Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Бас бапкердің бір олимпиадалық циклды аяқтамай қызметтен кетуіне қатысты жанкүйерлер арасында түрлі пікір айтылып жатыр. Спорт журналисі Ақарыс Сейітқазы бапкердің өз еркімен кетпегенін, «денсаулығына байланысты» деген ақпараттың да шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
«Сәтжанов кеткен жоқ, оны кетірді
Мен спорттағы ауыс-түйістерге көп пікір білдірмейтін едім. Парижден кейін бар кінәні Мырзағали Айтжановқа үйіп-төккенде де мұны біздегі басшылардың «классикалық» ақталу үлгісі деп қабылдадым.
Бірақ Қайрат Сәтжановты қатарынан екінші рет қызметінен алып тастағаны, шынымен, ұят болды. Жо-жоқ, командаға жаңашылдық керек дерсіз. Жаңа жылда жаңа бапкер, жаңа көзқарас керек дерсіз. Қарсылығым жоқ, солай бола қойсын.
Мені қынжылтқаны – қазақ боксына бар өмірін арнап жатқан тұлғаларды дәл осылай лақтырып тастайтыны. Токиодан алтынсыз оралғанда, Сәтжановты аттай қалап, команданы сеніп тапсырды. Кейін Парижге бір жыл уақыт қалғанда тізгінді қайтарып алды.
Парижден алтынсыз келгенде команданы «құтқаруға» тағы да Қайрат керек болды. Обалы нешік, Қайрат ағамыз қай кезде де көмекке ұмтылды, рас. Енді, міне, келесі Олимпиадаға аттай екі жыл қалғанда Сәтжановты тағы да тағынан тайдырды.
Тұтас бір олимпиадалық циклді бір бапкерге тапсыруға болмай ма?! Өткелде ат ауыстыру қаншалықты дұрыс? Бұл сұраққа жауап жоқ.
Бір анығы – Қайрат ағай ресми мәліметте айтылғандай денсаулығына байланысты кеткен жоқ. Расында, оны кетірді.
Жаңа ғана ағаймен сөйлестім. «Маған қазір оңай емес, бірақ жұмыс туралы ұсыныстар көп», — деді.
Өкініштісі сол, көптеген әріптесіміз мұның ғажап өзгеріс екенін айтып, елді сендіріп жатыр», — деп жазды ол.
Еске сала кетейік, бірер күн бұрын Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі Қайрат Сәтжановтың ерлер құрамасының бас жаттықтырушысы қызметінен босағанын хабарлаған еді. Қайрат Тұрсынханұлының жетекшілігімен ерлер командасы көптеген халықаралық турнирлерде топ жарып, әлем чемпионатының жүлделерін иеленді. 35 жылдық тәжірибесі бар маманның орнына Санжар Тәшкенбай және тағы да басқа боксшыларды тәрбиелеген Нұржан Насанов тағайындалды.
