Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ресей президентінің арнайы өкілі Кирилл Дмитриевтің РИА Новости агенттігіне берген мәлімдемесіне сәйкес, мұнай бағасы алдағы бірнеше аптада барреліне 150 доллардан асуы мүмкін.
«Қазіргі уақытта біз алдағы 2-3 аптада барреліне 150 долларға және одан да жоғары деңгейге жету жолындамыз. Себебі мұнай жеткізіліміндегі кідірістер логистикаға ғана емес, сонымен қатар өндірістің өзіне де әсер етіп жатыр», — деп жазды Дмитриев Х әлеуметтік желісінде.
Осылайша Ресей тікелей инвестициялар қорының басшысы Wall Street Journal газеті жариялаған америкалық мұнай компаниялары басшыларының мәлімдемесіне түсініктеме берді. Мақалада компания басшылары АҚШ билігін Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстан туындаған энергетикалық дағдарыстың күшеюі мүмкін екендігі туралы ескерткен.
28 ақпанда АҚШ пен Израиль Тегеранды қоса алғанда, Ирандағы нысандарға шабуыл жасай бастады, салдарынан ғимараттарға залал келіп, бейбіт тұрғындар көз жұмғаны туралы хабарламалар тарады. Иран Израиль аумағына, сондай-ақ Таяу Шығыстағы АҚШ-тың әскери нысандарына жауап ретінде шабуыл жасап жатыр.
Иран төңірегіндегі шиеленіс Парсы шығанағы елдерінен әлемдік нарыққа мұнай мен сұйытылған табиғи газ жеткізудің негізгі бағыты болып табылатын Ормуз бұғазының бұғатталуына әкеліп, аймақтағы мұнай экспорты мен өндіріс деңгейіне әсер етті.