Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Спортшының менеджері әрі промоутері Нұраддин Садық «Бірінші бол» бағдарламасына берген сұхбатында жанкүйерлерге “Gold” лақап атымен танымал өзбекстандық файтер Шахзод Узоқов туралы өз ойымен бөлісті.
«Gold — көше романтикасының жарқын өкілі. Бізде де жастар еліктейтін біраз персонаждар болды ғой. Сол сияқты қазіргі таңдағы жасөспірімдердің кумирі. Бірнеше рет істі болған, түрлі тарихы бар адам. Жергілікті жанкүйерлерге қызық болғандықтан жақсы көтерілді. Оны пір тұтып отыр десе де болады. Марқұм Мұратхан Тораев жекпе-жектің жарқын өкілі болған. Қазір Gold соның деңгейіндегі азамат. Қызық факт айтайын, тіпті Баходир Жалолов секілді боксшылары дәл бұндай қолдауға ие емес шығар деп ойлаймын», — дейді ол.
Сондай-ақ, ол Өзбекстанның ықпалды ортасында «Еркебұланды қалайда жеңу» мәселесі сөз болғанын да жасырмады.
«Маған келген инсайдерлік ақпараттарға сенсек, Өзбекстанда Еркебұланды жеңу үлкен деңгейде қозғалған. Өзбектің элитасының деңгейінде мына баланы жеңетін өзбек табыңдар, біреуге бірдеңе қып мына баланы жеңгізу керек деген әңгіме қозғалған. Қазір Өзбекстанның үкілеген үміті осы Gold болып отыр. Gold пен Еркебұланның жекпе-жегі оразадан кейін болатын шығар. Себебі, Gold-ты бір рет тексермей оны бірден Еркебұланға салуға ниетті емеспіз. Сол себепті мүмкін, Gold ақпан айында өтетін біздің Ташкенттегі турнирде өзі деңгейлес дебютант біреумен дебют жасап көретін шығар», — дейді Нұраддин Садық.
Еске сала кетейік, өткен жылдың 26 желтоқсанында Еркебұлан Тоқтар Ташкент төрінде өткен жекпе-жекте өзбекстандық Тимур Никулинді жеңген еді. Отандасымыз айқастың алғашқы минуттарында-ақ қарсыласын нокаутқа жіберіп, жарқын жеңіске қол жеткізді.