Сұмдық! Балаларды ауыр қылмысқа итермелейтін қауіпті ойын кең тарала бастады - kaz.caravan.kz
  • $ 499.65
  • 582.89
+2 °C
Алматы
2025 Жыл
5 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Сұмдық! Балаларды ауыр қылмысқа итермелейтін қауіпті ойын кең тарала бастады

Сұмдық! Балаларды ауыр қылмысқа итермелейтін қауіпті ойын кең тарала бастады

Танымал Roblox ойыны туралы әлеуметтік желілерде қорқынышты ақпараттар пайда болды. Дабыл қаққан хабарламадарда аталмыш ойын балалар үшін қауіпті екені айтылған.

  • 25 Қараша
  • 154
Фото: gfinityesports.com

Caravan.kz медиа порталының тілшісіне ойыннан зардап шеккен баланың ата-анасы шындықты айтып берді. 

Тамыз айында түрлі зерттеулер мен журналистер де дәл осы ойынның зияны туралы ақпраат таратқан. Кейін  Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ата-аналарға арнайы ескерту жариялады. Ведомствоның мәлімдеуінше, қаскөйлер ойыншы кейпіне еніп, балалардың сеніміне кіреді. Кейін оларды жабық чаттарға тартып, заңсыз әрекеттерге итермелейді екен. 

Редакцияға қызының оқиғасын айтып берген Мараттың (есімі өзгерілген) отбасында бес бала. Ең үлкені 13 жастағы жасөспірім. 

«Қызымыз мектепте оқиды, оларда осы жаста әрдайым бәсекелестік бар. Бірінен бірі қалыспау керек. Солай қызымыз бізден соңғы шыққан айфон алып бер деп сұрады. Біз қызымыздың өзін басқалардан кем сезінбеуі үшін жиған-тергенімізге телефон алып бердік. Біз бай емеспіз. Айфон 17 қолына тигелі телефоннан бас алмайтын болды. Барлығын жасырып, бізге ешнәрсе көрсетпейді. Солай бір күні қызымның қолында кесік іздерін байқадым. Қорқып кеттім. Қайдан пайда болғанын сұрадым. Кейін осындай ойынның барын білдім», — дейді қыздың әкесі. 

Алайда қызы ойынның атын сол күйі атамаған. Оны құрылғыдан өшіріп тастапты. Десе де ата-анасы Roblox ойыны екеніне сенімді. Қазір қыздың ата-анасы не істейтінін білмейді. Қызының өмірі үшін қорқып отыр. 

«Ол ойынды қайтадан жүктей алады, аяқталған жерінен жалғастыра береді. Қызымыз қазір жасөспірім екенін білеміз, мінезі де, қылықтары да өзгеріп жатыр, бізді тыңдамайды. Енді мектепке барып, директорға кіруден басқа амал жоқ. Мектепте де қадағалау керек. Бұндай оындарды мектеп жасындағы балалардан шектеу керек, бұл туралы дабыл қағу керек. Ата-аналар балаларыңыздың не істеп жүргенін, телефонында не барын, кіммен араласатынын бақылауға алыңыздар», — дейді қыздың әкесі. 

Roblox – миллиондаған қолданушылары бар алып онлайн-платформа. Ойыншылардың 40 пайызға жуығы 13 жасқа толмаған балалар. Көрсеткішке қарап сарапшылар қауіпсіздік мәселесін күн тәртібіне шығарып отыр. Зерттеушілер алаңдатарлық жайттарды жайып салды. Балалар зорлық-зомбылық, балағат сөздер, тіпті сексуалдандырылған контентке тап болуы мүмкін.

Бұған қоса, ойын барысында ересектермен танысады. Кейін олар Discord, Snapchat сияқты қосымшаларға шақырып, кқылмысқа дейін барған деректер де тіркелген.

Bloomberg Businessweek өткен жылы сұмдық жайтты жариялады. Ол кезде Roblox арқылы қылмыскер құрбанын алдап, өз қармағына түсірген. Кейін оны ұрлап әкетіп, бірнеше рет зорлық көрсеткен. Ол платформаның танымал қауымдастығында беделді ойын жасаушы ретінде танылып, сол мәртебесін балаларды арбау үшін пайдаланған. Мұндай оқиғалар ата-аналардың құлағына алтын сырға. Ойын жай ғана ермек емес, оның артында қауіп болуы мүмкін.

2025 жылы Луизиана штатының Бас прокуроры Лиз Мёррилл Roblox компаниясына қарсы сот ісін қозғады. Айыптау қорытындысында компания балаларды қорғауда дәрменсіздік танытып, қылмыскерлердің әрекетіне көз жұма қарады, ал мыңдаған қолданушылар заңсыз контент саудасымен айналысып, кәмелетке толмағандарды арбады делінген. 

Roblox ресми түрде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жасанды интеллект сүзгілерін, модерацияны және жас шектеулерін қолданатынын айтқан. Десе де, сарапшылар мұның жеткіліксіз екенін, ата-ана тарапынан қатаң бақылаусыз платформа қауіпсіз болмайтынын атап өтті.

Енді Roblox бірқатар сот талаптарынан кейін балалардың бейтаныс ересектермен сөйлесуін бұғаттау үшін бет-әлпет бойынша верификация енгізетін болды. Келесі айдан бастап балалардың ересек және тым ересек бейтаныс жасөспірімдермен қарым-қатынас жасауына тыйым сала бастайды. Бұл туралы The Guardian жазады.

Roblox Grow a Garden және Steal a Brainrot сияқты вирусқа айналған ойындарды қоса алғанда, күн сайын 150 миллион ойыншы қолданады екен. Алайда платформа дизайны «балаларды педофилдер үшін оңай олжаға айналдырды» деген мазмұндағы сот талаптарынан зардап шекті.

Енді Roblox онлайн-ойын немесе коммуникация платформалары ішінде бірінші болып қарым-қатынас жасау үшін жас бойынша тексеруді міндетті етеді.

Roblox жаңа жүйені «мектептегі жүйемен» салыстырды: қолданушылар келесі жас санаттарына бөлінеді — тоғыз жасқа дейін, 9–12 жас, 13–15 жас, 16–17 жас, 18–20 жас және 21 жастан жоғары. Балалар тек өз жас тобына жақын пайдаланушылармен ғана сөйлесе алады. Мысалы, шамамен 12 жастағы бала 16 жасқа толмаған балалармен ғана сөйлесе алады.

Компанияның мәлімдеуінше, тексеру үшін қолданылған суреттер мен видеолар сақталмайды.

«Біз бұл жүйені қолданушыларымызға ойындарда кіммен сөйлесіп отырғандарына көбірек сенім беру мүмкіндігі ретінде қарастырамыз. […] Платформаға деген сенімді күшейтуге және қолданушылардың сенімін арттыруға нақты мүмкіндік деп білеміз», — деді Roblox компаниясының қауіпсіздік жөніндегі бас маманы Мэтт Кауфман.

Ойынға енгізіліп жатқан жаңартулар Roblox-тағы «кәмелетке толмағандарды жүйелі түрде қудалау» туралы айыптаулар аясында жүргізіліп отыр. Соңғы талаптардың бірі АҚШ-тың Невада штатындағы округтік сотқа 13 жастағы қыздың отбасы тарапынан берілді. Олар Roblox «өз қызметін жауапсыз және алдамшы түрде жүргізіп, талапкердің сексуалдандырылған эксплуатацияға ұшырауына әкеп соқтырды» деп мәлімдеді.

Айыптауға сәйкес, Roblox-ты «белсенді» қолданушы қыз «қауіпті жыртқыштың» нысанасына айналған. Ол өзін бала ретінде көрсетіп, жалған эмоционалды байланыс орнатқан, манипуляция жасап, қыздың телефон нөмірін алуға мәжбүрлеген және ашық мазмұндағы хабарламалар жіберген. Кейінірек ол қызды өзінің ашық суреттері мен видеоларын жіберуге көндірген.

Талап арызда: 

«Егер Roblox қолданушыларды қосымшаларға қол жеткізбей тұрып қандай да бір тексеруден өткізгенде, (қыз) зардап шекпес еді», — делінген.

АҚШ-тың солтүстік Калифорния округінің сотына соңғы күндері түскен екі талап Филадельфиядағы 7 жасар қыз бен Техастағы 12 жасар қызға қатысты ұқсас жағдайларды қамтыды. Roblox өкілі компанияның «кез келген пайдаланушыға қауіп төндіретін оқиғаға терең алаңдайтынын» мәлімдеді.

«Сондықтан да біздің саясатымыз көптеген басқа платформалармен салыстырғанда әдейі қатаң жасалған. Біз жас қолданушылар үшін чатты шектейміз, пайдаланушылар арасында сурет алмасуға рұқсат бермейміз және жеке ақпарат алмасуды бұғаттауға арналған сүзгілерді қолданамыз. Біз сондай-ақ мінсіз жүйенің болмайтынын түсінеміз. Сондықтан ата-аналар балаларын интернетте қорғау ісінде бізге сенім арта алуы үшін қауіпсіздік құралдарымыз бен платформаны шектеу тетіктерін үнемі жетілдіріп отырамыз», — деп мәлімдеді компания өкілі. 

Баланы қорғау үшін ата-анаға ұсынылатын шаралар: 

Бірінші кезекте, баланың аккаунтындағы жас көрсеткішінің дұрыс екенін тексеру қажет. Параметрлерде жеке хабарламаларды, чаттарды және сатып алуларды өшірген жөн. Баламен бірге ойнап, күдікті жағдайларды бірге талқылаған пайдалы. Егер бейтаныс біреу күдікті хат жаза бастаса, ойынды бірден тоқтату керек. Сонымен қатар, басқа қосымшаларға көшуге жол бермей, интернеттегі қауіпсіздік ережелерін қайта-қайта түсіндірген абзал.

Балаларға мына әрекеттерге қатаң тыйым салынуы тиіс:

-жеке деректерді (аты-жөні, мекенжайы, телефон нөмірі, отбасы туралы мәліметтер) жариялау;

-Instagram, Telegram, TikTok, ВКонтакте сияқты әлеуметтік желілердегі қауіпті топтарға және анонимді чаттарға кіру;

-ата-ананың тексеруінсіз күмәнді онлайн-ойындарға қатысу.

Ата-аналарға көмекші құрал ретінде Android құрылғыларында Family Link, ал iOS жүйесінде Screen Time қосымшаларын пайдалануға болады. Бұған қоса, баланың достар тізімін, әлеуметтік желілердегі жазылымдарын және онлайн байланыстарын жүйелі түрде бақылап отыру ұсынылды. Әсіресе, түсініксіз таңбалары бар, иероглифтерден немесе оғаш суреттерден тұратын анонимді профильдерге ерекше назар аудару қажет.

Ата-ананың қырағылығын қажет ететін белгілер: 

Егер бала дұрыс ұйықтамаса, түнде жиі шошып оянса; денесінде түсіндірілмеген жарақаттар пайда болса; тұйықталып, ашушаңдық көрсетіп, сөйлесуден қашқақтаса; агрессивті не депрессивті видеоларды көріп, мазмұны түсініксіз үрейлі суреттерді салса елеусіз қалдыруға болмайды.

Сарапшылардың пікірінше, балаға ең сенімді қорғаныш – ата-ана махаббаты. Баланы интернеттегі қауіптен қорғаудың ең басты жолы – ата-ана мен бала арасындағы сенім. Баланың эмоционалды жағдайын мұқият бақылап, онымен жиі сөйлесіп, күнделікті өміріне қызығушылық таныту керек. Бала ата-анасына кез келген уақытта келіп, ойын ашық айтып, көмегіне жүгінуге болатынын сезінуі маңызды.

Перейти к новостям спорта