Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндады.
Министрдің айтуынша, саланы жандандыру үшін құрылысты қаржыландыру, дайын пәтерлерді сатып алу, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және қолжетімді ипотекалық құралдарды кеңейту бойынша кешенді шаралар іске асырылып жатыр.
Былтыр осы бағдарламалар аясында 218 миллиард теңгеге 14,5 мың жалдамалы пәтер сатып алынып, олар тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілген. Сонымен қатар 14 мыңнан астам кредиттік тұрғын үйді салу мен сатып алуға 140 миллиард теңге бөлінді.
Бұдан бөлек, 10,5 мың жер учаскесіне инженерлік желілер тартылған. Ал 68 миллиард теңгеге 2 және 5 пайыздық мөлшерлемемен 5 мыңнан астам жеңілдетілген ипотекалық несие берілді, — деді ведомство басшысы.
Министрдің мәліметінше, «Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» бағдарламалары аясында да тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жүргізіліп, 233 миллиард теңгеге 8,6 мың несие берілген.
Биыл жергілікті атқарушы органдардың бағалы қағаздарын сатып алу арқылы шамамен 11,5 мың кредиттік тұрғын үй салу мен сатып алуға 155 миллиард теңге бағыттау, сондай-ақ 18,2 мың жеңілдетілген ипотекалық несие беру жоспарланып отыр, — деп айтты Нағаспаев.
Сонымен қатар биылдан бастап жалға берілетін тұрғын үйді сатып алу және инженерлік инфрақұрылым тартуды қаржыландыру өңірлер мен жергілікті бюджеттерге берілген жалпы сипаттағы трансферттер есебінен жүзеге асырылады. Осыған байланысты министр өңір әкімдіктеріне аталған бағыт бойынша жеткілікті қаржыландыруды алдын ала пысықтауды тапсырды.