“Арал мәселесіне тоқталмай кету мүмкін емес“ - Тоқаев - kaz.caravan.kz
  • $ 507.05
  • 594.82
-13 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Қаңтар
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
“Арал мәселесіне тоқталмай кету мүмкін емес“ - Тоқаев

“Арал мәселесіне тоқталмай кету мүмкін емес“ - Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында Арал мәселесіне тоқталды

  • 20 Қаңтар
  • 6
ФОТО: Tengritravel.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengritravel.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Президент Қызылордаға келіп тұрып, Арал мәселесіне тоқталмай кету мүмкін емес екенін айтты.

«Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет. Мен бұл мәселе туралы халыққа Жолдауымда айттым. Жылдар бойы жүргізілген жұмыстың арқасында Солтүстік Аралды құтқарып қалдық. Қашқан теңіз қайтып, кіші Аралдың қалпына келе бастағанына біраз жыл болды», — деді Президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, қазір Көкарал бөгетін биіктету шаралары қолға алынып жатыр. Жоба осы жылдың соңында басталады. Кіші Аралдың суының көлемін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік болады.

«Бірақ бұл – тек біздің қолымызда тұрған мәселе емес. Қазақстандағы ірі өзендердің көбі бастауын көрші мемлекеттерден алады. Дарияның басында тұрған елдердің су саласындағы саясатына байланысты Сырдың суы теңізге әр кезде әртүрлі көлемде жетеді.

Демек көп түйткілдің шешімі су саласындағы шебер дипломатияға байланысты. Қазір Орталық Азия елдерінің бәрімен су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісімдер жасалды.

Түптеп келгенде, Арал ғана емес, Каспийдің, Балқаштың, Ертістің тағдырын шешу үшін көршілермен мәмілеге келіп, келісімдерге қол қоюымыз қажет», — деді Президент.