2 жыл ма, 8 жыл ма: Мектеп директорына қанша уақыт беру керек? - kaz.caravan.kz
  • $ 505.17
  • 599.54
+3 °C
Алматы
2026 Жыл
3 Ақпан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
2 жыл ма, 8 жыл ма: Мектеп директорына қанша уақыт беру керек?

2 жыл ма, 8 жыл ма: Мектеп директорына қанша уақыт беру керек?

Мектеп директорын қанша жылға тағайындаған дұрыс? Осы сұрақ соңғы уақытта қоғамда қызу талқыланып жатыр. Білім саласы мамандары директор – мектептің «жүрегі» екенін алға тартып, қысқа мерзімде жиі ауыстыру нақты нәтижеге жеткізбейтінін айтады

  • 3 Ақпан
  • 2
ФОТО: Жасанды интеллект фотоиллюстрациясы

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ұсыныс: 2+2

Бірнеше апта бұрын Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп директорларын тағайындау мен олардың жұмыс істеу мерзіміне қатысты ұсыныс жасаған болатын. Ведомство басшысы директорды қызметке екі оқу жылына тағайындауды ұсынып, егер жақсы нәтиже көрсетсе, тағы екі оқу жылына созуды, яғни 4 оқу жылына тағайындау бастамасын көтерді.

Қазіргі таңда министрдің бұл ұсынысы қоғамда қызу талқыланып жатыр.

Қазақстанда қанша директор бар?

Қазіргі таңда орта білім беру жүйесінде барлығы 8 048 мектеп бар. Оның 5 233-і ауылдық жерде, 2 815-і қалаларда орналасқан.

2026 жылғы 24 қаңтардағы жағдай бойынша, елімізде жалпы 7 238 директор еңбек етеді. Олардың 810-ы, яғни 10 пайызы мектеп басшысы лауазымын уақытша атқарушылар.

Директорлардың ішінде әйелдер – 62 пайыз, ерлер – 38 пайыз.

Директорлардың орташа жасы – 48,5.

Директорлардың орташа еңбек өтілі – 26 жыл.

Қызмет ету ұзақтығы:

— 5 жылға дейін еңбек еткен директорлардың саны небәрі 86 адам (1,2%).

— 6-10 жыл мектеп директоры болып жүргендер – 328 адам (4,5%).

— 11-15 жылға дейін – 759 адам (10%).

— 16 жылдан жоғары мектеп директоры қызметін атқаратындар саны – 6065 адам (84%).

20 жылдан астам қызмет атқарып отырған директоры бар мектеп саны – 129.

Оның ішінде:
Ақмола облысында – 23,
Жамбыл облысында – 10,
Солтүстік Қазақстан облысында – 24,
Павлодар облысында – 13,
Шығыс Қазақстан облысында – 12,
Ақтөбе облысында – 6,
Абай облысында – 14,
Жетісу облысында – 5 директор бар.

Бір жерде 20 жыл директор болғандарды ротациялау керек. Егер жақсы қызмет көрсетіп, мектепті дамытса, онда басқа мектепке барып та сондай нәтиже көрсетсін. Біз оны алып тастап, педагогикаға қайта қайтарайын деп жатқан жоқпыз. Бірақ біз бір мектепте 4 жыл жақсы қызмет көрсету туралы айтып отырмыз. Біздің ұсыныстарымыз талқыланып жатыр, — деп Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова сала мамандарының пікірін ортаға салуды сұрады.

«Ұзақ отыра берсе, тоқырауға ұшырайды»

QAZBILIM GROUP компаниясы басқарма төрағасы, ұстаз Аятжан Ахметжанұлына да «Директорды неше жылға тағайындау керек?» деген сұрақты қойып, ойын білдік.

Директорлар кемінде 4 жылға тағайындалып, екі кезең отыруы керек. Бұрынғы 8 жыл дұрыс деп санаймын. Себебі директорлардың тағайындалған уақытынан нәтижеге қол жеткізген уақытына дейін кемінде 3 оқу жылы керек. Ал бұрын істеп тұрған мектепке барған директордың бір жылы мектептің бұрынғы мәселелерін реттеуге кетеді. Сол себепті жақсы нәтиже көрсетуі үшін 4 жыл керек. Директорларды бір-екі жыл сайын ауыстыра бергеннен түк шықпайды, — дейді ол.

Аятжан Ахметжанұлы директорлардың 7-8 жылдан ұзақ отыруына да болмайтынын айтты.

Егер осы уақыттан ұзақ отырса, онда бәрі көз алдында үйренген, өздігінен жүре беретін сияқты болып елестеп, тоқырауға ұшырайды. Сондықтан ең азы 3-4, ал ең көбі 7-8 жылға тағайындалуы керек деп ойлаймын, — деп ойын айтты білім саласының сарапшысы.

«Басты өлшем – оқушының сапалы білімі»

Бұған дейін біз Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің де мектеп директорын тағайындау мерзіміне қатысты ұстанымын сұраған болатынмыз. 

Депутат басты назар оқушының сапалы білім алуына бағытталуы тиіс екенін айтты.

Ең бастысы – мұғалімге жайлы ма, не директорға ұнай ма, ұнамай ма деген мәселе емес. Негізгі мақсат – баланың сапалы білім алуы. Ол үшін мектепте мықты білім беру бағдарламалары, тәрбие жұмысы мен басқару жүйесі тиісті деңгейде болуы керек. Бізге қандай модель осы мақсатқа жеткізеді – басты сұрақ осы. Осыған дұрыс жауап берсек, қай модельдің тиімді екенін де анықтай аламыз. Біз кезінде дәл осы ұстанымдарға сүйеніп шешім қабылдағанбыз, – деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов.

«Директор – мектептің жүрегі»

Астана қаласы әкімдігінің «№102 жалпы орта білім беретін мектеп» ШЖҚ МКК, директордың ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Күләш Саргелтаева директорды тағайындау мерзіміне қатысты өзінің ойын айтты.

Мектеп директорын бастапқыда екі жылға тағайындау керек деген ұсынысты естігенімде таңқалғанымды жасырмаймын. Себебі бұл ойға қонбайтын дүние. Екі жылда директор не істеп үлгереді? Мысалы, біздің мектеп 2024 жылы ашылды. Біз бір жыл бойы жан-жақтан мұғалімдерді жинадық. Олардың әрқайсысы әртүрлі, оған қоса ата-аналарымыз, балаларымыз бар. Бәрінің мінезі сан алуан, — деп айтты директордың орынбасары.

Сөзінше, бірінші жылы осы мектептің жұмысымен айналысып, құжаттарын реттеп, ресімдеу, қаладағы жаңа тіркеулерден өткізу секілді бастапқы рәсімдердің бәрін жасадық.

Екінші жылы да сол тіркеу, бейімдеу, ұйымдастыру мәселелерімен айналыстық. Қазіргі таңда ғана негізгі жұмысымызды жүйелі түрде бастауға мүмкіндік туды. Негізінде, директор үшін алғашқы екі жыл көбіне ұйымдастыруға, мәселелерді шешуге және бейімделуге кетеді. Бұл уақытта айтарлықтай нәтиже көрсету мүмкін емес. Одан кейін директор мектептің даму бағдарламасын әзірлейді. Ол бағдарлама екі немесе үш жылға жоспарланады. Сол даму бағдарламасында көзделген іс-шараларды кезең-кезеңімен жүзеге асыра бастаймыз. Үшінші жылдан бастап директордың нақты жұмысының нәтижесі көріне бастайды деп ойлаймын. Ал бес жыл ішінде директор өз нәтижесін анық көрсете алады, – деп ойын айтты маман.

Күләш Саргелтаева білім саласындағы қызметін мұғалім лауазымынан бастаған. Қазір мектепте директордың орынбасары қызметін атқарады. Ол салада 25 жылға жуық уақыттан бері еңбек етіп келе жатқан білікті мамандардың бірі. Сол себепті бұл жұмыстың қыр-сырын жақсы білетінін айтады.

Сырт көзге «директор орнында ғана отырады» деген пікір болуы мүмкін. Бірақ шын мәнінде олай емес. Директор күн сайын шаруашылық мәселелермен де, қаржылық сұрақтармен де айналысады. Сонымен қатар мектептің оқу-тәрбие процесін жандандырып, оны алға ілгерілету – оның басты міндеттерінің бірі. Директор – мектептің жүрегі. Әрине, орынбасарлары, шығармашылық топта мұғалімдер бар. Бірақ барлық жұмысты үйлестіретіп отыратын адам – директор, – деп айтты Саргелтаева.

Заманауи мектеп директоры қандай болуы керек?

Күләш Саргелтаеваның айтуынша, заманауи директор – тек әкімшілік басшы емес, мектепті алға сүйрейтін көшбасшы, бір сөзбен айтқанда дипломат болуы керек. Қазіргі жасанды интеллект пен технология қарыштаған заманда директор жаңашыл, ашық ойлы және үнемі дамуға ұмтылатын тұлға болуы тиіс. Ол мектепті жаңа деңгейге көтере алатын, өзгерісті қабылдап қана қоймай, соны өзі бастап жүретін адам болғаны маңызды.

Ең алдымен, директор білім беру үдерісінің жүрегін түсінуі керек. Мұғалімдермен тіл табысып, олардың кәсіби дамуына жағдай жасауы қажет. Ата-аналармен тығыз байланыс орнатып, сенімге негізделген қарым-қатынас құра білуі маңызды. Ал ең бастысы – оқушылармен ортақ тіл таба алуы тиіс. Өйткені қазіргі балалар бұрынғы буыннан өзгеше: ойлау жүйесі, қызығушылығы, ақпаратты қабылдауы мүлде басқа, — дейді білікті ұстаз.

Заманауи директор:

• технологияны түсінетін, цифрлық құралдарды тиімді қолдана алатын;

• жаңашылдыққа ашық, бастамашыл;

• ұжымды біріктіре алатын көшбасшы;

• мектептің дамуын нақты жоспарлайтын стратег;

• жастарды қолдайтын, оларға мүмкіндік беретін басшы болуы керек.

Жас мамандарға жол ашу – бүгінгі мектептің дамуының кілті. Жастарға сенім артып, олардың бастамаларын қолдау – директордың маңызды ұстанымдарының бірі болуы тиіс. Себебі жас буын – жаңа ойдың, жаңа тәсілдің, жаңа серпіннің иесі.

Сырт көзге директор тек кабинетте отыратын адам болып көрінуі мүмкін. Алайда шын мәнінде ол мектептің шаруашылық мәселесін де, қаржылық жағын да, оқу-тәрбие үдерісін де қатар алып жүретін жауапты тұлға.

Мен өзім 24 жыл бойы орыс мектебінде қазақ тілінен сабақ бердім. Кейін басшылық қызметке ауыстым. Сондықтан бұл саланың ішкі тынысын жақсы білемін. Қазіргі ХХІ ғасыр директоры – білімді, заманауи, әділ, адаммен жұмыс істей алатын және болашақты ойлайтын көшбасшы болуы керек, — деп айтты Күләш Саргелтаева.

Қорыта келе, директорларға қанша уақыт берілсе де, ротациялау мектеп дамуына жаңа серпін әкелуі керек. Сондай-ақ ең бастысы кез келген модельдің тиімділігі оқушы сапасына әсерімен өлшенуі тиіс.