1 сәуірден бастап жарық пен жылу бағасы қалай өзгереді? - kaz.caravan.kz
  • $ 494.75
  • 586.77
+9 °C
Алматы
2026 Жыл
10 Ақпан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
1 сәуірден бастап жарық пен жылу бағасы қалай өзгереді?

1 сәуірден бастап жарық пен жылу бағасы қалай өзгереді?

Өткен жылы Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге (ТКШ) қатысты тарифтерге уақытша мораторий енгізілген болатын. Аталған шектеу 2026 жылдың көктемінде, нақтырақ айтқанда, бірінші тоқсанның соңында аяқталады.

  • 10 Ақпан
  • 9
Фото - Caravan.kz

Енді не болмақ және бұл қазақстандықтар үшін немен аяқталуы мүмкін?
Бұл сұраққа Caravan.kz медиа порталының тілшісі жауап іздеп көрді.

Еске салайық, мораторий жылу және сумен жабдықтау, су бұру, электр энергиясы мен газ жеткізу тарифтеріне қатысты болды. Алайда бұл шара барлық өңірде бірдей емес, аймақтық ерекшеліктерге байланысты енгізілді. Ал мораторий аяқталған соң, тұрғындарды тарифтердің «еркін айналымы» күтіп тұрғаны анық.

Дегенмен, билік өкілдері бірнеше маңызды жайтты атап өтуде. Біріншіден, тарифтер бірден емес, кезең-кезеңімен өседі. Екіншіден, бағалар экономикалық тұрғыдан негізделуі тиіс. Үшіншіден, басты назар нақты тұтыну көлеміне аударылады, яғни қазіргі кезде есептегіш құралдары жоқ жағдайда қолданылатын нормативтер біртіндеп маңызын жоғалтады.

Салалық ведомстволардың мәліметінше, мораторий аяқталғаннан кейін коммуналдық төлемдер есепке алу құралдарының дәлдігіне тікелей байланысты болады. Егер есептегіштер орнатылмаса немесе жарамсыз күйде болса, төлемдер күрт өсуі, тіпті өткен кезеңдер үшін қосымша есептеулер жүргізілуі мүмкін.

Ал тарифтердің нақты қаншалықты өсетіні әзірге белгісіз. Құрылыс және ТКШ істері жөніндегі комитет төрағасы Бақытжан Жүнісбековтің айтуынша, бұл мәселе Ұлттық экономика министрлігі мен Табиғи монополияларды реттеу комитетінің құзыретінде.

Сонымен қатар, мемлекет әлеуметтік осал топтарға белгілі бір деңгейде өтемақы қарастыруы мүмкін. Кейбір деректерге сүйенсек, егер коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығын азамат табысының 10 пайызынан асып кетсе, осы мөлшерден жоғары бөлігін мемлекет өтеуі ықтимал. Алайда бұл әзірге нақты бекітілген шешім емес, тек болжам деңгейіндегі мәлімдемелер.

Ендеше, тарифтер шамамен қанша пайызға өсуі мүмкін? Осы сұраққа жауап алу үшін Caravan.kz экономист-сарапшы Марат Абдурахмановқа жүгінді.

— Республика бойынша тарифтердің өсуін күту керек. Электр энергиясы бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитетінің есептеріне сүйенсек, өсім шамамен 10–20 пайызды құрауы мүмкін. Ал жылу энергиясына келсек, солтүстік өңірлерде монополистер тарифтердің төмен екеніне көптен бері шағымданып келеді және оларды көтеруге мүдделі. Бұл ретте инвестиция мен инфрақұрылымды пайдалану мәселесі әлі де толық шешілмеген.

Жылу тарифтері электр энергиясына қарағанда да көбірек өсуі мүмкін. Мысалы, Рудный, Степногорск сияқты шағын қалаларда бағаны едәуір көтеру жоспарланып отыр. Себебі бұл өңірлерде жылу инфрақұрылымына ұзақ жылдар бойы инвестиция салынбаған, ал пайдалану барынша жүргізілген. Амортизация тарифке енгізілгенімен, нақты қаржы инфрақұрылымға жұмсалмаған. Соған қарамастан, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің нақты шешімі әлі жоқ.

Биыл жылу электр станцияларын және өзге де инфрақұрылым нысандарын ауқымды жаңғырту жоспарланған. Бірақ бұл неге байланысты екенін түсіну қиын, өйткені жылу тарифтері онсыз да шамамен 20 пайызға өсуі мүмкін. Ал солтүстік өңірлерде алдағы үш жыл ішінде тарифтердің 40 пайызға дейін өсу қаупі бар, — деді сарапшы.