Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы өзбекстандық басылымға сілтеме жасап хабарлайды.
СІМ баспасөз хатшысы Ахрор Бурхановтың айтуынша, оқиға 2025 жылдың сәуір айында Дубайда орын алған. Өзбекстан азаматтары қатысқан жаппай төбелеске қатысты сот процесінің нәтижесінде 21 қаңтар күні БАӘ соты сегіз адамды кінәлі деп танып, оларға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Тағы бір азамат 25 жыл мерзімге сотталған.
«Қазіргі уақытта Өзбекстанның тиісті ведомстволары мен дипломатиялық өкілдіктері жағдайды жан-жақты зерделеу және ел азаматтарының құқықтарын қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр», — делінген министрлік хабарламасында.
БАҚ өкілдері Дубайда Өзбекстан азаматтарының қатысуымен болған жаппай төбелес туралы 2025 жылдың сәуір айында хабарлаған болатын. Қақтығыс жанармай құю станциясының аумағында болған. БАӘ құқық қорғау органдарының мәліметінше, оқиға салдарынан екі Өзбекстан азаматы қаза тапқан: олардың бірі пышақ жарақатынан оқиға орнында көз жұмса, екіншісі комаға түсіп, кейін ауруханада қайтыс болған.
25 сәуір күні Өзбекстан дипломаттары Дубай Қылмыстық іздестіру департаментінің басшылығымен кездесу өткізген. Әмірлік тарапы бұл іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын және 15 Өзбекстан азаматының ұсталғанын хабарлаған.
БАӘ билігі шетелде Өзбекстан азаматтарының қатысуымен құқықбұзушылықтардың жиілеуі екі ел арасындағы визасыз режимге кері әсер етуі мүмкін екенін де ескерткен.
Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі аталған іс бойынша құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеп, азаматтарды шетелде елдің және отандастардың беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерден аулақ болуға шақырған.
Кейінірек Дубай прокуратурасы жанжал бұрыннан таныс екі топтың арасында болғанын және алдын ала мәлімет бойынша ұзаққа созылған жеке дау-жанжалмен байланысты екенін нақтылады. Оқиғаға қатысушылар бейнебақылау камераларының жазбалары мен куәгерлердің айғақтары арқылы анықталып, басқа эмираттағы қонақүйлердің бірінде ұсталған. Іс ары қарай қарау үшін прокуратураға жолданған.