Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
«Қоғамдық көлікте жастар үлкендерге неге орын беруі керек? Біз де шаршаймыз…» деп әртүрлі сылтау айтатын балаларға, жастарға мынадай қарапайым логиканы түсіндіре жүріңіздерші, құрметті ата-аналар және оқытушылар:
1. Мүгедек емес, ауру емес, сау жастың ағзасында керекті витаминдер, гормондар жоғары болады. Тіпті, оларда «либидо», күш-қуат, энергия асып-тасып, тіпті безеу боп бетке шығып төгіліп тұрады. Таңды таңға ұрып бешірлетіп жүрсе де шаршамайды. Шаршаса да, бес минут тынығып алса, ағза бірден өз қалпына келеді. Ары қарай қайтадан тау қопарар күш пайда болады. Ал үлкен кісілерде витаминдер, гормондар күрт төмендеп, тіпті, кейбір элементтер мүлде жойылады. Ағзаның қайта қалпына келу мүмкіндігі жоққа тән.
2. Адам ағзасында тоқтамай жүріп тұратын биологиялық, химилиялық реакциялар жас келген сайын баяулайды. Үлкен кісілерде биохимиялық реакциялар өте баяу жүреді. Соның әсерінен қимыл-қозғалыс баяулайды, күш-қуат кемиді, тез шаршайды, ағзаның қалпына келу мүмкіндігі жылдан-жылға жоғалады.
3. Үлкен кісілердің ағзасында жастың ұлғаюына байланысты, биохимиялық реакциялардың азаюына байланысты қан қысымы не жоғары, не төмен, не ойнамалы болып қалады. Жүрек соғуы өзгереді. Жүрек, өкпе, бүйрек, ішкі құрылыс, сүйек, буын қызметтері нашарлайды, тыныс алуы қиындайды. Буындардағы сұйықтықтың азаюынан, жоғалуынан сүйек шеміршектері қажалып, артрит, остехондроз, протрузия, грыжа сияқты аурулар белең алады… тіпті, асқазаны көп тамақты, ауыр тамақты қорыта алмай қалады… зат алмасу процесі баяулайды…. тіпті, жастар күніне 1-2 рет баратын әжетханаға кәрі кісілер 2-3 күнде бір барады….
4. Жас ұлғаю, қартаю деген процесс — тек бетке әжім түсіп, шаштың ағарып, тістің сарғаюы ғана емес. Қартаю деген — бүкіл сүйектің (адам скелетінің), бүкіл бұлшық еттердің, бүкіл буындардың, бүкіл ішкі құрылыстың, тіпті, ми қыртыстарының қартаюы, деформацияға түсуі, тұтас ағзаның дұрыс жұмыс істей алмауы. Ол бірден байқалмайды. 45-50 жастан кейін адам ағзасы бірте-бірте, ақырындап, миллиграмдап, миллиметрлеп кері кетіп, бүкіл витаминдер, гормондар кеми береді. Емханада анализ тапсырғанда адамның жасына орай кез-келген элементтердің нормасы болатынын жастар білу керек. «Климакс» деген сол. «Климакс» әйелдерде ғана болмайды, еркектерде де болады. Жастар бұны да білу керек.
5. Үлкендер, сенің ата-анаң сияқты, өз өмірінде талай қиындықты көріп, әртүрлі тағдырды басынан кешкен адамдар. Мүмкін денсаулығы жоқ шығар, мүмкін мүгедек шығар, мүмкін бірнеше баланы жалғыз өсірген жесір шығар, мүмкін күйуі күнде ұратын алқаш шығар, мүмкін бастығы жұмыстан кетіріп, іштей жылап келе жатқан біреу шығар, мүмкін алаяққа алданған біреу шығар, мүмкін, адал еңбек етіп, айлығын ала алмай жүрген, бала-шағасына қалай тамақ тауып берем деп жүрген кісі шығар… Ал, жастар, сендерде үлкендердің проблемасындай үлкен мәселелердің бірі де жоқ — ата-аналарыңның арқасында тамақтарың тоқ, киімдерің көк…. тек ата-анаң әперген ноутбукпен сабақ оқу…
6. Иә, дұрыс тамақтану, жаттығу, пайдалы ақпарат көру, пайдалы іспен айналысу — денсаулық кепілі. Балаларға, жастарға пайдалы тамақ жеуді, зиянды ас-сулардан, зиянды әдеттерден аулақ болуды бала жастан үйрету де ата-ана мен мектептің ғана емес, мемлекеттің міндеті. Халық денсаулығын көтеру үшін азық-түлік қауіпсіздігін қадағалайтын кез жетті…
Егер мұғалімдер оқушыларға, жастарға анатомия, биология, химияны, адам ағзасындағы биохимиялық реакцияның не екенін дұрыс түсіндіріп оқытса, жастар бұны жақсы түсінер еді… түсінген жас автобуста құлағына құлаққап киіп, қасында тұрған үлкен кісіні көрсе де көрмегенсіп отыра бермес еді… керісінше, жан-жағына мұқият қарап, «үлкен кісі тұрып тұрған жоқ па екен, орын беруім керек» деп, іштей алаңдап отырар еді…
Мен айтқан физикалық аспектілерінен бөлек, моральдық аспектілері өз алдына… Үлкенді сыйлап-құрметтегеннен ешкім кеміп қалмайды… керісінше, үлкеннен алғыс, бата алған жастың жолы ашыла түседі, бағы арта түседі…. осы тәрбиені жастарыңыздың, оқушыларыңыздың, балаларыңыздың құлағына құйып, үйрете беріңіздер…. сонда үлкенге — құрмет кішіге — ізет көрсете білетін, бір-бірін иіліп сыйлап тұратын жапондардай мәдениетті, мейірімді, қайырымды қоғам орнайтын шығар», — деп жазды журналист.