Сондықтан археологтар мен тарихшылар қазақ даласындағы күрделі әлеуметтік және рулық құрылымның қалай қалыптасқанын ұзақ уақыттан бері зерттеп келеді. Алайда бұл сұраққа әлі толық әрі нақты жауап табылған жоқ.
Енді бұл зерттеулерге Алматыдағы Генетика және физиология институтының, Өскемендегі «Білім-Инновация» лицейінің және Канаданың Виннипег университетінің ғалымдары қосылды. Олар бұл мәселені сенімді дереккөз — қазіргі адамдардың ДНҚ-сы арқылы зерттеп көрмек. Y-хромосомаға жүргізілген ең ірі зерттеулердің бірі қазақтардың шығу тегі туралы көптен бері қойылып жүрген сұрақтарға жауап беруге мүмкіндік берді.
Жүздеген ер адамның қаны зерттелді
Ғалымдар үш жүздің (Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз) 24 руынан шыққан 1171 ер адамның ДНҚ-сын талдады. Сонымен қатар «ақсүйек» саналатын қожа мен төре әулеттерінің өкілдері де зерттеуге қатысты. Зерттеуге қатысқан барлық адамдар — жеті атасын білетін этникалық қазақтар.
Зерттеу Y-хромосомаға бағытталды. Бұл хромосома әкеден балаға тек ер адамдар арқылы берілетіндіктен, оны белгілі бір рудың генетикалық шежіресі деуге болады.
Зерттеу барысында 20 гаплогруппаға біріктірілген 577 түрлі гаплотип анықталды. Оның 16-сы SNP-талдау арқылы қосымша тексеріліп, шығу тегі нақтырақ анықталды.
Зерттеудің басты нәтижесі — зерттелген ер адамдардың 51,9 пайызы C2-M217 гаплогруппасына жататыны белгілі болды.
Бұл гаплогруппа барлық қазақ руларының арасында кездеседі, бірақ оның таралуы біркелкі емес. Қазақстанның оңтүстігі мен батысында ол айқын басым. Кейбір руларда бұл көрсеткіш 70 пайызға жетсе, жекелеген топтарда тіпті 100 пайызға дейін байқалған.
Қызығы, C2-M217 гаплогруппасының таралу картасы XIII ғасырдағы моңғол шапқыншылығының бағыттарымен және Ұлы Жібек жолының негізгі тармақтарымен сәйкес келеді.
Алайда Мантель статистикалық тесті генетикалық қашықтық пен географиялық қашықтық арасында тікелей байланыс бар екенін көрсетпеді. Яғни бір жерде туған адамдар міндетті түрде генетикалық тұрғыдан жақын бола бермейді.
Бір ағаштың үш бұтағы
Құрылымдық талдау C2-M217 гаплогруппасының ішінде кем дегенде үш ірі тармақ бар екенін көрсетті. Оның біреуі Кіші жүз рулары арасында басым болса, екіншісі Орта жүзде, үшіншісі Ұлы жүзде жиі кездеседі.
Бұл барлық қазақтар бір ғана ортақ атадан тараған деген түсінік толық дұрыс емес екенін білдіреді. Яғни әр кезеңде өмір сүрген бірнеше ата-бабаның еркек сызығы уақыт өте келе жеке тармақтарға бөлініп кеткен.
Сонымен қатар генетикалық айырмашылықтың шамамен:
- 10 пайызы жүздердің айырмашылығымен,
- 20 пайызы жүз ішіндегі рулар арасындағы айырмашылықпен байланысты.
Ал қалған 70 пайыздан астамы бір рудың ішіндегі адамдардың өзара айырмашылығына тиесілі.
Бұл маңызды қорытынды. Өйткені ол жүздер арасында қатаң генетикалық шекара жоқ екенін көрсетеді.
Генетикалық «визит карточкалар»
Кейбір рулардың өзіне тән генетикалық ерекшеліктері бар.
Мысалы:
- найман руының жартысынан астамында O2-M122 гаплогруппасы кездеседі;
- арғын руында G1-M285 гаплогруппасы басым;
- көптеген қаңлы өкілдерінде Q гаплогруппасы байқалады.
Жалпы гаплотиптік әртүрлілік өте жоғары — арнайы индекс бойынша 0,99. Бұл қазақ руларының ер адамдар арқылы жалғасқан генетикалық желілерінің өте көне әрі көп тармақты екенін көрсетеді.
Сонымен қатар бір қызық жайт бар. Жалпы генетикалық әртүрлілік жоғары болғанымен, маркерлер жиынтығының айырмашылықты анықтау қабілеті небәрі 55 пайызды құрады. Яғни көптеген ер адамдардың гаплотиптері бір-бірімен сәйкес келеді.
Ғалымдардың пікірінше, бұл ежелгі патрилиниялық жүйемен байланысты болуы мүмкін. Яғни ірі рулар ер адамдардың ұрпақ желісі арқылы ғасырлар бойы сақталып отырған.
Бұл зерттеу нені көрсетеді?
Зерттеу нәтижелері бірнеше маңызды тұжырым жасауға мүмкіндік берді:
- қазақ руларының көпшілігінің шығу тегі терең әрі әртүрлі, яғни олар бірнеше ата-бабадан тараған;
- кейбір рулардың нақты негізін қалаған ата-бабалары болған, олар бірнеше жүз жыл бұрын өмір сүрген;
- жүздер генетикалық тұрғыдан бір-бірімен тығыз байланысты, олардың айырмашылығы жекелеген рулар арасындағы айырмашылықтан да аз.
Әрине, бұл зерттеулер мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақытта C2-M217 гаплогруппасының тармақтарын тереңірек зерттеп, оларды Азияның басқа халықтарының генетикалық деректерімен салыстыру қажет.