Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Бұл туралы ол өзінің желідегі парақшасында мәлімдеді.
«Құрметті шенеунік мырзалар мен ханымдар! Өздеріңнің өтпей жатқан ойындарыңды жүзеге асыру үшін ақын-жазушыларды күштеп сөйлетуді доғарыңдар!
Әншейінде әдебиетші қауымды “сорлы, бейшарашки” деп менсінбеуші едіңдер, енді сынға ұшыраған жобаларыңа қаламгер қауымның қорғауы керек боп қалыпты ғой!
“Әдебиетті дамыту керек, рухани түлемеген, кемелденбеген ұлттың болашағы қараң. Әке-көке, азғантай ғана қолдап, көмектесіп жіберіңдерші” деп Одақта жүргенімде, алдарыңа мың барған едім. Сонда миықтарыңнан күліп, шекелерің тырысып, шікірейіп отырушы едіңдер ғой! Енді ақын-жазушыға қарап қалатындай не күн туды бастарыңа?
Кәрі арыстан Мұхтар аға Шахановтың жағдайын күллі ел көріп отыр. Оны да қинап, Конституцияның жобасын мақұлдатып қойыпсыңдар. Ұят қой! Осыдан кейін бүкіл халық ақын-жазушыны жерден алып, жерге ұрып отырмағанда, нағылсын.
Сөйтіп, жазушыны біреу жүндей түтіп жатқанда, қайсың төрелік айтып, қаламгер қауымға араша түсіп едіңдер?! Айтыңдаршы, идеолог ағайлар мен апайлар?! Жұрт жұлмалап жатса, қайта “айтақ-айтақ”, “талаңдар біріңді бірің” деп сықылықтап күліп отырғандарыңды судың бетінен көргендей, біліп-сезіп отырам. Өздеріңе керек болғанда, шашын тарап, бетін майлап, алдап-сулап, үркітіп-қорқытып шығара қоясыңдар! Ұят! Ол жазушының бейшаралығы емес, ол сендердің қолдарынан түк келмей жатыр деген сөз!
Жазушы – жаны жараланғыш, жүрегі жұмсақ, баладай аңғал болады. Біреуге ондай болмыс ұнамайтын шығар, мәселе жоқ. Құдайға ұнайды ондай таза болмыс! Және кімде кім ондай адамға қиянат жасайды, түбі опық жейді.
Ал қаламгер қауымға айтарым – абыройларыңды ойлаңдар, аға-бауырлар. Шенеунік келеді-кетеді. Сендердің негізгі басшыларың – ол әуелі Құдай, сосын – қара орман халқың», — деді қаламгер.