Миллиондаған оқушылар білім алатын мектептердегі тамақпен қамту сын көтермейді. Асханалардың тығырыққа тірелгені соншама, бұл мәселе мәжіліске жетті. Не болып жатыр? Депутаттар неге дабыл қағуда? Тегін астың артында қандай мәселе жатыр? Caravan.kz медиа порталының тілшісі тарқатады.
Мәжілісте ел мектептеріндегі тамақтану жүйесінің қазіргі ахуалы талқыланды. Кәсіпкерлер жаппай шығынға батып жатыр. Ал миллиондаған оқушы сапалы тегін тамақтан қағылуы мүмкін. Депутаттардың айтуынша, бұл салада жүйелі мәселелер қордаланып қалған. Сондықтан қосымша ақша бөлмей, қарастырылған 192 миллиард теңгені қайта бөлу арқылы жағдайды түзетуді ұсынып отыр.
Осы ретте парламент депутаттары мектеп асханаларының жеткіліксіз қаржыландырылып отырғанына алаңдаулы. Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен жаңа стандарттар мектеп мәзірін калориясы жоғары әрі теңгерімді еткен. Алайда бұл талаптар инфляция мен қосылған құн салығын есепке алмай енгізілген. Соның салдарынан мектептерді тамақпен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлер жаппай шығынға ұшырауда.
Депутаттардың айтуынша, жағдайды ескірген асхана жабдықтары мен коммуналдық қызметтердің қымбаттауы одан әрі ушықтырып отыр. Нәтижесінде мектептегі тамақтану жүйесі экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып, бірқатар өңірлерде аса қауіпті деңгейге жеткен.
Әсіресе, Алматы, Маңғыстау, Ұлытау және Абай облысында жағдай тым ауыр. Бұл өңірлерде бір балаға бөлінетін тамақтану шығыны күніне орта есеппен 550 теңге деңгейінде. Салдарынан 4 миллионға жуық бала сапалы әрі толыққанды тегін тамақсыз қалуы мүмкін.
Оқушылардан бөлек, мектеп асханаларында жұмыс істейтін қызметкерлердің де күйі көңіл көншітпейді. Депутаттардың есебінше, 70 мыңға жуық адам, олардың басым бөлігі — әйелдер, жалақысыз қалып, жұмысынан айырылуға жақын. Ал еліміздің солтүстік өңірлерінде қолайсыз ауа райына байланысты оқу күндерінің қысқаруы бұл мәселені одан әрі күрделендірген.
Кәсіпкерлер өздерінің қаржылық мүмкіндіктері толық таусылғанын ашық айтып отыр. Олардың сөзінше, егер оқу күндері толық болғанда жағдайды еңсеруге болар еді. Алайда қазіргі ахуалда көптеген асханалар өз отбасыларының есебінен жұмыс істеп отыр.
«Неге біз жүйедегі кемшілікті өз қалтамыздан, өз балаларымыздың есебінен жабуымыз керек?», — дейді кәсіп иелері.
Олар үнемделген қаржыны тарифтерді индекстеуге және қызметкерлердің жалақысын төлеуге бағыттауды талап етуде.
Тағы бір алаңдататын жайт бар. Ол — тамықтың ысырап болуы. Депутаттардың айтуынша, кейбір мектептерде бұл көрсеткіш бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалып жатқанын және мәзірдегі теңгерімсіздікті айқын көрсетіп отыр.
Жекелеген оқу орындарында дайындалған тағамның 90 пайызына дейін қоқысқа тасталады екен. Бұл мәселе тек қаржы көлемінде емес, мәзір сапасы, тағамның берілуі мен ұйымдастыру тәсілдерінде де жатқанын аңғартады.
Ал салалық министрлік өкілдері мәзірді қайта қарағаннан кейін «ысырап деңгейі» 17 пайызға төмендеді деп сендіреді. Олардың айтуынша, көп нәрсе тағамның ұсынылуына және пайдаланылатын өнім түрлеріне байланысты, ал бұл бағытта мектептердің таңдау мүмкіндігі бар.
Қорытындылай келе, депутаттар мектептегі тамақтануға бөлінген 192 миллиард теңгені жедел түрде қайта бөлуді ұсынып отыр. Олардың мәліметінше, қазіргі таңда бұл саладағы кәсіпкерлердің басым бөлігі ҚҚС төлемейді, алайда өңірлер бюджет сметаларында бұл салықты әлі де есепке алады. Соның салдарынан балалардың тамағына нақты жұмсалатын қаражат азайып, шамамен 30 миллиард теңге басқа мақсаттарға кетіп отыр.
Депутаттар тарифтерді қайта қарап, қаражатты бөлу тетігін түзету арқылы қосымша қаржы бөлмей-ақ, мектептегі тегін тамақтың сапасын шын мәнінде жақсартуға болатынын алға тартады.