Осы ретте Caravan.kz медиа порталының журналисі отандық спорттағы есте қаларлық, ең жарқын оқиғаларға шолу жасап, жанкүйерлерді қуантқан басты жеңістерді назарға ұсынады.
Бокс
Наурыз айында Сербияның Ниш қаласында IBA ұйымының бастамасымен өткен әйелдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы керемет нәтиже көрсетті. Үш бірдей бұрымды боксшымыз: Аида Әбікеева, Алуа Балқыбекова және Назым Қызайбай алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ, Назым Қызайбай ел тарихында тұңғыш рет үш дүркін әлем чемпионы атанды.
Бірнеше айдан кейін бұл жетістік Англияның Ливерпуль қаласында өткен World Boxing ұйымының әлем чемпионатында жалғасын тапты. Әбікеева мен Балқыбекова мансабындағы екінші әлемдік титулын иеленсе, Наталья Богданова алғаш рет әлем чемпионы атанды.




Англияда өткен турнирде ерлер құрамасы да жақсы нәтиже көрсетті. Қазақстан ерлер құрамасы жаңа федерацияның тұңғыш әлем чемпионатында төрт алтын медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты. Турнирдің басты жұлдыздары – Махмұд және Төрехан Сабырхандар, Санжар Тәшкенбай мен Айбек Оралбай болды.
Маусымның соңғы нүктесін желтоқсан айында Дубайда өткен IBA әлем чемпионаты қойды. Құрамында қазіргі чемпиондар жоқ болса да, Қазақстан ерлер құрамасы өз деңгейін дәлелдеп, үш алтын медальмен елге оралды. Ал қараша айының отандық бокстың мақтанышы Геннадий Головкин әлемдік бокстағы жетекші ұйымдардың бірі – World Boxing федерациясының президенті болып сайланды.



Футбол
2025 жыл қазақстандықтар жадында алматылық “Қайрат” футбол клубы сыйлыған жарқын эмоциялармен де сақталатыны сөзсіз. Ел чемпионы УЕФА Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінен бастап негізгі кезеңіне дейін сенсациялық жолдан өтті.
Алғашқы үлкен сенсация 27 тамызға қараған түні Алматыдағы Орталық стадионда тіркелді. Чемпиондар лигасының плей-офф финалында “Қайрат” әйгілі “Селтикті” пенальти сериясында 3:2 есебімен жеңді.
Осы тарихи матчтың халық батырына “Қайраттың” қақпашысы Темірлан Анарбеков айналды. Ол шотландиялықтардың үш пенальтиін қайтарып, командасына тарихи жеңіс сыйлады. Ал команда көшбасшысы Дастан Сатпаев Лондонға — “Челси” клубына ауысуға дайындалуда.
Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне өткеннен кейін алматылық клуб әлемдегі ең атақты команда – “Реал Мадридпен” ойнау мүмкіндігіне ие болды.
Алда алматылық команданы “Арсеналға” қарсы матч күтіп тұр.

UFC
2025 жыл UFC-де өнер көрсеткен қазақстандық спортшылар үшін оңай болмады. Жалпы есепте олар 13 жекпе-жек өткізді.
Асу Алмабаев Манел Капеге техникалық нокаутпен есе жібергенімен, кейін қатарынан екі жекпе-жекте жеңіске жетті. Бекзат Алмахан екі кездесу өткізіп, бір рет жеңіп, бір рет жеңілді.
Ал Азат Мақсұм екі жекпе-жекте де жеңіліп, кейін промоушеннен кетті. Ал Шавкат Рахмонов 2025 жылы октагонға шыққан жоқ.



Теннис
Өткен маусымда Қазақстанның үздік теннисшісі Елена Рыбакинаның жетістіктерін де атап өту керек. Ол алғаш рет WTA қорытынды турнирін рекордтық жүлдемен жеңіп алып, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Ол Эр-Риядтағы финалда әлемнің №1 ракеткасы Арина Соболенконы жеңді. Бұл жеңіс оған рекордтық $5,235 млн сыйақы әкеліп, рейтингте бесінші орынға көтерілуге мүмкіндік берді.
Ерлер құрамасының көшбасшысы Александр Бублик те әріптесінен қалыс қалмады. Ол ATP турнирлерінде төрт мәрте жеңіске жетіп, әлемнің 11-ракеткасы атанды.


Күрес түрлері
Айдос Сұлтанғали Хорватияда өткен күрес түрлерінен әлем чемпионатында Қазақстанға XXI ғасырдағы алғашқы алтынды сыйлады. Грек-рим күресінен 60 келі салмақ дәрежесінде өткен финалда ол өзбекстандық Алишер Ғаниевті жеңді.
Ал дзюдодан Қазақстан құрамасы Будапештте өткен әлем чемпионатында Абиба Әбужақынованың арқасында жүлдеге қол жеткізді. 48 келі салмақта ол финалға шыққан алғашқы қазақстандық дзюдошы атанып, нәтижесінде күміс медаль жеңіп алды.


Қорыта айтқанда, биыл қазақстандық спорт үшін жемісті жыл болды. Ұлттық құрамалар, клубтық футбол мен жекелеген спортшылардың тарихи жетістіктері ел спортының әлеуеті жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. “Қайраттың” Чемпиондар лигасындағы сенсациялық жолы, жас таланттардың халықаралық аренаға шығуы және қазақстандық спортшылардың әлемдік деңгейде мойындалуы — болашаққа үлкен үміт ұялатты. Бұл жетістіктер алдағы жылдары қазақстандық спорттың жаңа белестерді бағындыруына берік негіз болмақ деп сенеміз.