рәміздердің мәнін айқындап берді.

  • 6 Қараша
  • 44
Фото - Caravan.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ішкі саясатындағы жаңа кезеңнің басталғанын айқындаған маңызды құжатқа қол қойды. Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары туралы» жарлыққа қол қойып, гуманитарлық және қоғамдық-саяси саладағы мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа мазмұн берді. Caravan.kz медиа порталы толық тарқатады. 

Ішкі саясатты жүйелеу қажеттілігі

Біртұтас тұжырымдамалық құжат әзірлеу идеясы алғаш рет Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында көтерілген болатын. Сол жиында сарапшылар мен қоғам қайраткерлері мемлекеттің ішкі саясатын жүйелеу, нақты қағидаттар мен бағыттар бойынша біріктіру жөнінде ұсыныс білдірген еді. Президент бұл бастаманы қолдап, мемлекеттік органдардың іс-қимылы үшін ортақ ұстанымдар мен айқын шеңбер қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

Жаңа құжат Президент Әкімшілігі мен мүдделі мемлекеттік органдардың бірлескен еңбегі нәтижесінде әзірленді. Ол Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдаулары мен сөйлеген сөздеріне, сондай-ақ Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарына негізделген. Құжатты дайындауға Ұлттық құрылтай мүшелері, сарапшылар мен ғылыми қауым өкілдері де қатысты.

Мақсат – мемлекеттік саясатты үйлестіру

Тұжырымдама ең алдымен мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруге арналған. Құжат ішкі саясат саласындағы іс-қимылды біріздендіріп, нақты бағыт береді. 

Онда еліміздің қоғамдық және саяси өмірінің өзегін құрайтын алты негізгі қағидат айқындалған:

«Заң және тәртіп» — құқықтық мемлекеттің негізі;

«Тыңдаушы мемлекет» — өзара іс-қимыл құралы;

«Әртүрлі пікір – біртұтас ұлт» — өзара түсіністік орнату жолы;

«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» — басқару үлгісі;

«Адал азамат» — ойлай пайымы;

«Таза Қазақстан» — мінез-құлық пен жүріс-тұрыс этикасы.

Құжаттың жеке тарауы жалпыұлттық құндылықтар мен рәміздерге арналған. Олар ұлттық бірегейлікті нығайтудың және қоғамдық сананы жаңғыртудың идеологиялық іргетасы ретінде айқындалған.

Жалпыұлттық рәміздер бекітілді

Тұжырымдамада еліміздің жаңа деңгейдегі жалпыұлттық рәміздері нақтыланды. Олар:

Ұлттық ұран – «Алға, Қазақстан!»;

Ұлттық түстер – аспан түстес көгілдір және алтын түстес;

Ұлттық кітап нышаны – Абайдың «Қара сөздері»;

Ұлттық бірлік нышаны – шаңырақ;

Ұлттық музыкалық аспап нышаны – домбыра;

Ұлттық өсімдік нышаны – қызғалдақ;

Отандық өнім белгісі – «Қазақстанда жасалған» / «Made in Kazakhstan»;

Ұлттық хэштегтер – #Qazaqstan, #Kazakhstan.

Аталған рәміздер елдің рухани келбетін бейнелеп, ұлттың бірлігін, еңбегін және жаңашылдығын көрсететін жаңа идеологиялық тұғыр болып табылады.

Қоғамдық құндылықтар – ел дамуының тірегі

Құжатта кез келген қоғамның тұрақтылығы ортақ құндылықтарға негізделетіні атап өтілген. Бұл құндылықтар елдің мінезін, ұлттық болмысын және даму бағытын айқындайды. Тәуелсіз журналист Оңғар Қабден маңызды құжатқа қатысты пікір білдірді. 

Айтуынша, кез келген қоғамда адамдар арасындағы және әлеуметтік ортадағы қарым — қатынас қашанда белгілі бір ортақ құндылықтарға негізделеді. Елді ұйытатын құндылықтар тізімі ішкі саясат мәселесінде үнемі көтеріліп отыратын сұрақ. Жалпыұлттық құндылықтар тізімін бекіту мәселесі үнемі көтеріліп, Ұлттық Құрылтай мүшелері және сарапшылар арасында талқыланып, бекітіліп еді. Сол құндылықтар – елдің мінезін, ұлттың болмысын және негізгі мақсатын айқындайды. Еліміз үшін бұл – тәуелсіздік, бірлік, әділдік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық және жаңашылдық секілді құндылықтар.

Тәуелсіздік және отаншылдық. Ең жоғары тұратын құндылық – тәуелсіздік пен Отанға деген сүйіспеншілік. Әр азамат елге деген құрметін сөзбен емес, іспен көрсетуі тиіс. Мәселен, табиғатты қорғау, салықты уақтылы төлеу, заңды сақтау – отансүйгіштіктің нақты көрінісі. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысып, бір тал отырғызудың өзі – үлкен патриотизмнің белгісі.

«Бірлік бар жерде тірлік бар» деген халқымыздың дана сөзі тегін айтылмаған. Еліміз талай қиындықты ауызбіршіліктің арқасында еңсерді. Былтырғы су тасқыны кезінде жұрт жаппай көмек көрсетіп, ел болып бірікті. Бірі техникасын берді, бірі киім, азық-түлік жеткізді. Сол сәтте біздің күшіміздің бірлікте екенін тағы да дәлелдедік, — деп жазды ол. 

Әділдік – мемлекеттің де, қоғамның да берік тірегі. Егер әр салада әділдік орнаса, адамдардың да сенімі артады. Мысалы, жұмысқа қабылдауда таныстыққа емес, қабілетке қарап шешім қабылданса, жастардың да үміті жанады. Мемлекеттік деңгейде реформа аясында қабылданған непотизм соның көрінісі.

Адал еңбектің ғана берекесі бар. Қазіргі таңда кей жастар жеңіл жол іздеп, масылдыққа бейімделіп барады. 

«Бұл дұрыс емес. Қысқа мерзімді дәнекерлеу курсын оқып, жеке кәсібін ашып, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырған азаматтар – еңбекқорлық пен кәсіби дамудың нақты мысалы», — дейді ол. 

Осы құндылықтар мен қағидаттар – елдің идеологиялық бағытын айқындайтын басты тіректер. Билік пен қоғам күш біріктіре отырып, әділ, ашық және бәсекеге қабілетті жүйе қалыптастыруға ұмтылуда.

«Бұл құжат жай ғана саяси бағдар емес, ұлттың рухани кодын жаңғыртатын жаңа идеологиялық тұғыр. Онда мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімнің іргетасы қаланып отыр. Егер осы қағидаттар нақты өмірде жүзеге асса, Қазақстан жаңа сапалы даму кезеңіне қадам басады», — дейді Оңғар Қабден. 

Перейти к новостям спорта