Қарағанды облысында әлеуметтік сала мәселелеріне арналған жиын өтті - kaz.caravan.kz
  • $ 509.75
  • 594.67
-4 °C
Алматы
2026 Жыл
14 Қаңтар
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қарағанды облысында әлеуметтік сала мәселелеріне арналған жиын өтті

Қарағанды облысында әлеуметтік сала мәселелеріне арналған жиын өтті

Қарағанды қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өңірдің әлеуметтік саласын дамыту мәселелері қаралды. Жиынға әлеуметтік бағыттағы салалық министрліктердің өкілдері және Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысты.

  • 14 Қаңтар
  • 2
ФОТО: primeminister.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Денсаулық сақтау саласы бойынша ведомство өкілдері медициналық қызметтің сапасы мен алғашқы медициналық көмектің рөлін арттыруға басымдық берілетінін атап өтті. Сонымен қатар жүйе тұрақтылығы тек қаржыландыру мен инфрақұрылымға ғана емес, аурудың алдын алу, ерте анықтау және халықпен ашық әрі тығыз байланыс орнатуға да тікелей байланысты екені айтылды. Осындай кешенді тәсіл денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, азаматтардың медициналық ұйымдарға деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді.

«Денсаулық сақтау саласы өзара тығыз байланыста жұмыс істейтін біртұтас жүйе болуға тиіс. Алғашқы медициналық көмек, профилактика, ауруларды ерте анықтау және көрсетілетін қызметтің сапасы бір жүйе ретінде жұмыс істегенде ғана нәтиже болады. Сондықтан өңірдегі басшылардың жауапкершілігі мен медициналық ұйымдардың жұмысына тұрақты бақылау ерекше маңызды», – деді вице-премьер.

Отырыста әлеуметтік саясаттағы өзекті мәселелер де көтерілді. Бұл салада халықтың сенімі нақты ережелер мен тиімді басқаруға тікелей байланысты екені айтылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев атаулы әлеуметтік қолдауға көшу және өңірлік төлемдерді біріздендіру мәселелеріне тоқталды. Өзгерістерді енгізу барысында әрбір азаматқа жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізу және жергілікті деңгейде барлық үдерістерді дұрыс жолға қою маңызды екені сөз болды. Себебі адамдар үшін қандай өзгеріс болып жатқанын, оның себебі мен өздеріне қалай әсер ететінін нақты түсіну аса маңызды.

Білім беру саласы бойынша мектепке дейінгі ұйымдардың қолжетімділігі, маман тапшылығы мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау мәселелеріне баса назар аударылды. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2-6 жас аралығындағы балалардың 90,9%-ы балабақшамен қамтылғанымен, әлі де 25 мыңнан астам балаға орын қажет. Аида Балаева қазіргі білім беру тек мектеп пен балабақша санына ғана емес, оқыту сапасына, білікті кадрларға және балалармен жұмыс істеудегі заманауи тәсілдерге де байланысты екенін атап өтті.

Өңірдегі кадр даярлау мен ғылымды дамыту мәселесі де назардан тыс қалмады. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек еңбек нарығына қажетті мамандарға болжам жасауға мүмкіндік беретін ұлттық сауалнама жүргізіліп жатқанын хабарлады. Мұндай шаралар кадр саясатын нақты жоспарлауға және жоғары оқу орындары мен колледждердегі білім беру бағдарламаларын технологиялық өзгерістерге сай уақтылы бейімдеуге жол ашады. Бұл ретте білім беру жүйесі мен еңбек нарығы біртұтас механизм ретінде жұмыс істеуі тиіс.

Сонымен қатар туризм мен бұқаралық спортты дамыту мәселелері талқыланды. 2025 жылғы 9 ай қорытындысы бойынша өңірде 370 мың туристке қызмет көрсетілген, жалпы табыс 8 млрд теңгеге жеткен. Аталған саланы одан әрі дамыту үшін инфрақұрылымды жетілдіру, туристік аймақтарды әр маусымға дайындау және демалыс орындарындағы қоғамдық қауіпсіздікті күшейту қажет екені айтылды.

Кездесу соңында Аида Балаева ведомствоаралық өзара байланысты күшейтіп, өңірлік деңгейде әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруды тапсырды. Басым бағыттардың қатарында денсаулық сақтау саласында профилактика шараларын күшейту, әлеуметтік қолдау тетіктерін нақтылау, білім беру жүйесін цифрландыру, экономиканың сұранысына сай кадр даярлау, сондай-ақ мәдени орта мен бұқаралық спортты дамыту өмір сапасын арттырудың ажырамас бөлігі ретінде айқындалды.