Әлемдегі саяси ахуал барған сайын қиындап барады. Бірнеше уақыт бұрын саясаттанушы Владимир Жириновский айтып кеткен өткір болжамдар, оның ішінде Таяу шығыстағы қақтығыстар туралы пікірлер бүгін шындыққа айналып жатыр. Алда не болады? Қазақстанға әсері қандай? Caravan.kz медиа порталының тілшісі сарапшылардың ойын саралап көрді.
Соғыс бір күнде басталмады
Владимир Жириновский көзі тірісінде Таяу шығыстағы болашақ әскери қақтығыстар туралы бірқатар болжамдар айтқан.
«Израиль Иранға соққы береді. Иран жауап береді. АҚШ пен НАТО араласады. Иран берілмейді, Қытай да араласады. Мұнай бағасы шарықтайды. Кейін ядролық қару қолданылады. Бұл — үшінші дүниежүзілік соғыстың басталуы», — деген еді.
Жалпы қазіргі қақтығыстың тамыры тереңде жатыр. Иран мен Израиль арасындағы текетірес 1979 жылғы Ислам революциясынан кейін басталды. Сол кезде билікке келген аятоллалар Израильді заңсыз мемлекет деп жариялады. Содан бері екі ел бір-біріне қарсы өмір сүріп келеді. Бірақ ашық соғысқа дейін жеткен жоқ. Оның орнына «көлеңкелі соғыс» жүрді.
Иран Израильге қарсы «Хезболла», «Хамас» сияқты прокси топтарды қолдады. Ал Израиль Иранның әскери және ядролық бағдарламасын тоқтатуға тырысып, зертханаларын бомбалап, ғалымдарын жойып отырды. Ашық соғыс жоқ, бірақ тыныштық та болмады.
2025 жылдың соңында жағдай күрт шиеленісті. Израиль Иранға бағытталған «Көтерілген арыстан» әскери операциясын бастады. Соққылар келесі нысандарға тиді:
- Тегеран мен Нетенздегі ядролық объектілер;
- КСИР (Иран Ислам революциясы сақшылары корпусы) базалары;
- ӘШҚҚ (ПВО) жүйелері және стратегиялық әскери инфрақұрылым.
Израиль бұл әрекетті ядролық қауіптің алдын алу деп түсіндірді. Аятолла Әли Хаменеи халыққа үндеу жасап:
«Біз өз жерімізді қорғаймыз. Армияға толық еркіндік берілді» — деді.
ХАМАС Иранды қолдайтынын ашық айтты. Бұл Иран-Израиль соғысы Таяу Шығыс бойынша кең ауқымды қақтығысқа ұласуы мүмкін екенін көрсеткен еді. Биыл жағдай ушыға түсті. Саясаттанушылар бұны соғыстың екінші кезеңі деп бағалап отыр.
28 ақпанда АҚШ қолдауына сүйенген Израиль Иранға сойқын соққы жасады. Жүзден астам жойғыш ұшақ Иран әуе кеңістігіне кіріп, Тегерандағы билік ғимараттарын, әскери казармаларды және зертханаларды бомбалады. Израиль тарапы бұл әрекеттердің тек «Аятолла режиміне» қарсы бағытталғанын айтып, парсы халқына:
«Өз биліктеріңді құлатыңдар, көшеге шығыңдар», – деп үндеу тастады.
Түс кезінде Иран жауап берді. Израиль аумағына зымырандар атылды. Бұдан кейін Ирак, Катар, Біріккен Араб Әмірліктеріне, яғни қай жерде АҚШ-тың әскери базалары бар, сол нысандардың бәрі соққыға ұшырады.
Бұл жолы бәрі өзгеше. Бұл бұрынғыдай бір-екі күндік әскери операция емес. Бұл – ашық соғыс.
Негізгі мәселе – ядролық қару
Израиль соңғы 30 жыл бойы Иран ядролық қару жасауға жақындап қалды деп мәлімдеп келеді. Бірақ нақты дәлелдер мәселесі әрқашан даулы болып отыр. Ең қызығы, Израильдің өзінде жүздеген ядролық оқтұмсық бар екені әлемге белгілі. Бірақ бұл халықаралық деңгейде дәл сондай алаңдаушылық тудырмайды.
Журналист Нұрбек Бекбаудың пікірінше, бұл жерде тек екі ел ғана емес, үлкен державалардың да мүддесі бар.
«АҚШ — Израильдің негізгі одақтасы. Сонымен қатар, Иран соңғы жылдары Ресей және Қытаймен тығыз байланыс орнатты. Бұл Вашингтонға ұнамайды. Сондықтан бұл қақтығыс үлкен шахмат тақтасындағы күрделі партия. Әр ойыншы өз мүддесін қорғап отыр», — деп пікір білдірді журналист.
Мұнай — соғыстың басты факторы
Таяу Шығыс — әлемдегі ең ірі мұнай өңірлерінің бірі. АҚШ-тың Энергетикалық ақпарат басқармасының мәліметінше, Ормуз бұғазынан күніне орта есеппен 20 млн баррель мұнай өтеді. Демек, жылына 600 млрд баррель мұнай деген сөз. Бұғаз маңындағы кез келген қақтығыс әлемдегі мұнай бағасын бірден шарықтатып жібермек. Қақтығыс басталған сәттен кейін, мұнай бағасы 5 пайызға көтерілді.
«Ал Ормуз бұғазы жабылса, мұнайдың бағасы кемі 120-130 доллар болмақ» — дейді қаржыгерлер.
Бұл тек энергетикаға ғана емес, бүкіл әлем экономикасына әсер етеді.
Қазақстан үшін бұл екі жақты жағдай:
- мұнай қымбаттаса, бюджет кірісі артады;
- бірақ жаһандық тұрақсыздық экономикалық қысым әкеледі.
Иранның стратегиясы
Иран бірнеше рет егер оның аумағына соққы жасалса, жауап болады деп ескерткен. Бұл жаңа нәрсе емес. 2020 жылы Касем Сулеймани өлтірілгеннен кейін Иран Ирактағы америкалық базаға соққы жасаған. Қазір де сол логика қайталанып отыр. Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері және Иорданиядағы америкалық нысандардың соққыға ұшырауы – осының дәлелі.
Неге дәл осы елдер?
Бұл елдердің барлығы АҚШ-тың аймақтағы әскери инфрақұрылымының негізгі тірек нүктелері:
- Бахрейн — теңіздегі бақылау орталығы
- БАӘ — әуе базалары мен логистикалық хаб
- Иордания — құрлықтағы операциялар үшін маңызды аймақ
Иранның логикасы қарапайым:
«Егер сенің жерің біздің қарсыластарымызға қызмет етсе — сен де нысанасың».
Тарих қайталанып жатыр
Бұл тактика бұрын да қолданылған. 1980-жылдары Иран танкерлерге шабуыл жасап, Ормуз бұғазын бұғаттауға тырысқан. 2000-жылдардан кейін Иран «Хезболладан» бастап Йемендегі хуситтерге дейін «қарсылық осін» құрды. 2020 жылғы Авраам келісімдері мен араб елдерінің Израильмен жақындасуы Тегеран үшін қауіп ретінде қабылданды.
Бүгінгі соғыс — осы ұзақ стратегияның жалғасы.
Дубай және аймақ экономикасы
Иран жасаған соққыдан Дубайдағы бірқатар танымал нысандар да зардап шекті. Аймақтағы оқиғаларды Euronews тілшілері бақылап отыр. Хабарларға сәйкес, Дубай халықаралық әуежайына дрон соғылып, нәтижесінде адамдар эвакуацияланды. Бұдан бөлек, жексенбі күні таңертең әуежайға екінші рет шабуыл жасалып, қала үстінде қара түтін көтерілді.
Сондай-ақ, бір күн бұрын кешке Абу-Дабидегі Заид халықаралық әуежайы шабуылға ұшырап, салдарынан бір адам қаза тауып, тағы төрт адам ауыр жарақат алған.
Дубайдағы бірқатар танымал нысандар да зардап шекті. Burj Al Arab қонақүйіне соққы тиіп, ғимаратта өрт шыққан. Адамдар эвакуацияланып, кейін қайта кіргізілді, өрт бақылауға алынды.
Джебель Али портына да сынықтар құлап, салдарынан жексенбі таңына дейін жалғасқан өрт шыққан.
Euronews тілшілері Дубайдағы үрейлі тыныштықты сипаттады. Қала тұрғындары мен туристер бұл жағдайға дайын болмаған. Өткен түні олардың көпшілігі жарылыстар арасындағы үзілісте аз да болса демалу үшін ғимараттарының жерасты автотұрақтарына түсіп, төселген матрастарда паналаған.
Жексенбі күні Әмірліктердің Қорғаныс министрлігі кейбір статистикалық мәліметтерді жариялап, БАӘ аумағына бағытталған 136 баллистикалық зымыран мен 209 ұшқышсыз ұшу аппаратын сәтті түрде әуеде жойғанын мәлімдеді.
Аймақтағы тұрақсыздық Дубай сияқты ірі қаржы және логистикалық орталықтарға әсер етеді. Атап айтқанда, инвестициялар азаюы мүмкін, қауіпсіздік тәуекелдері өседі, туризм әлсірейді.
Сарапшылар не дейді?
Шығыстанушы Жанат Момынқұлов былай дейді:
«Ирандағы аласапыран Таяу Шығыстың қауіпсіздік жағдайын емес, жаһандық саясатқа, оның ішінде Орталық Азия, Оңтүстік Азия, Кавказ елдеріне де әсері бар. Мысалы бізге мұнай бағасының қысқа не ұзақ мерзімде өсуі мүмкін. Сонымен қоса геосаяси ахуал белгілі бір қысымдарды алып келуі мүмкін. Жалпы бұл конфликт бұрыннан пісіп жетіліп келе жатқан, міндетті түрде болуы керек еді. Былтыр АҚШ пен Израиль Иранның прокси күштерін, ядролық нысандарды, инфрақұрылымды соққылап, біраз әлсіреткен еді. Енді сол соғыстың екінші кезеңіне аяқ басты. Рухани көшбасшы Али Хаменейдің өлтірілуі үлкен сигнал, алайда Иранның жеке мәдени сенімдеріне байланысты олар кек алу, құрбандыққа шалу бойынша алдына жан салмайтын ел. Империялық тарихы бар ел. Сондықтан Иран қазір үлкен геосаяси трансформацияның алдында тұр деп айта аламыз. Израиль мен АҚШ-тың қысымынан режим ауысуы мүмкін. Осы режим ауысады ма, әлде түбі соғысқа алып келеді ме, оны айта алмаймыз. Бірақ негізгі мақсат — Иранның басқару жүйесіне соққы жасап, хаос жағдайына жеткізу».
Саясаттанушы Асхат Қасенғали:
«Ормуз бұғазының бұғатталуы қақтығысқа өзге де тараптарды араласуға итермелеуі ықтимал. Иран бұғазды жабу үшін бірнеше әрекетті іске асыруы мүмкін: кемелерді тексеруді күшейту, ескерту ретінде оқ ату, жекелеген кемелерді тәркілеу, теңіз миналарын орналастыру. Бірақ бұл Иранның өзіне де экономикалық соққы болады. Себебі Қытай мұнайды дәл осы бағыт арқылы алады».
Әскери сарапшы Ермек Сейтбатталов:
«АҚШ-тың оқ-дәрілері 10–15 күнге жетеді. Сондықтан олар қысқа мерзімде негізгі мақсаттарын орындауға тырысады. Израильдің мақсаты — Ирандағы режимді өзгерту. Ал АҚШ үшін басты мақсат — ядролық бағдарламаны тоқтату және мұнай ағындарын бақылау».
Қазақстанның позициясы
Сарапшылардың пікірінше, болып жатқан қақтығыстардың салдарынан Орталық Азияға қысым күшеюі мүмкін.
«Қазақстан соңғы уақытта шынайы дипломатиялық ойыншы ретінде қалыптасып келеді. Оны «Ибраһим келісімі», Трамптың бейбітшілік кеңесіне кіру арқылы көре аламыз. Қасым-Жомарт Тоқаев бәрін алдын ала жасап отыр. Алдағы кезде Орталық Азияда тәуекелдер артады, осы кезде бейтарап позицияны ұстағанымыз дұрыс», — дейді шығыстанушы.
Саясаттанушылардың ойынша, қазір әлем халықаралық саясаттың жаңа фазасына өтті. Орталық Азия әлемнің белсенді бір элементіне айналып келе жатыр. Сондықтан бейтараптық — ең дұрыс стратегия дейді сарапшылар.
Бұл қақтығысты әзірге Үшінші дүниежүзілік соғыс деп атау ерте. Бірақ қауіп өте жоғары. Әлем жаңа геосаяси кезеңге өтті. Бұл кезеңде кез келген аймақтық соғыс — жаһандық дағдарысқа айналуы мүмкін.