Жұмыссыздық төлеміне қатысты жаңа өзгеріс: Қазақстандықтарды не күтіп тұр? - kaz.caravan.kz
  • $ 485.95
  • 565.74
+33 °C
Алматы
2026 Жыл
1 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жұмыссыздық төлеміне қатысты жаңа өзгеріс: Қазақстандықтарды не күтіп тұр?

Жұмыссыздық төлеміне қатысты жаңа өзгеріс: Қазақстандықтарды не күтіп тұр?

Еңбек министрлігі жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлем алу шарттарын өзгерту мәселесін түсіндірді.

  • 1 Маусым
  • 3
Фото: Caravan.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмысынан айырылу жағдайына байланысты төленетін әлеуметтік төлемдерге қатысты baq.kz редакциясының сауалына жауап берді.

Әлеуметтік төлем алу мерзімі қысқаруы мүмкін

Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта Үкімет жұмысынан айырылу жағдайына байланысты төленетін әлеуметтік төлемді алу мерзімін қайта қарау мәселесін қарастырып жатыр.

Ұсынысқа сәйкес, төлемнің ең ұзақ мерзімін 4 ай деңгейінде белгілеу көзделіп отыр. Айта кету керек, 2005-2016 жылдар аралығында бұл мерзім де 4 ай болған. Ал қазір төлем 1 айдан 6 айға дейінгі мерзімде төленіп келеді.

Ведомствоның түсіндіруінше, өзгерістердің негізгі мақсаты – азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу. Әлеуметтік төлем — жұмыс іздеу кезеңінде азаматтың қаржылық тұрақтылығын сақтауға бағытталған уақытша қолдау тетігі.

Осы кезеңде мансап орталықтары жұмысқа орналастыру бойынша белсенді қолдау көрсетіп, азаматтарға өзекті бос жұмыс орындары мен жұмыспен қамту шараларын ұсынады, – делінген жауапта.

Төлем алушылар саны үш еседен астам өскен

Министрлік келтірген деректерге сәйкес, 2021-2025 жылдар аралығында жұмысынан айырылу жағдайына байланысты әлеуметтік төлемдер қолданыстағы заңнамаға сәйкес толық көлемде төленген.

Осы кезеңде төлем алушылар саны айтарлықтай артқан. Мысалы, 2021 жылы мұндай төлемді 105,7 мың адам алса, 2025 жылы олардың саны 354,2 мың адамға жеткен.

Ай сайынғы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері де өсті. Атап айтқанда, 2021 жылы орташа төлем көлемі 46,3 мың теңгені құраса, 2025 жылы 101,3 мың теңгеге дейін ұлғайған.

Ал жұмысынан айырылу жағдайына байланысты төленген әлеуметтік төлемдердің жалпы көлемі осы кезеңде 16,2 млрд теңгеден 130,4 млрд теңгеге дейін өскен.

Орташа төлем алу мерзімі — 4,5 ай

Министрліктің мәліметінше, 2025 жылы жұмысынан айырылу жағдайына байланысты әлеуметтік төлем алу мерзімінің орташа ұзақтығы 4,5 ай болған.

Сондай-ақ 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл төлем бойынша тоқтатылған істер саны 80 044-ті құраған.

Әлеуметтік төлем қалай есептеледі?

2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша жұмысынан айырылу жағдайына байланысты әлеуметтік төлемді 185 мыңнан астам адам алып отыр.

Төлем мөлшері азаматтың жұмыссыз ретінде тіркелгенге дейінгі соңғы 24 күнтізбелік айдағы табысы негізінде есептеледі. Бұл табыс жұмыс беруші төлеген әлеуметтік аударымдар көлеміне сәйкес автоматты түрде айқындалады және оған табысты алмастыру коэффициенті ретінде 45 пайыз қолданылады.

Министрліктің атап өтуінше, мұндай табысты алмастыру деңгейі Халықаралық еңбек ұйымының №102 конвенциясында белгіленген халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді.

Сонымен қатар қолданыстағы заңнамаға сәйкес әлеуметтік төлемнен 10 пайыз мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналары ұсталып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылады. Бұл азаматтардың жұмыс іздеу кезеңінде де зейнетақы жинақтарының қалыптасуын жалғастыруға мүмкіндік береді.

Министрліктің мәлімдеуінше, қолданыстағы жүйе азаматтарды уақытша қаржылай қолдап қана қоймай, олардың еңбек қызметіне барынша тез оралуына жәрдемдесетіндей етіп құрылған.

Ұсынылып отырған өзгерістердің негізгі мақсаты – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу. Ал әлеуметтік төлемдер азаматқа жұмыс іздеу кезеңінде қаржылық тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік беретін уақытша қолдау құралы. Бұл кезеңде мансап орталықтары жұмысқа орналастыруға көмек көрсетіп, азаматтарға өзекті бос жұмыс орындары мен жұмыспен қамту шаралары ұсынады, – деп түсіндірді министрлік.