Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Көлік министрлігі ақылы жолдарымен жүру ақысын төлеу тәртібіне өзгерістер енгізді.
Тиісті бұйрыққа қол қойылды.
«Жаңа өзгерістер ақылы жолдарды пайдаланушылар үшін төлем жасау тәртібін жеңілдетіп, икемдірек етуге бағытталған. Сондай-ақ жолақысын уақытында төлемегені үшін жүргізушілердің әкімшілік жауапкершілікке тартылу жағдайларын азайту көзделіп отыр», — дейді министрлікте.
Бұған дейін қолданыста болған нормаға сәйкес, жүргізуші жолақысын жеті күнтізбелік күн ішінде төлемеген жағдайда, сегізінші күні материалдар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне сәйкес қарау үшін көліктік бақылау органдарына жіберілетін.
Енді жаңа тәртіп бойынша, егер жеке тұлға жол жүрген күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде төлем жасамаса, материалдар 31-ші күні заңнамада белгіленген тәртіппен көліктік бақылау органдарына жолданады.
«Сонымен қатар алғаш рет жеке және заңды тұлғалар үшін бөлек тәртіп енгізіліп отыр. Егер заңды тұлға есепті айдан кейінгі айдың 20-сына дейін төлем жасамаса, материалдар келесі күні көліктік бақылау органдарына жіберіледі», — деп жазылған хабарламада.
Аталған өзгерістер республикалық маңызы бар ақылы жол учаскелерімен жүргені үшін төлем жасауға жүргізушілерге қосымша уақыт береді.
Қол қойылған бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.