Өңірлерде тұрақтандыру қорларындағы көкөністерді белсенді  сату басталды - kaz.caravan.kz
  • $ 501.02
  • 597.27
-1 °C
Алматы
2026 Жыл
2 Ақпан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Өңірлерде тұрақтандыру қорларындағы көкөністерді белсенді  сату басталды

Өңірлерде тұрақтандыру қорларындағы көкөністерді белсенді  сату басталды

Үкіметте  Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен инфляцияны тұрақтандыру мәселелері бойынша кеңес өтті.

  • 2 Ақпан
  • 1
ФОТО: primeminister.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Соңғы екі аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің орташа баға индексі нөлдік деңгейде сақталып отыр. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, қияр (-2,5%),  балық (-1,4%), алма (-0,5%), ұсақталған ет (-0,3%), қарақұмық пен сиыр еті (-0,2%), қатты ірімшік пен жұмыртқа (-0,1%) бағалары төмендегені тіркелді. Қызанақ, сүт, тауық еті, сүйекті сиыр еті және нан бағалары тұрақты. Сонымен қатар көкөніс-жеміс өнімдерінің бағасы маусымаралық кезеңге байланысты өсіп келе жатқаны байқалады.

Бағаны тұрақтандыру мақсатында ақпан айынан бастап тұрақтандыру қорларындағы көкөністердің белсенді түрде сату басталды. Бүгінгі күнге дейін аймақтардағы сауда орындарына қолжетімді бағамен 57 мың тоннадан астам көкөніс жеткізілді. Ақпан айында  нарыққа қосымша шамамен 80 мың тонна картоп, 11 мың тонна пияз, 27 мың тонна сәбіз және 19 мың тонна қырыққабат шығару жоспарлануда.

Жиын барысында майлы өнімдер, атап айтқанда күнбағыс майының бағасын тұрақтандыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Вице-премьер Ауыл шаруашылығы министрлігіне отандық зауыттарда күнбағыс майын өндіру үшін фермерлерді майлы тұқым сатуға ынталандыратын шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл шара фермерлерді қолдауға, кәсіпорындардың жұмысын қамтамасыз етуге және ішкі нарыққа май жеткізілімін арттыруға мүмкіндік береді.

Жыл басынан бері  72 аймақтық комиссия отырысы өтіп,  сауда үстемесін  қолдану тәртібін бұзудың 128 фактісі анықталған. Сауда саласында мемлекеттік бақылауға 218 бизнес субъектісі қамтылған, жалпы салынған айыппұл сомасы 3,7 млн теңгені құраған. Серік Жұманғарин формалды түрде өтіп, сауда үстемесін шектеу бойынша ешқандай нәтиже бермеген Қарағанды, Маңғыстау, Қызылорда, Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Павлодар облыстарындағы аймақтық комиссиялардың жұмысын сынға алды.

Жиын қорытындысы бойынша вице-премьер жергілікті деңгейде жеке жауапкершілікті қамтамасыз ету қажеттігін атап өтіп, баға өсімін болдырмау, заңсыз баға өсуін тоқтату және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларында баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша практикалық жұмыстарды жандандыруды тапсырды.