Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
«Қазақстанның мемлекеттік бюджеті бірнеше жыл бойы жетіспеушілікпен өмір сүріп келеді. 2026 жылға Үкімет жоспарлаған шығын 27,7 трлн теңге. Ал, бюджетке түсетін кіріс 19,2 трлн теңге шамасында.
Яғни, мемлекет жыл соңында 8,5 трлн теңге ақша жетпейтінін алдын ала біліп отыр. Осындай жағдайда Үкімет ең алдымен ақша неге жетпей жатыр деген сұраққа жауап іздеуі керек еді.
Бірақ оның орнына тапшылықты салық көбейту арқылы жабу жолын таңдап отыр. Соның бір мысалы қосылған құн салығын 12%-дан 16%-ға көтеру ұсынысы. Қарапайым тілмен айтқанда бұл — тауар мен қызметтің қымбаттауына әкеледі. Себебі, НДС бағаға тікелей қосылады. Ал, баға көтерілсе, оны ең соңында халық төлейді.
Үкімет мұны «реформа» деп атайды. Бірақ шын мәнінде бұл — ақша жетпеген соң, оны халықтың қалтасынан алу. Бұл — жүйені өзгертетін емес, уақытша мәселені жамау ғана. Иә, бюджеттегі ақшаның жартысынан көбі әлеуметтік салаларға кетеді: білім, медицина, жәрдемақы, мәдениет.
Мұны ешкім жоққа шығармайды. Бірақ мәселе әлеуметтік шығындарда емес. Мәселе — тиімсіз жұмсалатын ақшаның көптігінде. Мемлекетке қарасты, бірақ толығымен мемлекеттік емес көптеген компаниялар бар. Оларды квазимемлекеттік сектор деп атайды.
«Қазмұнайгаз», «Қазақстан темір жолы», «Бәйтерек» сияқты компаниялардың үлкен бөлігі мемлекетке тиесілі. Бұл компаниялар қарызға батқан жағдайда, оларды құтқаруға мемлекет, яғни салық төлеуші халық мәжбүр болады. Бүгінде Қазақстанның жалпы сыртқы қарызы 172 млрд доллар. Оның ішінде осындай компаниялардың да қарызы бар.
Сондықтен мемлекет тек өз қарызын ғана емес, осы квазимемлекеттік компаниялардың қарызын да ашық айтуы керек. Халық қайда, қанша ақша қарыз барын білуі тиіс.
Қысқасы, мәселе салықты көтеруде емес. Негізгі мәселе — ақшаның қалай және қаншалықты тиімді жұмсалып жатқанында.
Салықты көтермей тұрып, алдымен артық шығынды қысқарту, тиімсіз компанияларға бақылауды күшейту және бюджеттегі әр теңгенің есебін ашық көрсету керек», — деді экономист.