Рамазан айында Газада жағдай қандай болмақ?  - kaz.caravan.kz
  • $ 489.17
  • 576.63
+9 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Ақпан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Рамазан айында Газада жағдай қандай болмақ? 

Рамазан айында Газада жағдай қандай болмақ? 

Палестинада Рамазан айы 18 ақпанда басталды

  • 20 Ақпан
  • 5
ФОТО: ЖИ

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Сәрсенбі күні палестиналықтар Газада сәресіне жиналды. Палестинада Рамазан айы Қазақстаннан бір күн бұрын 18 ақпанда басталды. Қасиетті айда Газадағы жағдай өзгеруі мүмкін бе?

Қазіргі жағдай қандай?

Палестиналықтар Рамазан айының басталуын, қазан айында жарияланған атысты тоқтату келісіміне қарамастан, кең ауқымды қирау мен жаппай қоныс аудару жағдайында қарсы алды. Қасиетті ай гуманитарлық көмектің жеткіліксіздігі мен жалғасып жатқан шиеленіс аясында басталды.

Al Jazeera соғысқа дейін Рамазан дастарқанын молынан жайған отбасылар қазір дала асханалары мен гуманитарлық көмектің үлестірілуіне тәуелді екенін хабарлады. Қазан айында күшіне енген Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату келісіміне сәйкес, күн сайын кемінде 600 жүк көлігі Газaға кіруі тиіс болған, алайда іс жүзінде бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен.

“Уақытша үзіліс болуы мүмкін”

Араб-Израиль қақтығысы ондаған жылдар бойы жалғасып келе жатқан, терең тарихи қайшылықтар мен геосаяси мүдделер тоғысқан күрделі жанжал. Саясаттанушы Руслан Мақсат қазіргі кезеңде аймақта салыстырмалы түрде тыныштық орнағандай көрінгенімен, бұл келесі шиеленіске дейінгі уақытша үзіліс болуы мүмкін екенін атады.

Гуманитарлық себептермен жарияланған бітім ұзақмерзімді шешім емес. Қақтығыстың түпкі себептері жойылған жоқ. Атап айтқанда, радикалды деп танылатын ХАМАС қозғалысының ұстанымы мен Газа секторы халқының ауыр әлеуметтік-экономикалық жағдайы шиеленістің сақталуына ықпал етуде. 2025 жылдың қазан айынан бастап аймақта АҚШ бастамашылық еткен, шартты түрде “Дональд Трамптың бейбітшілік жоспары” деп аталып жүрген 20 тармақтан тұратын жаңа саясат жүзеге асырыла бастады. Бұл жоспарда негізгі мәселелердің бірі — ХАМАС-ты қарусыздандыру. Алайда қозғалыс 2026 жылдың наурыз–сәуір айларына белгіленген мерзімде қаруын тапсыра ма, жоқ па әзірге белгісіз, — деді ол.

Сарапшының пікірінше, егер қарусыздану процесінде нақты ілгерілеу болмаса, Израиль ХАМАС нысандарына нүктелік соққылар жасауы ықтимал.

Жалпы алғанда, Газа мәселесі бойынша бейбітшілік кеңесі құрылып, уақытша жаңа әкімшілік жасақталған, тиісті бюджеттер де бөлінген. Алайда жоспарды толық жүзеге асыру жолындағы басты кедергі ретінде ХАМАС қозғалысы қарастырылып отыр.

Рамазанда не өзгереді?

Ресми түрде атысты тоқтату 2025 жылдың қазан айынан бастап жарияланған. Алайда саясаттанушы қағаз жүзіндегі келісімдер қақтығыс аймағында толық сақталмайтынын тәжірибе көрсетіп отырғанын жеткізді. Соған қарамастан, Руслан Мақсат қасиетті Рамазан айында тараптар шиеленісті ушықтырмауға тырысады деп санайды.

Шиеленісті ушықтырмауға АҚШ президенті саясатының болжап болмайтын сипаты да әсер етеді. Дегенмен тактикалық сипаттағы жекелеген соққылар алмасуы Рамазанға қарамастан болуы мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз, — деді ол.

Сарапшы Рамазан басталған қазіргі сәтте жанжал тараптарының уәжі мен тактикасы әртүрлі екенін жеткізді.

ХАМАС үшін қасиетті айда өзін “құрбан тарап” ретінде көрсету, араб елдерінен қолдауды күшейту және қарусыздану мәселесіндегі позициясын нығайту тиімді болуы мүмкін, — деді ол.

Руслан Мақсат қозғалыстың Израильді арандатуға тырысуы ықтимал екенін айтты.

Ал Израиль үшін басым бағыт — АҚШ ұсынған бейбітшілік жоспарын іске асыру. Өйткені бұл бастама Израиль үшін ұзақ жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселе ХАМАС факторын әлсіретуге мүмкіндік береді. Егер қауіп күшейсе, Израиль нүктелік соққылар жасауы мүмкін. Алайда аймақтағы көрші елдердің наразылығын туғызбау үшін мұндай әрекеттерді барынша шектеулі ауқымда жүргізуге тырысады, — деді ол.

Газадағы гуманитарлық жағдай

Сарапшының айтуынша, Дональд Трамптың көзге көрінетін қадамдарды ұнатуы Газадағы гуманитарлық жағдайға аз-кем ықпал етуі мүмкін.

Трамп Рамазан айында халықаралық БАҚ назарында гуманитарлық көмекті, яғни азық-түлік пен дәрі-дәрмек тиеген жүк көліктерін Газаға жіберуі ықтимал. Күніне 600 жүк көлігі жеткізіледі деген уәде бар, алайда мереке кезінде бұл белгілі бір деңгейде “витриналық” сипат алуы мүмкін, — деді Руслан Мақсат.

Алайда саясаттанушы ХАМАС сектордағы биліктен кеткенге дейін түбегейлі өзгеріс болмайтынын атады.

Қозғалыс Газаға ықпал етіп тұрған жағдайда, аймақта тұрақсыздық пен Израильмен созылмалы қақтығыс сақтала береді, — деді ол.

Аймақ елдері және АҚШ

Руслан Мақсаттан Газадағы жағдайға аймақ елдері қалай ықпал ететінін де сұрадық.  

Аймақ елдерінің ықпалы да уақыт өте әлсіреп келеді. 2023 жылдың қазан айынан бергі соңғы шиеленіс кезеңінде Мысыр мен Қатар бұрынғыдай белсенді рөл атқармай, негізінен келіссөздерде делдал қызметімен шектелді, — деп жауап берді ол.

Саясаттанушының ойынша, қазіргі бастамашыл рөл АҚШ-тың қолында.

Трамп бейбітшілік кеңесі форматы мен тараптармен тікелей келіссөздер арқылы процесті өз бақылауына алуға тырысып отыр. Ал Мысыр шекара қауіпсіздігін бақылау міндетін күшейтуі мүмкін, — деді ол.

Руслан Мақсат қасиетті Газадағы Рамазанды екі айнымалысы бар теңдеуге теңеді.

Бір жағынан, бұл айда тараптар ашық соғысқа барғысы келмейді. Екінші жағынан, кез келген шиеленіс бүкіл араб әлемінде резонанс тудыруы мүмкін, — деді ол.

Дегенмен сарапшының ойынша, АҚШ тарапынан жасалып отырған қатаң қысымды ескерсек, ауқымды эскалация күтілмейді.

Қазіргі жағдайда Трамп бастамашылық етіп отырған бітім процесін бұзу ешбір тарапқа тиімді емес. Ең ықтимал сценарий — “қарулы бейбітшілік”. Яғни ірі әскери операциялар болмайды, бірақ ұсақ қақтығыстар жалғасуы мүмкін. ХАМАС 60 күндік ультиматум мерзімі аяқталғанға дейін жағдайдың өз пайдасына өзгеруінен үміттенеді. Ал егер қарусыздану процесі жоспарға сай жүрмесе, Израиль шешуші кезеңге кезең-кезеңімен дайындалады, — деді Руслан Мақсат.