Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Отбасы банкі өз платформасында медициналық мақсаттағы өтініштерді қабылдауды уақытша тоқтатты.
Банктің мәлімдеуінше, бұл шешім зейнетақының артық бөлігін емдеуге пайдалану тәртібін қайта қарау қажеттілігіне байланысты қабылданған. Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігі және өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп талаптар жаңартылып жатыр. Сонымен қатар, төлемдерге бақылауды күшейту үшін ақпараттық жүйелердің өзара жұмыс істеу тетіктері жетілдірілуде.
Бұл өзгерістердің басты мақсаты – зейнетақы қаражатының мақсатсыз жұмсалуына жол бермеу және емделуге бағытталған төлемдердің ашықтығын қамтамасыз ету.
Отбасы банкі өтініш қабылдау қайта қашан басталатыны туралы қосымша ақпарат кейінірек жарияланатынын мәлімдеді.
Бұған дейін енгізілген шектеулер:
2025 жылдың қыркүйегінен бастап тіс емдеуге зейнетақы қаражатын пайдалану тоқтатылды;
4 желтоқсаннан бастап офтальмологиялық қызметтер бойынша өтінім қабылдау шектелді;
бұған дейін пластикалық операциялар рұқсат етілген қызметтер тізімінен алынып тасталған;
2025 жылдың желтоқсанында қазақстандықтар гамма-пышақ пен кибер-пышақ сияқты радиохирургиялық емдеу түрлеріне зейнетақы жинағын жаппай бағыттаған болатын.