Оның сөзінше, 2012 жылы Алматыда өткен жарыста қызылордалық спортшы кіші комаға түскен, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Ол 14 жыл бұрынғы оқиғаны Ақарыс Сейтқазыға берген сұхбатында баяндап беріп, үлкен спорттың әр сәті тәуекелге толы екенін, кейде бір ғана әдістің өзі спортшы тағдырына әсер етуі мүмкін екенін айтты.
”Дзюдода бірден тартып жіберсе, өте қауіпті, ұйықтап қаласың. Байқамай да қаласың. 2012 жылы Алматы қаласында ТМД елдері арасында “Еуразиялық ойындар” деген жарыс өтті. Сол кезде 78 келі салмақ дәрежесіндегі қазақ қыз орыс ұлтының қызымен күресті. Сол татамиде ұйықтап кетіп, 8 сағат оянбады. Қызылордалық Назерке деген спортшы болатын. Екеуміз бір бөлмеде жаттық. Ұйықтап қалғасын татамидің сыртына алып кетіп, жедел жәрдемнің ішінде жатты. 8 сағат ұйықтады. Кіші комаға түсіп кетті”, — дейді ол.
Сондай-ақ, ол мансабындағы ең ауыр жарақатына да тоқталды.
”Енді ересектерге ауысқан кезде 2018 жылы Қазақстан чемпионатынан орын алдым. Сол кезде иығым ойнамалы болып 3-4 рет шығып кетті. Дәрігерлермен сөйлестім, олар “Оңалту шараларынан өту керек деді. Тағы бір шығатын болса, ота жасатасың” деді. 2 ай бойы дайындалып, оңалту шараларынан өттім. Содан кейін жарысқа шыққанымда алғашқы белдесуде қайтадан иығым шығып кетті. 10 минуттан кейін иығым қайта орнына түсті. Бірақ, бұлшық еттері жыртылып кетті. Кейін Ресейде ота жасаттым. Барлық шығынды федерация көтерді”, — дейді ол.
Камила Берліқаш — дзюдодан Қазақстан құрамасының мүшесі, Grand Slam турнирлерінің бірнеше дүркін жүлдегері.
Еске сала кетейік, бірер күн бұрын Қарағандыда өткен ережесіз жекпе-жек турнирінде де ауыр жағдай тіркелді. 18 жастағы спортшы қатты соққы алғаннан кейін комаға түскен. Октогоннан ес-түссіз күйде шығарылған спортшыға ауыр ота жасалды.