Мәжіліс халықаралық келісімдерді талқылайды - kaz.caravan.kz
  • $ 503.44
  • 593.35
+3 °C
Алматы
2026 Жыл
4 Ақпан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Мәжіліс халықаралық келісімдерді талқылайды

Мәжіліс халықаралық келісімдерді талқылайды

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы өтеді. Онда депутаттар екі халықаралық келісімді талқылап, психологиялық қызметке қатысты жаңа заң жобасы және Аустриямен арада адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді жұмысқа қабылдайды

  • 4 Ақпан
  • 1
Фото: Мәжіліс

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Айта кетейік, 30 қаңтарда Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен палатаның бюро отырысында жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланған еді. Соған орай депутаттардың қарауына Қазақстан Республикасы мен Перу Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек, сотталған адамдарды беру туралы шарттарды ратификациялау туралы заң жобалары ұсынылады.

2024 жылғы 23 қазанда Астанада қол қойылған құжаттар екі елдің құзыретті органдарының қылмыстық сот ісін жүргізу, сотталғандарды мемлекетте жазасын өтеу үшін беру, сондай-ақ адамдарды экстрадициялау саласындағы өзара іс-қимылды реттеуге бағытталған.

Бұған дейін еліміз аталған мемлекетпен сотталғандарды беру және қылмыстық істер бойынша ынтымақтастық туралы шартты ратификациялаған еді. Шартқа сәйкес, екі ел сотталған азаматтарды жазасын өтеу үшін өз елдеріне қайтарады. Сонымен қатар, тараптар қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсетуге, ақпарат алмасуға және тергеу процестеріне жәрдемдесуге келісім берді.

Сонымен қатар, палата қарауына бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісімін ратификациялау туралы заң жобасы енгізіліп отыр. Бұл құжат арқылы сауда-экономикалық байланыстарды дамыту және нығайту, Моңғолия нарығына тауар шығаруға қолайлы жағдай жасау көзделеді.

Фото: Монцамэ
Келісім әрбір тараптың негізгі экспорттық мүддесінің 367 тауар позициясына қатысты сауданың преференциялық режимін бекітеді. ЕАЭО-Моңғолия келісімі үш жылға жасалып, тараптардың келісімі бойынша одан әрі үш жылдық мерзімге ұзартылуы мүмкін.

Моңғолиямен келісім аясында бизнес кедендік әкелу баждарының төмендетілген мөлшерлемелері бойынша немесе бажсыз (оның ішінде тарифтік квоталар аясында) дәнді дақылдар (бидай, арпа, жүгері), құс еті, сүт өнімдері (йогурттар, ірімшік, май), бал, өсімдік майлары (күнбағыс майы), қант, шоколадты-кондитерлік өнімдер, нан-тоқаш өндірісі өнімдері, сулар, шырындар, джемдер, алкогольдік сусындар мен темекі өнімдері және тағы басқаларын, сондай-ақ металлургия өнімдері (ферроқорытпалар, прокат, шыбықтар, құбырлар), трансформаторлар, көлік құралдары (локомотивтер, автомобильдер), химия өнеркәсібі өнімдері (полимерлер, пластмассадан жасалған бұйымдар) және өзге өнімдерді жеткізуге мүмкіндік алады.

Сондай-ақ, депутаттар «Психологиялық қызмет туралы» және Аустрия Республикасымен арада заңсыз келген адамдардың реадмиссиясы мен транзиті туралы келісімді ратификациялау туралы жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдайды.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптада Мәжіліс Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасындағы жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласындағы жобаларды іске асыру туралы, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімдерді ратификациялады.

Бірінші келісім бойынша негізгі баяндама жасаған Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, 2024 жылғы 12 қарашада халықаралық климаттық COP-29 форумы аясында қол қойылған аталған құжат тұрақты және «жасыл» энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

-Келісімнің мақсаты – ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту, энергия өндіру мен жинақтаудың заманауи технологияларын енгізу, сондай-ақ Қазақстан өңірлерінің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу. Құжат аясында жалпы орнатылған қуаты 1,8 ГВт болатын жаңартылатын энергетика саласындағы үш ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Оның ішінде жиынтық қуаты 1,5 ГВт болатын екі жел электр станциясын және қуаты 300 МВт болатын бір күн электр станциясын салу жоспарланып отыр. Аталған жобалар мемлекетаралық ынтымақтастық аясында елімізде жүзеге асырылып жатқан ЖЭК саласындағы ең ауқымды жобалардың қатарына жатады, — деді ол.

Жобаларды Павлодар, Қарағанды және Түркістан облыстарының аумағында іске асыру жоспарланған. Бұл өңірлердің таңдалуы жел және күн ресурстарының жоғары әлеуетімен, сондай-ақ жаңа генерациялайтын қуаттарды Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне интеграциялау мүмкіндігінің болуымен негізделген. Барлық жоба қажет энергетикалық инфрақұрылымды құруды, оның ішінде электр желілеріне қосылу объектілерін салуды және электр энергиясын жинақтау жүйелерін енгізуді көздейді.

Палата қабылдаған келесі құжат — Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң. Бұл келісімге Түркі мемлекеттері ұйымының мемлекет басшылары кеңесінде қабылданған шешім негізінде 2024 жылғы қарашада төтенше жағдайлар ведомстволарының басшылары қол қойған.

-Аталған келісім апаттар мен төтенше жағдайларға ден қоюдың, сондай-ақ зардап шеккен мемлекетке ерікті қолдау көрсетудің бірлескен тетігін құруға бағытталған. Оның әкімшілік жұмыс органдары ретінде Министрлер кеңесі мен Азаматтық қорғау механизмінің Хатшылығы белгіленді. Хатшылықтың штаб-пәтері Ыстанбұл қаласында орналасқан, оны Министрлер кеңесі 3 жыл мерзімге тағайындайтын Бас хатшы басқарады. Оны құруға түрік тарапы қажетті қолдау көрсетеді, — деді Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев.

Оның айтуынша, Министрлер кеңесін Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық ететін мемлекеттің төтенше жағдайлар ведомствосының басшысы басқарады. Жыл сайын барлық мемлекеттер 50 мың АҚШ доллары көлемінде жарна енгізеді.

Жалпы отырыстың соңында депутаттар әлеуметтік және экономикалық маңызы бар мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 19 депутаттық сауал жолдады. Мәселен, депутат Жарқынбек Амантайұлы тренингтер азаматтарымызға психологиялық және қаржылық зиян келтіріп отырғанына алаңдаушылық танытты.

-Ай-күннің аманында қарапайым азаматтарды рухани күйретіп, психологиялық тұрғыда әлсіретіп, қаржылай тонауға жол беруге болмайды. Мұндай сорақылықты треннинг емес, диструктивті секта ретінде қарап, қатаң шара қолдану керек деген пікірлер де айтылады, — деді ол.

Ал Магеррам Магеррамов «Цифлық салық рулингі» жобасын әзірлеп, енгізуді ұсынды.

-Қазақстан халық партиясының фракциясы салық рулингі жүйесін кезең-кезеңмен енгізуді ұсынып, депутаттық сауал жолдаған болатын. Аталған сауалға Үкімет Салық кодексі субъектілерге салық органдарынан ұсыным алатын көлбеу мониторинг мүмкіндігін көздейтіндігін айтып жауап берді. Демек, кәсіпкерлердің шектеулі саны салық органдарынан ұсыным ала алады. Мұның бәрі жақсы. Алайда, мұны салықтық рулинг деп тану өте қиын. Біріншіден, ең маңыздысы, бұл ұсынымдардың міндетті күші болмайды. екіншіден, субъектілердің шектеулі саны ғана бұл құқықты қолдана алады, — деді депутат.

Жигули Дайрабаев болса Абай мен Ұлытау облыстарына республикалық бюджеттен қосымша трансферттер бөлу керек деп есептейді.

— Бірінші, аталған облыстарға арналған арнайы кешенді әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасын қайта қарап, қаражатты көбейту мүмкіндігін зерделеп, республикалық бюджеттен қосымша трансферттер бөлу керек. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындарға арналған арнайы қаржылық қолдау шараларын енгізу мәселесін қарастыру және инвестиция тартуға бағытталған ерекше жеңілдіктер мен ынталандыру тетіктерін енгізу қажет, — деді ол.