Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан су шаруашылығы инфрақұрылымын кеңейтуге дайындалып жатыр: Су ресурстары және ирригация министрлігі елдің әртүрлі аймақтарында бес жаңа су қоймасын салу жобаларын әзірлеуде. Бұл нысандар сумен жабдықтауды арттырады, ауыл шаруашылығын қолдайды және трансшекаралық өзендерге тәуелділікті азайтады деп күтілуде.
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов ведомствоның елдегі су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндады.
Вице-министрдің мәліметі бойынша, 2025 жылы министрлік жалпы саны 147 инфрақұрылымдық жобаны іске асырды. Оның ішінде 53 жоба аяқталды. Атап айтқанда, ұзындығы 677 шақырым болатын ирригация жүйесі жаңғыртылып, 4 су қоймасы реконструкцияланды, сондай-ақ 15 топтық су құбыры салынды және жөнделді.
Қазіргі уақытта Түркістан облысында жалпы сыйымдылығы 69,1 млн текше метр болатын екі су қоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары биыл аяқталады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар Абай облысында екі, Жетісу, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында бір-бірден бес су қоймасының құрылысына арналған жобалар әзірленіп жатыр.
Бұдан бөлек, Жамбыл облысында екі, Ақмола, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында бір-бірден бес су қоймасы бойынша жобалар дайындалды.
Былтыр Түркістан облысындағы Қапшағай су қоймасында, Батыс Қазақстан облысындағы Киров су қоймасында, Абай облысындағы Шар су қоймасында, Жетісу облысындағы Қызылағаш су қоймасында және Қостанай облысындағы «Албарбөгет» бөгетінде күрделі реконструкциялау жұмыстары жүзеге асырылды. Жамбыл облысында үш және Шығыс Қазақстан облысында екі су қоймасын реконструкциялау бойынша бес жоба әзірленді. Сонымен қатар тағы 13 су қоймасын реконструкциялау бойынша жобалар әзірлеу жұмыстары жалғасып жатыр.
2026 жылдың басына қарай Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп іске асырылған 46 жоба бойынша жұмыстар аяқталды. Ұзындығы 502 шақырым болатынканал қайта жаңғыртылды. Сондай-ақ Ислам даму банкінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан 9 жоба аясында жоспарланған 635 шақырым каналдың шамамен 600 шақырымы реконструкцияланды.
Бұдан бөлек, 2025 жылы Ислам даму банкімен бірлесіп каналдарды реконструкциялауға арналған 96 жоба және су қоймаларын салу мен реконструкциялау бойынша 5 жоба әзірленді. Ал Азия даму банкімен ынтымақтастық туралы меморандум аясында Ақмола облысында Есіл контрреттегішін салу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, Дүниежүзілік банкпен бірге Солтүстік Арал теңізінің көлемін ұлғайтуға бағытталған жоба дайындалды. Бұл жоба Арал-Сырдария бассейніндегі су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғыртуды көздейді. Сонымен қатар Қ.Сәтбаев атындағы каналдағы 19 сорғы агрегатын жаңғырту жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта бесеуі орнатылып жатыр.
Былтырдың қорытындысы бойынша министрлік жоспарланған 9 жобаның орнына топтық су құбырларын реконструкциялау және модернизациялау бойынша 15 жобаны аяқтады. Соның нәтижесінде 514 мың адам тұратын 277 елді мекенде орталықтандырылған ауызсу жүйесі қамтамасыз етіліп, сапасы жақсартылды.
Олардың ішінде 73 елді мекен немесе 115,5 мың тұрғын бұған дейін орталықтандырылған ауызсуға қол жеткізе алмаған.
Биыл 12 жобаны аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл 142 ауылдық елді мекенді немесе шамамен 540 мың адамды сапалы ауызсумен қамтуға мүмкіндік береді.
«Қазсушар» РМК-ның материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында министрлік 757 арнайы техника сатып алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта кәсіпорын филиалдарына 576 техника жеткізілді.
Соның нәтижесінде былтыр ұзындығы 1840 шақырым болатын канал механикалық жолмен тазартылды.
Қазіргі таңда су ресурстарын тиімді басқару, гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті сенімді сумен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы шараларды іске асыру нәтижесінде 2,6 млрд текше метр еріген және тасқын суды қосымша жинақтау, 295 мың гектар жаңа суармалы жерді айналымға енгізу, трансшекаралық су ресурстарына тәуелділікті 15%-ға төмендету және ирригация каналдарындағы су шығынын 47%-дан 35%-ға дейін қысқарту қамтамасыз етіледі, – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.