Кеспе дайындауға көп уақыт қажет емес, ерекше дәмі бар және арзан. Әсіресе кореялық өнімдер жасөспірімдер арасында сәнге айналып барады. Тіпті мектеп маңындағы дүкендерде ең көп сатылатын тағамдардың бірі десек қате емес. Алайда бұл өнімнің қауіпсіздігі, оның адам денсаулығына кері әсері және тұтынушыға бар шындық айтылмайтыны туралы мәселелер күмән тудырады. Неге? Caravan.kz медиа порталының тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.
Әлеуметтік желілерде таралып жатқан видеолар біздің назарымызға ілікті. Олардың көпшілігі шетелде түсірілген. Белгілі блогерлер халықтың арасында танымал жылдам дайындалатын кеспелердің денсаулыққа өте зиян екенін көрсетіп жатыр. Мысалы АҚШ-тың Калифорния штатында сатылатын дәл осы кеспелердің қаптамасында «қатерлі ісік пен бедеулікке әкелетін заттар бар» деген ескерту белгілері жазылады. Бұл сол елдердегі California Proposition 65 заңнамасының талабы. Аталған заң өндірушілерді тіпті ең минималды қауіптердің өзін көрсетуге міндеттейді.

Осы ретте біз отандық нарықтағы жағдайды білуге тырыстық. Аталмыш кеспелердің қаптамаларын көріп шығу үшін Алматыдағы дүкендерді аралап шықтық. Байқауымызша, елімізде дәл осы өнімдер еш ескертусіз, денсаулыққа қауіпті екенін ескертетін белгілерсіз еркін сатылып жатыр. Әсіресе, жасөспірімдер мен мектеп оқушылары жиі баратын кореялық дүкендерде олардың түр-түрі сатылуда.

Ескертудің болмауы — қауіптің жоқ екенін білдірмейді. Бұл тек заңнамадағы айырмашылық. Себебі Қазақстанда өндірушілерге талап қоятын ұқсас заң қарастырылмаған.
Жасөспірімдер арасындағы жаңа тағам мәдениеті
Соңғы 2-3 жылда Қазақстанның ірі қалаларында кореялық және азиялық өнімдер сататын дүкендердің саны күрт өсті. Олар тұрғын үйлердің жанында, сауда орталықтарында және мектептердің маңында орналасқан. Бұл дүкендерде жылдам дайындалатын кеспелердің ондаған түрі ұсынылады.
Мектеп оқушылары сабақтан соң аталмыш дүкендерге барып жылдам дайындалатын кеспе жеуі қалыпты көрініске айналған. Ащы әрі ерекше дәмі бар бұл тағам жасөспірімдер арасында сұранысқа ие. Алайда оның денсаулыққа ұзақ мерзімді әсері көп жағдайда ескерусіз қалып отыр. Ата-аналар да жиі бақылай бермейді.
Халал белгісі бар, ал денсаулық туралы ескерту неге жоқ?
Зерттеу барысында біз жылдам дайындалатын кореялық кеспелер сатылатын көптеген дүкендерді араладық. Нәтижесінде бір заңдылық анықталды: қаптамалардың басым бөлігінде денсаулыққа қатысты ешқандай ескерту белгісі жоқ, алайда «халал» белгісі кеңінен қолданылған.
Халал белгісі өнімнің діни талаптарға сай екенін білдіреді. Яғни тұтынушыға тағамның діни тұрғыдан рұқсат етілгені туралы ақпарат беріледі де, оның денсаулыққа ықтимал зияны жайлы мәлімет көрсетілмейді. Бұл тұтынушыны толық әрі шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету қағидатына қайшы келеді.

Бір өнім — әр елде әртүрлі қаптама
Тез дайындалатын кеспе негізінен Оңтүстік Кореяда өндіріледі. Экспорт кезінде өнімнің қаптамасы әр елдің заңнамасына сәйкес өзгертілуі мүмкін. Нәтижесінде АҚШ нарығында сол бір өнімде «қатерлі ісікке әкелуі мүмкін» деген ескерту белгісімен сатылады, Қазақстанға жеткізілген нұсқасында бұл белгі болмайды.
Бірқатар дүкендерде біз Калифорния штатында қолданылатын ескерту белгісі бар түпнұсқа қаптамаларын да кездестірдік.
Алматыда сатылып жатқан дүкендерде «ескерту: рак және бедеулікке шалдықтыруы мүмкін» деген ескертуді таптық.

Бұл жайт өнімнің құрамы өзгермейтінін, айырмашылық тек ақпарат беруде екенін көрсетеді. Демек, ескерту белгісінің жоқтығы өнімнің қауіпсіз екенін білдірмейді.
Мамандар не дейді?
Дәрігерлер мен диетологтардың айтуынша, жылдам дайындалатын лапша — күнделікті тұтынуға арналмаған өнім. Оның құрамында тұздың, дәм күшейткіштердің және ащы қоспалардың мөлшері жоғары.
Мамандар атап өтетін негізгі қауіптер:
— асқазан-ішек жолына түсетін салмақ;
— семіздік пен қант диабетінің даму қаупі;
— метаболизмнің бұзылуы;
— пластик ыдыста қыздырылған кезде улы заттардың бөліну ықтималдығы.
Дәрігерлердің ұсынысы бойынша ересектерге бұл өнімді аптасына бір реттен артық жеуге болмайды, ал балалар айына бір рет тұтынса жеткілікті. Сондай-ақ кеспені тек шыны немесе керамикалық ыдыста дайындау маңызды. Мамандар асқазан-ішек аурулары, семіздік немесе диабет кезінде бұл өнімді мүлде тұтынбауға шақырады. Немесе дәмдеуіш қоспаларынан бас тартқан абзал.
Бұдан бөлек Америкалық ғалымдар аптасына екі-үш реттен кеспеден жасалған, соның ішінде, жапондық кеспе сорпасы, рамэн сияқты тағам жеген адамдарда кардиометаболистік синдромына шалдығу қаупі жоғары екенін анықтаған. Бұл, бірінші кезекте жүрек пен басқа да диабет пен инсульт сияқты аурулардың даму қаупін арттырады. Бұл туралы Day.Az хабарлады.
Зерттеуді басқарған дәрігер Шиннің айтуынша, тез дайындалатын лапша мен рамэн әйелдердің денсаулығына күрделі залал келтіруі мүмкін.
Азия елдерінде жапон сорпасын көп тұтынатындықтан, зерттеу әлемде тез дайындалатын кеспені ең көп пайдланатын ел — Оңтүстік Кореяға бағытталды. Соңғы жылдары осы ел халқының денсаулығында көптеген қиындықтар байқалуда, соның ішінде жүрекпен байланысты ауруларға шалдыққандар бар, ересектердің көбі артық салмақтан зардап шегеді. Сондықтан да Шин кеспені денсаулыққа әсерін зерттеу қажет деп шешкен.
Тез дайындалатын кеспелерде басқа да өңделген азық-түліктердегі сияқты тұз көп. Белгілісі, одан келетін жүрек аурулары мен инсульт қаупі жоғары. Дәрігердің анықтауынша, көбіне тез дайындалатын кеспені жиі пайдаланатын әйелдердің денсаулығынан ақаулар шығып жатады.
Қосымша алаңдатарлық жайттар
Әлеуметтік желілерде кейбір тұтынушылар лапшаның ішінен жәндіктер немесе құрттар табылғанын көрсететін видеолар жариялап жүр. Мұндай жағдайлар өнім сапасына бақылаудың жеткіліксіз екенін және санитарлық талаптардың орындалуына қатысты сұрақтар туындатады.
Мемлекеттік бақылау мен жауапкершілік мәселесі
Қазақстанда жылдам дайындалатын кеспе, оның ішінде балалар мен жасөспірімдерге бағытталған басқа да өнімдер ешқандай шектеусіз сатылып жатыр. Шетелдік компаниялар отандық нарыққа еркін кіріп, кәсіптерін жасөспірімдерге бағыттайды. Қаптамада денсаулыққа қатысты ескерту белгілерінің болмауы, мектеп маңындағы сатылымға бақылаудың әлсіздігі және ата-аналардың ақпараттандырылу деңгейінің төмендігі расымен де алаңдатарлық факторлар.
Жоғарыда аталған өнімді тұтынуға болады, алайда шектен шықпаған дұрыс. Себебі шамадан тыс тұтынудың салдары бірден байқалмауы мүмкін. Алайда ұзақ мерзімде ол созылмалы ауруларға, оның ішінде онкология дертіне, бедеулікке әкелуі мүмкін. Ал түбінде денсаулықты қалпына келтіру үшін қомақты қаржылық шығындарға алып келуі ықтимал.