Жүрек "шүберекке" айналады: Энергетик бүкіл ағзаны біртіндеп тоздырады - кардиолог - kaz.caravan.kz
  • $ 509.84
  • 595.75
0 °C
Алматы
2026 Жыл
13 Қаңтар
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жүрек "шүберекке" айналады: Энергетик бүкіл ағзаны біртіндеп тоздырады - кардиолог

Жүрек "шүберекке" айналады: Энергетик бүкіл ағзаны біртіндеп тоздырады - кардиолог

Энергетикалық сусындар жастар мен ерескетердің арасында күнделікті өмірдің қалыпты бөлігіне айналды. Ұйқысы қанбаған, жұмыстан шаршаған адамдар бұл сусынды тез әсер ететін шешім ретінде қабылдайды.

  • 13 Қаңтар
  • 89
Фото: KRASUNIA.RU

Дәрігерлердің айтуынша, энергетик мүлде сергітетін құрал емес. Керісінше, ағзаны уақытша алдап, ішкі қорын зорлап пайдаланатын қауіпті өнім. Caravan.kz медиа порталының тілшісі кардиолог маманның сұхбатын талдап, қысқа шолу жасады.

Энергетиктердің қауіпсіз мөлшері деген түсінік жоқ

Энергетиктердің барлығына тән негізгі құрам — кофеин, таурин және қанттың шамадан тыс мөлшері. Қоғам кофеин ең зияны деп санайды, алайда маманның сөзінше, үлкен қауіп қанттың мөлшерінде жатыр.

«450 миллилитрлік бір банка энергетиктің ішінде 100 граммға жуық қант бар. Бір күндік тұтыну нормасынан бірнеше есе көп», — дейді кардиолог Әсемгүл Мақажанова.

Сарапшының айтуынша, күн сайын бір банка энергетик ішетін адам, ағзасын 100 грамм таза қантпен улайды. Түбінде ол ұйқыбез және бауырдың жұмысын ауырлатады.

Кофеин мен таурин симпатикалық жүйке жүйесін үздіксіз қоздырып, адреналин, норадреналин, кортизол сияқты стресс гормондарының бөлінуін арттырады. Нәтижесінде жүрек жиі соғып, қан қысымы көтеріледі, қан тамырлары тарылып, жүрек қалыпты режимнен тыс жұмыс істей бастайды. 

«Адам өзін сергек сезінуі мүмкін, бірақ бұл уақытша жалған реакция. Жүрек пен тамырлар шектен тыс режимде жұмыс істеп тұрады», — деп түсіндіреді кардиолог. 

Дәрігердің айтуынша, адам мұндай күйде ұзақ уақыт өмір сүре алмайды, бір сәтте ағза міндетті түрде «сыну нүктесіне» келеді.

Әсемгүл Мақжанова тәжірибесіндегі ең ауыр жағдайлардың бірімен бөлісті. Алматыда 34 жастағы ер адам жүрек трансплантациясын өткерген. Ол күніне 8-10 банка энергетик ішкен екен. Соның салдарынан жүрек бұлшықеті созылып, дилатациялық кардиомиопатия дамыған.

«Жүрек жиырылып, қанды айдай алмайтын жағдайға жеткен. Мұндайда жүрек «шүберекке» айналып кетеді, сырттай бар, бірақ функциясын атқармайды», — дейді дәрігер. 

Бұл жағдайда жүректі ауыстыру немесе жасанды сол жақ қарынша орнату керек. Трансплантация — күрделі, қымбат және донор тапшылығына байланысты әркімге бірдей бұйыра бермейтін мүмкіндік. 

Жасөспірімнің асқазанын «шірітіп жіберген»

Көкшетауда энергетикалық сусын 16 жастағы баланың асқазанын шірітіп жіберген. Ол энергетикалық сусындарды жиі ішкеннен кейін қатты іш ауруымен ауруханаға жеткізіліп, оған шұғыл ота жасалған. Жедел және күрделі лапароскопиялық операция барысында дәрігерлер асқазанның жарасын тігіп, іш қуысын іріңнен тазалап, дренаж орнатты. Өмірін сақтап қалды, алайда жасөспірімнің ұзақ қалпына келу кезеңі алда, әрі оның асқазанында мәңгілікке жарақат қалатын болады. Бұл жағдайдың себебі ретінде дәрігерлер энергетикалық сусындарға тәуелділікті атады.

Энергетиктің зияны жүрекпен ғана шектелмейді

Қант пен кофеин қан тамырларының ішкі қабатын, яғни эндотелийді зақымдайды. Ал қан тамырлары адам ағзасының барлық мүшесінде бар. Сондықтан энергетиктер бүкіл ағзаны біртіндеп тоздырады. 

Аталмыш сусынды ұзақ уақыт тұтыну гипертонияға, аритмияға, қант диабетіне, бүйрек пен бауыр жеткіліксіздігіне, инсульт пен инфарктқа әкелуі мүмкін. 

«Кей пациенттерде аяқ-қолдың жансыздануы, жүйке жүйесінің зақымдануы байқалады. Бұл көбіне қанттың әсерінен дамитын диабеттік нейропатия», — дейді кардиолог.

Дәрігер энергетикке тәуелділік бар екенін де атап өтті. Оның айтуынша, көбіне психологиялық тәуелділік ретінде қалыптасады. Адам энергетиксіз өзін әлсіз, жұмысқа қабілетсіз сезіне бастайды. Біртіндеп ол сергектік үшін емес, жай ғана қалыпты күйге жету үшін ішеді. Кейін бұл әдеттен бас тарту қиынға соғады: әлсіздік, ашуланшақтық, апатия, тіпті депрессиялық белгілер пайда болуы мүмкін.

Жасөспірімдер үшін энергетиктің зияны тіпті ауыр

Өсіп келе жатқан ағзада жүрек-қан тамыр жүйесі мен гормоналдық тепе-теңдік әлі толық қалыптаспаған. 

«Энергетиктер бұл процестерді бұзып, жүрек соғысының жиілеуіне, семіздікке және гормоналдық теңгерімнің бұзылуына әкелуі мүмкін», — дейді Әсемгүл Мақжанова. 

Сондықтан энергетиктерді 21 жасқа дейін сатуға шектеу қою медицина тұрғысынан негізді шешім деп санайды.

Кардиологтың айтуынша, энергетиктерді ішу керек сәттер болып тұрады. Мысалы, ұзақ түнгі жолда көлік жүргізу немесе аса шұғыл жұмысты аяқтау қажет болғанда. Бірақ мұндай жағдайда да кейін міндетті түрде ұйқы мен толық қалпына келу болуы керек. Ал күн сайын энергетик ішу — ағзаны созылмалы күйзеліске ұшырату деген сөз. 

«Энергетик күш бермейді. Ол тек ағзаның соңғы қорын уақытша пайдаланады. Ал оның құны өте жоғары», — деп түйіндейді Әсемгүл Мақжанова.