Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Ол “Massaget Tv” YouTube арнасына берген сұхбатында елімізде 1,5 миллион адам несиесін өтей алмай отырғанын айтты.
”Қазақстанда несиеге тәуелділік қауіпті деңгейде. Кейінгі жылдары Ұлттық банктен бөлініп шыққан қаржыны қадағалау агенттігінің есептерін көрдім, өткізген конференцияларына да қатыстым. Олардың дабыл қағып жатқанына 3 жыл болды. Бізде халықты несиелендіру дәрежесі шектен шығыпты. 8,5 миллион халықтың мойнында несие бар. Оның 1,5 миллион халық несиесін қайтара алмай, 90 күннен кешіктірген. Бұл — қоғамдағы өте үлкен дерт. Мәселе ушығып бара жатыр. Олардың қайтармаған сомасының көлемі 1 трлн теңгеден асады деген мәліметтер бар. Ол ақшалар қайтпай қалса қаржылық секторға үлкен салмақ. Біраз банктер банкрот болайын деп тұр. Кейбір адамдар “халықты қарызға батырып жатқан мекеме банкрот болса болсын” деуі мүмкін Бірақ бұл жерде үлкен мәселе бар. Себебі, қоғамда қаржы айналымын ретке келтіретін банктен жақсы институт жоқ. Егер, бар болса, біз соған көше салатын едік. Экономист ретінде ең негізгі мен көріп тұрған дүние: Ұлттық банктің базалық пайыздық мөлшерлемесін 18%. Демек, 18%-дан төмен несие берілмейді. Біз осыны төмендетудің жолдарын қарастыруымыз керек. Ол үшін елде инфляция деңгейі түсу керек. Инфляция деңгейі қазіргідей 12-13% емес, 4-5%-ға дейін түсетін болса, базалық пайыз да төмендейді. 7%-ға дейін төмендеу мүмкіндігі бар. Демек, ең төменгі пайыздағы несие 7% болады деген сөз. Олай болса, екінші деңгейлі банктердің кез келгенінен ипотекалық несиені 8-9% ала аласыз. Ол жалпы дұрыс ақша саясатының жемісі болатын еді. Бізге осындай негізгі қадамдар жасау керек”, — дейді ол.
Экономист халықты несие алмай, ақшаны мақсатты түрде жинауға шақырып, үндеу жасады.
”Несиенің жоғарғы шегі бар. Заң бойынша 56%-ға дейін рұқсат. Тиісінше, сіз 1 миллион теңге тұтынушылық несие алдыңыз делік. Қаржы менеджерлері 14% немесе 20% тиімді несие алып тұрсыз дейді. Шын мәнінде жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемесіне үңілетін болсаңыз, ол 27%-дан басталып, 50%-ға дейін баруы мүмкін. 1 миллион теңге алсаңыз, әр жыл сайын үстіне 500 мың теңге төлейсіз. Бізде пайыздар өте жоғары. Ондай пайыздармен несиені мүлде алуға болмайды. Сондықтан халыққа айтқым келеді, несиені ондай пайыздармен алмаңыздар. Қанша жерден бір затты қалап тұрсаңыз да, сол нәрсеге ақшаны мақсатты түрде жинаңыз. Сол кезде әлдеқайда үнемдейсіз, болашағыңыздың табысын жемейсіз”, — дейді Мақсат Халық.