Қауіпті жігітінен құтылмақ болған әйел кездесуге пышақ алып барған: іс сотта қаралды - kaz.caravan.kz
  • $ 486.2
  • 557.82
+8 °C
Алматы
2026 Жыл
17 Наурыз
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қауіпті жігітінен құтылмақ болған әйел кездесуге пышақ алып барған: іс сотта қаралды

Қауіпті жігітінен құтылмақ болған әйел кездесуге пышақ алып барған: іс сотта қаралды

Павлодар облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 1993 жылы туған Екібастұз қаласының тұрғыны Алена В-ның ісін қарады

  • 17 Наурыз
  • 4
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Тергеу материалдарына сәйкес, әйел Григорий есімді ер адаммен төрт жыл бұрын танысқан. Екеуі бірге тұрған, ал тұрмыстық шығындардың басым бөлігін Алена көтерген. Ол тіпті жігітінің атына несие де рәсімдеген. Кейін Григорий жұмысқа тұрғанымен, ішімдікке салынуы салдарынан жұмыстан шығарылған.

Осыдан кейін олардың арасында жанжал жиілеген. Алена дүкен немесе кафеге жұмысқа тұрған кездерде Григорий оның жұмыс орнынан ақша немесе зат ұрлап, соның кесірінен әйел де жұмысынан айырылып отырған. Кейін ер адам оған қол көтере бастаған. Алена бірнеше рет полиция шақырған. Алайда Григорий кешірім сұрап, егер айырылысса, өзіне қол жұмсайтынын айтып қорқытқан.

Ақыры әйел ата-анасының үйіне көшіп кетіп, оны үйден қуып шыққан.

2025 жылғы 28 қазанда Григорий телефон арқылы хабарласып, кездесуді талап еткен. Алена кездесуге өз қауіпсіздігі үшін пышақ ала барғанын айтқан. Оның сөзінше, пышақты тек қорғану мақсатында, өзін ұрып жібермеуі үшін алған.

Кездесу кезінде Григорий мас күйде болған. Олар аялдама маңында сөйлескен. Ер адам әйелден неге одан қашып жүргенін сұраған. Алена олардың айырылысқанын және қайта қосылмайтынын айтқан. Сол кезде ер адам оны басқа біреуді таптың деп айыптаған.

Ол әйелді итеріп, ешқайда жібермейтінін, үйін өртеп, қызын өлтіретінін айтып қорқытқан. Әйелдің айтуынша, сол сәтте ер адам оған қарай ұмтылған. Алена қолындағы пышақты рефлекстік түрде оңнан солға қарай сермеп қалған. Тіпті пышақтың денесіне кіргенін де сезбегенін айтқан.

Ер адам «сен менің жүрегіме тидің» деп айтып, біраз жер жүргеннен кейін құлап қалған. Әйел кері бұрылып қарағанда оның жерге құлағанын көріп, қатты күйзеліске түскен.

Сот-медициналық сараптамаға сәйкес, өлімге кеуде тұсының сол жағынан салынған, өкпе мен жүрек қабына зақым келтірген терең пышақ жарақаты себеп болған.

Сот әйелді қасақана адам өлтірді деп танып, оны 8 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сондай-ақ марқұмның туыстары моральдық өтемақы ретінде 20 миллион теңге талап еткен. Сот бұл талапты ішінара қанағаттандырып, сотталушыға 3 миллион теңге төлеуді міндеттеді.

Сотталған әйелдің кәмелетке толмаған баласына бұрыннан бері оның анасы (баланың әжесі) қамқоршы болып тағайындалған.