Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
UCL Археология институты – археометаллургия мен пәнараралық зерттеулер саласындағы әлемдік жетекші орталықтардың бірі.
Меморандумға ШҚТУ ректоры Сәуле Рахметуллина мен UCL Археология институтының директоры Кевин Макдональд қол қойды. Келісім екі ірі ғылыми жобаның аясында ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Олар: Еуропалық зерттеу кеңесі қолдайтын халықаралық DREAM жобасы және ШҚТУ-да «Көне Еуразиялық металлургия жүйесіндегі Шығыс Қазақстанның қола кен орындары» атты қазақстандық жоба.
Жобалар көне металлургияны, трансөңірлік сауда желілерін және қола дәуіріндегі технологиялық жаңашылдықтарды кешенді зерттеуге мүмкіндік береді. Меморандум бірлескен далалық және зертханалық жұмыстар, халықаралық ғылыми жарияланымдар, тәжірибе алмасу мен ғылыми іс-шараларды қамтиды.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл келісімді қазақстандық зерттеулерді халықаралық ғылыми кеңістікке интеграциялау жолындағы маңызды қадам деп бағалайды.