Белгілі қазақстандық файтер әрі актер Еркебұлан Тоқтар лудоманияға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталының тілшісі.
Қазақстандық ММА шебері Еркебұлан Тоқтар Ереванда өткен Hype FC 28 турнирінде қырғызстандық Марсель Нұрланбек уулудан жеңіліп қалған еді. Жекпе-жектен кейін спортшы үзіліс алатынын мәлімдеген. Қазір шетелде демалып жатыр. Дегенмен, жеңілістен соң әлеуметтік желілерде оның жеңісіне бәс тіккен адамдар ақша ұтылғандарын жазған хабарламалар жібере бастаған. Осыған байланысты спортшы Instagram парақшасында барлық лудомандарға видеоүндеу жасады.
«Лудоман болғандарың менің мәселем емес, сендердің проблемаларың. Ол тығырықтан алып шығатын мен емес, өмір өзі алып шығады, менің басымнан өткен. Сендердің қателіктерің әлі алда, қанша рет үлкен ақша әлі саласыңдар, тігесіңдер, сосын бір күні өкініп, түсінесіңдер. Енді қоямын, енді жоламаймын деген түсінік келгенде қоясыңдар», — деді спортшы.
Ол сонымен қатар бәс тігуді әдетке айналдырған адамдарға өз жауапкершілігін түсінуді ескертті.
«Лудоман болғандарың үшін отырып алып мемлекетті, кеңселерді, лигаларды немесе спортшылардың сыйақыларын кінәлаудың қажеті жоқ. Барлығына өздерің кінәлісіңдер. Менің тапқан ақшамның артында екі айлық жаттығу, диета, екі рет 15 кг салмақты азайту, тер мен уақыт жатыр. Сендердің 1000–2000 теңге сияқты жеңіл ақшаларыңнан келген жоқ. Сондықтан қарыздарыңды менен іздемеңдер. Оңай жерде ақша жоқ, ақша деген қара термен келеді», — деді ол.
Ол лудоманияның қауіпті екеніне тоқталып өтті.
«Бұл әдет ешқашан жақсылыққа апармайды. Мен қанша рет айттым, басымнан өткен оқиғалармен бөлістім. Соны түсінетін сана болмаса, басқаларға кінә артудың қажеті жоқ», — деп түйіндеді ойын спортшы.