Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Оның айтуынша, электр энергиясын тұтынудың өсуі жаңа өндірістік қуаттарды айтарлықтай көлемде іске қосуды талап етеді. Сонымен қатар әлемдік энергетикада жаңартылатын энергия көздерінің рөлі барған сайын күшейе түседі.
Сарапшы бүгінде күн және жел энергетикасы тек экология тұрғысынан ғана емес, экономикалық жағынан да тиімді екенін атап өтті.
Бұл көздерден өндірілетін электр энергиясының құны қазірдің өзінде дәстүрлі көмір мен газға қарағанда төмен. Осыған байланысты жаңартылатын энергияға инвестиция салу көптеген ел үшін ұтымды шешімге айналып отыр, — деді Карлос Торрес Диас.
Қазақстанға қатысты пікір білдірген Карлос Торрес Диас елде күн және жел генерациясын дамытуға қолайлы табиғи жағдай бар екенін айтты. Сонымен қатар көмір мен газ қорының болуы, әсіресе өтпелі кезеңде, энергожүйенің сенімділігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, сарапшы атом энергетикасына қызығушылықтың қайта артып келе жатқан жаһандық трендке назар аударды.
Елдердің көміртек шығарындыларын азайтуға және тұрақты энергия көздерін қамтамасыз етуге ұмтылысы аясында атом генерациясы қайтадан өзектілікке ие болып отыр. Осы тұрғыда уран өндіру бойынша әлемдегі ірі елдердің бірі саналатын Қазақстан жаһандық энергетикалық тізбекте маңызды орын алып, қосымша инвестиция тарта алады, — деді ол.
Еске салайық, Qazaqstan NEXT 2026 форумы Астанада алғаш рет өтіп жатыр және экономика мен технологияның болашағын талқылауға арналған.
Форум күн тәртібінде энергетикалық қауіпсіздік пен инфрақұрылым, цифрлық трансформация, жасанды интеллектінің әртүрлі салаларды дамытудағы рөлі, сондай-ақ адам капиталын және креативті индустрияны дамыту мәселелері қамтылған.
Айта кетерлігі, Qazcontent АҚ – форумның ресми медиасеріктесі болып отыр.