Елімізде азық-түлік бағасы өзгерді - kaz.caravan.kz
  • $ 503.35
  • 590.63
-2 °C
Алматы
2026 Жыл
26 Қаңтар
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Елімізде азық-түлік бағасы өзгерді

Елімізде азық-түлік бағасы өзгерді

Сенбі күні Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының бір аптадағы жағдайы қаралды

  • 26 Қаңтар
  • 2
ФОТО: ЖИ

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша орташа баға өсімінің индексі апта қорытындысы бойынша нөл деңгейінде сақталды. Алма (-2,1%), қияр мен пияз (-1,3%), шай (-0,9%), балық пен тауық еті (-0,6%) және басқа да азық-түлік өнімдерінің бағасы арзандаған. Маусымдық факторға байланысты өзгедей әлеуметтік маңызы бар көкөністер бойынша баға құбылмалы болды.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, ерте піскен өнімді жеткізуді қамтамасыз ету бойынша қабылданған басқа да шаралардан бөлек, Сауда және интеграция министрлігі биылғы сәуір-маусым айлары аралығында үшінші елдерден көкөністерді бажсыз әкелу туралы ұсынысты ЕАЭО Кеңесінің қарауына шығару туралы бастама көтеріп отыр.

Жиын барысында вице-премьер Астана және Алматы қалалары әкімдері орынбасарларының өңірдегі қазіргі баға және экономикалық жағдай туралы баяндамаларын жеке-жеке тыңдады.

Елордада азық-түлік инфляциясының баяулау үрдісі тұрақты сақталуда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының орташа баға индексі 107,4%-ды құрады, бұл – ел бойынша ең тұрақты көрсеткіштердің бірі. 

Бағаның өсуін тежеу азық-түлік тауарлары бойынша уақтылы келісімшарттар жасау нәтижесінде мүмкін болып отыр. Өнімдер елордадағы 180-нен астам сауда нүктесінде сатылады. Ірі сауда желілерімен әлеуметтік маңызы бар тауарларға сауда үстемесін шектеу жөнінде келісімдер жасалған. 

Сонымен қатар баға қалыптастырудағы делдалдық схемаларды анықтау және жәрмеңкелік сауданы дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде. 2026 жылы Астанада 300-ден астам демалыс күнгі жәрмеңке өткізу жоспарлануда. Жалпы ел бойынша шамамен 10 мың жәрмеңке ұйымдастырылмақ.

Алматы қаласында 2025 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 8,9%-ды, ал биылғы жылдың басынан бері 0,2%-ды құрады. Ет және сүт өнімдерінің негізгі түрлеріне баға тұрақты деңгейде сақталып отыр, ал тауық еті мен кейбір сүт өнімдері арзандаған. 

Бағаның өсуі негізінен көкөністердің жекелеген түрлері мен бакалея өнімдеріне тиесілі, бұл ретте Алматыда қырыққабат пен қарақұмық жармасының бағасы ел бойынша орташа көрсеткіштен төмен. Бағаны одан әрі тұрақтандыру үшін тікелей жеткізіп беру желісін кеңейту, демалыс күнгі жәрмеңкелер ауқымын арттыру және қаладағы сауда желілері мен базарларда күнделікті баға мониторингін күшейту жұмыстары жүргізілуде.

Жиын қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин аумақтық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттеріне өңірлердегі жұмысты күшейтуді және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті сауда үстемесінің сақталуын тексеруді жандандыруды тапсырды.