Электронды темекілер мен кальяндарға мемлекет тыйым салған. Соған қарамастан заңды айналып өтетін жастар арасында никотинге тәуелділердің қарасы көбейіп келеді. Бұл енді сән емес, күнделікті әдетке айналған. Қоғамдық дертке айналған бұл құбылыстың астарында не жатыр? Электронды темекілер мен вейптердің заңсыз саудасын тоқтатуға бола ма?
Сарапшылар никотин нарығының шынайы жағдайын талқылап, неге шектеу нәтиже бермей отырғанын түсіндірді. Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады.
Үкіметтің тыйымы нәтиже берген жоқ
Бақылаудың күшейгеніне қарамастан, елімізде шылым шегу азаймай тұр. Қазақстан әлі де никотинге тәуелді елдердің қатарында. Темекі өндірісі рекордтық деңгейге жеткен. Ал вейптер мен кальяндардың танымалдылығы артуда.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, биылғы жылдың тоғыз айында қазақстандық фабрикалар шамамен 17,5 миллиард дана темекі шығарған. Никотинге тәуелділікпен күресіп келе жатқан ел үшін бұл рекордтық көрсеткіш дейді сарапшылар.
Бұл аздай, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде бір рет қолданылатын электронды құрылғылар мен кальяндардың жарнамасы толып тұр. Көпшілік үшін ол қауіпсіз балама болуы мүмкін. Алайда мамандардың айтуынша, бұл өнімдер де тұрақты тәуелділікті қалыптастырады.
Халықаралық статистикаға сәйкес, 15 жастан асқан әр бесінші қазақстандық — шылымқор. Шамамен үш миллион адам, олардың басым бөлігі ер адамдар.
«Біз мониторингтік зерттеу жүргіздік. Вейптер мен темекіні қыздыру жүйелерін тұтынушылардан сауалдама алдық. 2023 жылы тыйым енгізілгеннен кейін қандай өзгерістер болғанын салыстырдық. Тыйым жартылай ғана әсер еткенін байқадық. Заң қатайғанына қарамастан, пайдаланушылардың жартысынан көбі тұтынуды жалғастырып келеді», — дейді «Стратегия» қоғамдық қорының директоры Гүлмира Ілеуова.
Оның айтуынша, вейптерді ашық сатуға тыйым салынған және олардың бағасы өскен, сондықтан олар қазір онлайн және әлеуметтік желілер арқылы сатылып жатыр. Өнімдер курьерлер арқылы жеткізіледі. Яғни көлеңке айналымды бақылау мүмкін болмай отыр.
«Ай сайынғы табысы 170 мың теңгеден төмен адамдар вейп сатып алмайды, себебі олардың оған шамасы жетпейді. Негізгі тұтыну ауқатты топтарға өтті. Соның салдарынан табысы төмендер кәдімгі темекіні шеге береді, ал байлар салыстырмалы түрде “аз зиянды” өнімді пайдалана алады. Сондықтан кез келген жаңа тыйымды енгізбестен бұрын, оның барлық ықтимал салдарын мұқият есептеу қажет. Олар оң нәтиже бере бермейді», — дейді маман.
Қазақстандықтардың пікірі
Алматы тұрғындарының арасында электронды темекілер мен кальяндарға тыйым салу туралы пікір екіге бөлінді. Бірі шектеудің мәні жоқ десе, екіншілері ұлт саулығы үшін қажет деп санайды.
«Меніңше, жағдай ушықты. Адамдар шегуді тоқтатқан жоқ, керісінше сапасыз вейптерді сатып ала бастады, бұл одан да қауіпті», — дейді сұралғандардың бірі.
«Америкадағы “құрғақ заң” дегенді естіген шығарсыздар. Бәріне тыйым салынған кезде, жерасты спирт зауыттары пайда болды, адамдар қолдан жасалған ішімдікпен уланды. Біз де сол жолға түскен сияқтымыз», — дейді тағы бір тұрғын.
«Қазір жастардың вейптен кейін тұншығып қалған видеолары көп. Бұл өте зиян, химияның көбі соларда. Мен тыйым салуды қолдаймын», — дейді әйел.
«Дұрыс істеді деп ойлаймын. Бұл ұлт денсаулығы, сондықтан бақылау қажет», — деп қосты басқалары.
Халық жасөспірімдерге қатысты тыйымды бірауыздан қолдап отыр.
Заң не дейді?
Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, электронды құрылғылар мен шегуге арналған қоспаларды заңсыз сату әкімшілік құқық бұзушылық болып табылады.
«Вейп сатқаны үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Егер өнім контрабандалық жолмен әкелінсе айыппұл 2000 АЕК-ке дейін жетуі мүмкін. Ал егер бұзушылық жүйелі түрде қайталанса, бұл заңсыз кәсіпкерлік деп танылады», — деп түсіндірді заңгер.
Оның айтуынша, тыйым салынғалы адамдар жиі алаяқтарға алдана бастады. Халық вейпті мессенджерлер арқылы тапсырыс беріп, алдын ала төлем жасаған соң, сатушылар оларды бұғаттап, жоғалып кететін жағдайлар аз емес.
«Классикалық алаяқтық сызбасы бұл. Аз ақша болса да, құқық қорғау органдарына хабарлау қажет. Осылайша эпизодтар жиналып, кейін қылмыстық жауапкершілікке тарту мүмкіндігі пайда болады», — деді маман.
Сарапшылардың пікірінше, тыйым мәселенің түпкі себебін жоя алмайды. Себебі олар бәрібір заңды айналып өту жолдарын іздеп тауады, одан да сорақысы ең зиянды түрлеріне ауысады. Солай тәуелділік пайда болады.
«Тәуелділік бірінші рет тартып көруден басталады. Шегу әдеті қандай формада болса да, тәуелділік болып қала береді. Сондықтан тек саудаға тыйым салып күресіп қана қоймай, оның түпкі себептерімен, тұтыну мәдениетімен қатар жүруі тиіс, — деп түйіндеді адвокат.